
Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»
Үш ел су бөлу тәртібін бекітті
«Орталық Азия елдерін жақын болашақта алаңдататын мәселенің бірі – су тапшылығы. Дүниежүзілік ресурстар институтының мәліметінше, Түрікменстан өте жоғары деңгейде су тапшылығына ұшыраған 17 елдің, Өзбекстан мен Қырғыз жұрты 40 елдің қатарына кіреді. Қазақстан мен Тәжікстанға да қауіп төніп тұр. Климаттың өзгеруі мен халықтың өсуі қазіргі 75,4 миллионнан 2050 жылға қарай 100 миллионға жететіндіктен, өңірдегі су ресурсы мәселесі тағы күрделенеді», деді экономист Қанат Маханов.
Жуырда Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов Ташкентте өткен халықаралық форумға қатысып, өзбек пен қырғыз әріптестерімен вегетациялық кезеңге арналған су-энергетикалық режімдерді келісті. Сөйтіп, Сырдария өзені бассейнінде су бөлу тәртібін айқындайтын хаттамаға қол қойды. Хаттамада су ресурстарын теңгерімді пайдалану мен ОА-ның энергия жүйелерінің тұрақты жұмысын қамтамасыз ету мәселесі қарастырылған.
«Су энергетикасы мәселесінде тұрақты үшжақты консультация мен хаттамаға қол қою ортақ ресурстарды басқаруға жүйелі түрде жақындауға мүмкіндік береді. Вегетациялық кезеңге арналған режімдерде қол жеткізілген уағдаластық – бірлескен жұмыстың нәтижесі. Сонымен қатар энергетикадағы технологиялық жаңалықтарды қадағалап, өндірушілерге қолдау көрсетуді жалғастырамыз. Бұл секторды жаңғырту мен өңірлік әріптестікті нығайту үшін маңызды», деді Е.Ақкенженов.
Тараптар бірқатар ұзақмерзімді стратегиялық жоба бойынша консультация барысын талқылады. Атап айтқанда, «Қамбар Ата ГЭС-1» құрылысы жөніндегі Қазақстан, Өзбекстан және Қырғыз елі арасындағы, сондай-ақ Әзербайжан, Қазақстан мен Өзбекстан қатысуымен жүзеге асатын Каспий энергетикалық дәлізін құру жобасының жұмысы жалғасып жатқаны нақтыланды.
Әмударияның ахуалы ауыр
Ауғанстанның Әмудария суына ауыз салғаны ОА-ның бес еліне ғана әсер етіп қоймай, әлемдегі экологиялық мәселені одан әрі ушықтыра түспек. Анығында ауған елі дария суының 20%-ын өздеріне бұрып алмақшы. Құндыз қаласының жанынан құм басқан шөл даланы көктей өтетін Көш Тепа каналын қазып жатыр. Ені 100, тереңдігі 8 метр, ұзындығы 285 км болатын арна бетондалмайды. Каналдың қарабайыр тәсілмен қазылып жатқанын алға тартқан сарапшылар нысан Әмудария суының төрттен бірін Ауғанстан аумағында тосып қалады дейді.
Жоба іске асса, 550 мың гектар жер суармалы алқапқа айналады. Соның арқасында Ауған билігі елдегі азық-түлік тапшылығын біржола жойып, импортқа тәуелділіктен құтылуды көздейді. Негізі, бұл өзен бойында әлемдегі ең үлкен су арнасы саналатын Қарақұм каналы бар. Оның да іші бетондалмаған, қарабайыр тәсілмен қазылған. Ресми мәліметтерде Қарақұм Әмударияның 45% суын алып жатқаны айтылады. Шын мәнінде дарияның бүкіл суы Түрікменстан мен Өзбекстанның мақта мен бидай алқабын суаруға кетіп жатыр. Өйткені төмендегі Аралға өзеннен су мүлде жетпейді.
Суының 80%-ы Тәжікстан аумағындағы Вахшта қалыптасатын Әмудариядан алатын суы азайса, өзбек елі Сырдарияға ауызды көбірек салуы мүмкін дейтін қауіп бар. Ол үшін Өзбекстан Сырдария суын бірлесіп пайдалану туралы төртжақты келісімнің шартын бұзуы немесе өзгертуді талап етуі ықтимал. Аталған келісім бойынша Қазақстан Сырдария бассейнінен 13,17 млрд текше метр су алуға құқылы.
Өзбекстанның қазір бауырлас елдермен барынша интеграцияда болуды қалайтын саясаты тұрғанда біздің осы үлестен қағылуымыз екіталай. Бірақ билік ауысып, жүйе өзгеріп жатса, бұл мәселе ертеңінде-ақ күн тәртібіне шықпайтынына ешкім кепілдік бере алмайды. Олай болмаған күннің өзінде Орталық Азияның экожүйесі біртұтас екенін алға тартып, Астананы келіссөзге килігуге шақыруы мүмкін.
«Бұл мәселе бойынша Өзбекстан үкіметі Ауғанстан билігімен бірнеше рет кездесіп, келіссөз жүргізді. Бірақ әлі анық шешім жоқ. Оның екі себебі бар. Біріншісі – Ауғанстан БҰҰ-ның трансшекаралық су көздерін бөлісу туралы құжаттарға қол қоймаған. Екіншісі – Орталық Азия республикалары кеңес дәуірі кезінде бір орталыққа бағынды, ал Ауғанстан – дербес ел. Сондай-ақ бес ел арасында трансшекаралық өзендерді бірлесіп пайдаланудың тәртібі құжатпен қатталып, реттелген. Ал Ауғанстан бұл құжаттарға да қол қоймаған. Сондықтан Талибан үкіметі өз мүддесі үшін каналды қазып жатыр. Оған ешкім қарсы бола алмайды. Бірақ іргелес елдермен ақылдасып барып істегені оңтайлы болар еді», дейді Өзбекстан мемлекеттік органдарында қызмет істеген белгілі экономист Сапарбай Жобаев.
Сарапшының айтуынша, Өзбекстанның Әмудариядан алатын үлесі азайса, Сырдарияға көнекті молынан салуы мүмкін. Ферғана аңғары мен Мырзашөлде Сырдарияны қаттырақ буа түссе, Көксарайға, Қызылорда мен Түркістан облыстарына қиын болары сөзсіз.
Қар суын тиімді пайдалану ісі ілгерілеп келеді
Ерте көктемде жазушы-эколог Сайлаубай Жұбатырұлы Сарыарқада сіресіп жатқан қасат қарда 10 млрд текше метр шамасындағы су қоры жатқанын меңзеді. Оның айтуынша, болашақта «Есіл (арысы Ертіс) – Торғай – Арал» жаңа су жолы болмақ. Ол көктемгі тасқынсыз жылдары да өз қызметін жалғастыра алады. Ең алдымен, Орталық Қазақстанның су мәселесіне оң әсері болады. Есілде бас бермей тұрған тасқындарды реттейді. Торғай, Сарыөзен алабын суландырып, осы өзендер экожүйесін оңалтады. Арал маңы Қарақұмының жайылымдарына дем береді. Арал, Қазалы аудандарының шөлін басып, «Толағай» су кенішін жер астынан қуаттандырады. Соңында Солтүстік Арал теңізін қолдауға келетін жаңа су көзі болады. «Есіл – Торғай – Ырғыздың бір арнада тоғысатын суы аз болмасына сенім зор.
Арна жүйесінің жалпы құны – 260,373 млрд теңге. Жұмыстың біту уақыты – 2027 жыл. Қаржылық-экономикалық қайтарымы нақты есептелген. Бұл су жолының экономикалық, әлеуметтік, экологиялық игіліктері көңіл қуантады. Сайлаубай Жұбатырұлы «Каспий – Арал алабындағы экожүйені қалпына келтіру және тасқын суларды игеру» халықаралық қоры мен «Қазақ су шаруашылығы» ҒЗИ бастамасымен ұсынылған жаңа су арнасы идеясы Үкімет деңгейінде қарала бастағанын айтты.
Дүниежүзілік метеорологиялық ұйым мен Солтүстік Еуразияның климаттық орталығынан алынған деректерге қарағанда, биылғы мамыр мен шілдеде гидрологиялық құрғақшылықтың туындау ықтималдылығы жоғары. Бұл жағдай аграрлық секторда, әсіресе Жайық пен Сырдария өзендері бассейндерінде елеулі қиындық тудырады.
«Жалпы, вегетациялық кезеңді қауіпсіз өткізу мақсатында «Қазсушар» филиалдары 627 км ирригациялық каналды механикалық тәсілмен тазалап, 488 гидротехникалық құрылысжайды жөндеді. Биыл жалпы 517 гидротехникалық құрылысжайды жөндеп, 2 мың км-нен астам каналды тазалау жоспарланған, бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда екі есеге артық.
Осы мақсатта биыл министрлік қаржылық лизинг аясында жалпы сомасы 39 млрд теңгеге 757 бірлік арнайы техника сатып алуды бастады. Қазір 303 бірлік техника жеткізіліп, каналдарды механикалық тазарту мен гидротехникалық нысандарды жөндеу жұмысына пайдаланылып жатыр», дейді Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.