
Ерболат Заманбекұлы Шалдыбеков — 1977 жылы 5 мамырда Алматы облысы, Ұйғыр ауданына қарасты Ақтам ауылында дүниеге келген. Жастайынан ән өнеріне жақын болып өскен ол 1995–1998 жылдары Ж.Елебеков атындағы Республикалық эстрада және цирк колледжінде, одан соң Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясында білім алып, дәстүрлі ән өнерінің кәсіби өкілі ретінде қалыптасты. Кейіннен осы оқу орнында магистратураны тәмамдап, өнертану ғылымдарының магистрі дәрежесін иеленді.
1994 жылдан бастап өнер жолын бастаған өнерпаз ел ішінде дәстүрлі өнердің дәріптеушісі ретінде кеңінен танылды. Бүгінде Қазақ ұлттық өнер университетінде дәстүрлі ән кафедрасында ұстаздық қызметте және Р.Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік-академиялық концерттік ұйымында солист болып еңбек етуде.
Өнер иесінің шығармашылық жетістіктері де аз емес. Ол — Кенен Әзірбаев, Жүсіпбек Елебеков атындағы республикалық байқаулардың лауреаты, халықаралық “Шабыт” фестивалінің жеңімпазы. «Қазақтың мың әні», «Қазақтың батырлық дастандары» сияқты ұлттық жинақтарға бірнеше шығармасы енген. EXPO–2017 халықаралық көрмесі, «Астана арқауы», «Қорқыт және ұлы дала сазы», «Ұлы дала ойындары» сияқты ауқымды мәдени шараларда өнер көрсетіп, дәстүрлі ән өнерінің насихатталуына үлкен үлес қосты.
Бұған дейін ол «Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері» атағына, түрлі грамоталар мен марапаттарға ие болған.
Енді міне, ұлттық өнерді ұлықтап, ұрпаққа жеткізудегі ерен еңбегі еленіп, «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атағы беріліп отыр. Бұл — әнші шығармашылығының ғана емес, тұтас дәстүрлі өнердің бағалануының айқын көрінісі.