Мәдениет • 21 Мамыр, 2025

Аида Балаева мәдениет және өнер саласының қызметкерлерін кәсіби мерекесімен құттықтады

40 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

21 - мамыр елімізде мәдениет және өнер саласының қызметкерлерінің кәсіби мерекесі аталып өтіледі. Мерекеге орай Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева сала мамандарын құттықтап, осы бағытта атқарылып жатқан жұмыстарды баяндады, деп жазады Egemen.kz.

Аида Балаева мәдениет және өнер саласының қызметкерлерін кәсіби мерекесімен құттықтады

Фото: Ақорда

Бүгінде елімізде 7 600 мәдениет мекемесі жұмыс істеп тұр. Атап айтқанда, 3 890 кітапхана, 57 театр, 231 архив, 275 музей, 2 994 мәдени-демалыс орталығы, 113 кинотеатр, 36 концерттік ұйым және 4 цирк бар. Салада 58 мыңнан астам маман қызмет атқарады. 

Министр Қазақстанның мәдениет саласында елдің рухани және мәдени-тарихи мұрасын халықаралық деңгейде насихаттауға бағытталған ауқымды жұмыстар атқарылып жатқанын айтты. 

«Маңызды бастамалардың бірі — әлемдік қауымдастыққа халқымыздың бай мәдениеті мен төлтума болмысын таныстыратын, сегіз тілде, оның ішінде БҰҰ-ның алты ресми тілі, сондай-ақ қазақ және түрік тілдерінде қолжетімді Qazaq Culture ақпараттық платформасы іске қосылды.
Мәдениет мекемелерін дамыту мақсатында 2024 жылы тоғыз республикалық ұйымға «Ұлттық» мәртебесі берілді. Бұл олардың қызметкерлерінің еңбекақысын 1,75 есеге арттыруға мүмкіндік берді. Қазақстан беделді халықаралық көрмелер мен мәдени жобаларға белсенді қатысып келеді. Атап айтқанда, 60-шы Венеция биенналесінде тұңғыш рет отандық суретшілердің туындылары қойылған Қазақстан павильоны ашылды.Франциядағы Гиме музейінде сақтар дәуірінен Қазақ хандығына дейінгі кезеңді қамтитын «Қазақстан: Ұлы дала жауһарлары» атты ауқымды көрме өтті. Қытайдың Тяньцзинь қаласында «Алтын адам және Ұлы дала» көрмесі ұйымдастырылды. Ал, ҚР Ұлттық музейінде Леонардо да Винчидің «Әдемі ханшайым» атты туындысы экспозицияланды. Министрлік халықаралық мәдени байланыстарды нығайтуға өз үлесін қосты», деп жазды Аида Балаева.

Сондай-ақ, былтыр Тәжікстан мен Түрікменстанда Қазақстанның мәдениет күндері, ал Қазақстанда Түрікменстан, Әзербайжан, Армения және Саха Республикасының (Ресей федерациясы) мәдениет күндері өткізілген. Ашхабад қаласында Құрманғазы мен Абайға, Душанбе мен Қазан қалаларында Абайға ескерткіштер орнатылғаны да мәдени маңызды жаңалық болды. 

Еліміздің жас таланттары да ұлттық имиджді ілгерілетуге оң септігін тигізіп жүр. Мәселен, 255 қазақстандық өнерпаз 17 мемлекетте өткен халықаралық байқауларда жеңімпаз атанған. Мәдениет саласын цифрландыру ісінің де қарқынды жүргізіліп жатқанын атап өткен жөн. 

«Ұлы Жеңістің рухына тағзым ретінде «Батырларға тағзым» онлайн платформасы әзірленді. Онда марапаттау парақтары, майдангерлердің фотосуреттері, естеліктері, майданнан келген хаттар мен өзге де құжаттар қамтылған бірегей деректер базасы жинақталған. Сонымен қатар 6 кітап, фотоальбомдар жарық көрді, «Әлия» көркем фильмі, 80 бейнеролик, 17 деректі фильм мен сериалдар бойынша жұмыстар аяқталу сатысында. Негізгі архивтік үдерістерді автоматтандырып, азаматтарға ретроспективті архивтік ақпаратқа қашықтан қол жеткізуді қамтамасыз ететін «Е-архив» ақпараттық жүйесін енгізу жалғасуда. Бүгінде бұл жүйе арқылы Ұлттық архив қорындағы жалпы құжаттардың 10 пайызы, яғни 2 654 404 сақтау бірлігі цифрландырылды. Бұл – еліміздің тарихи дамуы, халық тағдыры мее маңызды оқиғалар туралы құнды деректер. Қазақстанның ұлттық электронды кітапханасы (ҚазҰЭК) ұлттық мәдени мұраны цифрландыру және сақтау бойынша жобаларды белсенді түрде жүзеге асырып келеді. Қазіргі таңда 80 465 құжаттың электронды көшірмесі қолжетімді», деді Мәдениет және ақпарат министрі.

Министр биыл Қазақстан Конституциясының 30 жылдығына, Абайдың 180 жылдығына, Шоқан Уәлихановтың 190 жылдығына, Міржақып Дулатовтың 140 жылдығына және Нұрғиса Тілендиевтің 100 жылдығына арналған мерейтойлық іс-шаралар өткізу көзделіп отырғанын да атап өткен. 

Кинематография саласы да қарқынды дамып келеді. «Кинематография туралы» заңға «Қазақфильм» киностудиясын қолдауға бағытталған өзгерістер енгізілді. Қаржыландырудың ашықтығын арттыру мақсатында жобаларды іріктеу тәсілдері қайта қаралып, идеологиялық тұрғыдан маңызы жоғары тақырыптарға басымдық беріліп отыр. 

«2024 жылы мемлекет қолдауымен 16 ұлттық фильм түсірілді. Оның ішінде 7 фильм 34 халықаралық марапатқа ие болды. Прокаттағы отандық фильмдердің үлесі 22,97%-ға, ал қазақ тіліндегі фильмдердің үлесі 19,76%-ға жетті. Түркі мемлекеттерінде өткен Қазақстан киносы күндері аясында «Қазақ хандығы», «Дос-Мұқасан», «Набат операциясы», «Паралимпиец» фильмдері көрсетілді. Алматыда өткен XVII Халықаралық «Еуразия» кинофестивалінде 11 елден 50 фильм ұсынылды.
Кинопрокат саласына қатысты мәліметтерді жинақтауға арналған «E-Кино» ақпараттық жүйесі әзірленіп жатыр. 2025 жылы анимациялық, деректі және көркем фильмдер өндірісіне 357 өтінім келіп түсті, олардың барлығы сараптамалық бағалаудан өтуде», деді Аида Балаева.

Елімізде мәдениет мекемелерін жаңғырту жұмыстарына да ерекше назар аударылып жатыр. 2024 жылы еліміздің өңірлерінде 45 мәдениет нысаны жөндеуден өтіп, 255 жаңа мекеменің құрылысы аяқталған. 2025 жылы 51 нысанды жөндеу және тағы 250 нысанды салу жоспарланып отыр. Республикалық деңгейдегі ауқымды жұмыстар да басталып кеткен. М.Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театры өзінің 100 жылдығына орай қайта жаңғыртылады. 

Салада атақарылып жатқан шараларды санамалап, сараптаған Аида Балаева сөз соңында мәдениет және өнер саласының қызметкерлерінің ісіне табыс тіледі. 

«Кәсіби мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтай отырып, сіздерге шығармашылық шабыт пен толайым табыс тілеймін! Халықтың ыстық ықыласы мен қошеметіне бөлене беріңіздер», деді министр.