
Сурет: ustinka.kz
Сенат депутаттары, Ұлттық экономика министрлігінің басшылығы, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлік палатасы мен жергілікті бизнес-қауымдастық өкілдері қатысқан жиында жан-жақты мәселелер талқыланды. Шығыс Қазақстан өңірінде мемлекет-жекеменшік серіктестігі шеңберінде жүзеге асып жатқан жобалар жоқ емес. Бүгінгі таңда аймақта жалпы құны 12,2 млрд теңгенің 47 мемлекет-жекеменшік серіктестік шарты жасалған. Оның басым бөлігі білім саласына қатысты. Дәлірек айтсақ, 4,3 млрд теңгенің 44 шартына қол қойылып, мөр соғылған. Қалған үш жоба дене шынықтыру және спорт (құны 7,8 млрд теңге), көлік (24,6 млн теңгеге) пен денсаулық сақтау (16,7 млн теңге) салаларына тиесілі. Осы ретте жасалған шарттардың 87 пайызы мемлекеттік міндеттемелерді төлеуді талап етпейтін 3 санаттағы жобалар екенін айтқан жөн.
– Мемлекет-жекеменшік серіктестігі аясында қолға алынған жобалардың үлесі бойынша Шығыс Қазақстан облысы – елімізде үздік үштіктің қатарында. Дегенмен сіздердің облыстарыңыздағы жобалардың түгелдей дерлігі білім, денсаулық сақтау мен денешынықтыру және спорт сияқты салаларды қамтиды. Енді басқа бағыттарда да жұмыс жүргізу қажет. Мәселен, облыста туризм, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы сынды салалардың әлеуеті өте жоғары. Жалпы, республикамызда 2017–2021 жылдар аралығында мемлекет-жекеменшік серіктестік бағыты қарқынды дамығанын білесіздер. Алайда кейінгі төрт жылда бұл жұмыс бәсеңдеп қалды. Неге? Бүгінгі басқосуда осы мәселені де жан-жақты талқыладық, – деді Сенат депутаты Нұрлан Бекенов.
Бекболат Орынбековтің айтуынша, елімізде мемлекет-жекеменшік серіктестігінің қарқыны бәсеңдеп қалуына заң шикілігі де әсерін тигізіп жатыр. Сенат депутаты қолданыстағы заң жобалары кәсіпкерлер үшін түсініксіз екенін айтты. Сол себепті көп жағдайда бизнес-қауымдастық мұндай жобаларға қатысудан бас тартып жатады.
Алқалы жиында қатысушылар осы және басқа да мәселелерге қатысты пікір білдіріп, ұсыныстарын жеткізді. Жиынға төрағалық еткен облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов Парламент депутаттары мен жергілікті бизнес қауымдастық көтерген мәселелер орынды екенін және тығырықтан шығу үшін заңнамаға өзгеріс енгізу қажет екенін айтты.
– Кешелі бері облысымыздағы мемлекет-жекеменшік серіктестік шеңберінде жүзеге асырылып жатқан жобалармен танысып жүрсіздер. Сын-ескертпелеріңіз де бар екен. Оның бәрі ескеріледі. Негізі, біз диалогке ашықпыз. Инвесторлармен жұмыс істеуге, оларға жағдай жасауға дайынбыз. Ал бүгінгі жиында көтерілген мәселелер мен айтылған ұсыныстарды Үкіметке жеткізесіздер деп ойлаймын, – деді Н.Сақтағанов.
Депутаттардың алғашқы жұмыс сапары күні кәсіпкерлер мен өңірлік салалық басқарма басшыларының қатысуымен ашық диалог алаңы өткізілген. Кездесуде мемлекет-жекеменшік әріптестікті дамыту және бизнестің дамуына кедергі келтіретін әкімшілік тосқауылдарды жою мәселелері талқыланған.
Шығыс Қазақстан облысы – МЖӘ жобаларын іске асыру бойынша жетекші өңірлердің қатарында. Бүгінде өңірде жалпы құны 12 млрд теңгеден асатын 47 жоба бар. ШҚО-да әзірленген инвесторларды сүйемелдеу алгоритмдері тиімді деп танылып, басқа өңірлерге енгізу ұсынылған. Кәсіпкерлер тарапынан аграрлық саланың дамуына тікелей әсер ететін ветеринарлық ережелерді жетілдіру бойынша да маңызды ұсыныстар айтылды. Сонымен қатар Салық кодексін жетілдіруге қатысты бастамалар мен ескертулер көтерілді.
Шығыс Қазақстан облысы