
Қазақ әдебиетінде өзіндік мектеп қалыптастырды
Киелі Түркістанда кестелі көркемсөз бен кесіп айтар көсемсөздің шебері, көрнекті қаламгер, «Құрмет», «Парасат», «Барыс» ордендерінің, халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Мархабат Байғұттың 80 жылдығына арналған «Мақамы бөлек Мархабат Байғұт» атты халықаралық симпозиум өтті. Еліміздің және түркі елдерінен белгілі ғалымдар, қаламгерлер мен қоғам қайраткерлері қатысқан симпозиумда алғаш сөз алған Сенат депутаты, академик Дархан Қыдырәлі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың арнайы құттықтауын жеткізді. Президент алқалы жиынға жолдаған құттықтау хатында Мархабат ағаның қаламгерлік, қайраткерлік қызметін жоғары бағалады. «Жазушының көркем шығармалары, түрлі тақырыпқа арналған мақалалары мен эсселері оқырман қауымның жоғары бағасын алды. Оның тағылымдық мәні бар туындылары халқымызбен бірге жасай береді», делінген Мемлекет басшысының құттықтау хатында. Сондай-ақ симпозиумға Парламент Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев, Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов, Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева, сондай-ақ Шымкент қаласы, Қызылорда және Жамбыл облыстарының әкімдері де құттықтау хатын жолдап, табыс тіледі. Түркі әлемінен, Өзбекстан жазушысы, педагогика ғылымдарының докторы Қазақбай Йулдаш, Қырғызстан Жазушылар одағы төрағасының орынбасары Керімбек Қадырахунов, Түркиядан келген мәртебелі мейман Хажы Байрам университетінің профессоры Жәмилә Кынажы өз елдері ұйым басшыларының, жазушыларының құттықтауларын жеткізді. «Қазақ әдебиетіне өзіндік өрнегімен келген, әсемдік әлемімен танылған Мархабат аға – соқпағы соны, сонары олжалы, мәдениеті жоғары, жазуы ерек, болмысы бөлек, Қаратаудың шертпе күйіндей күмбірлеген нәзік иірімдерімен ойлы оқырманның жан дүниесін баураған бекзат жазушы еді. Өлмейтін туындыларымен, өшпейтін мұрасымен ол енді түгел түркінің тұғырлы тұлғаларының біріне айналды. Бүгінгі мазмұнды жиын соның бір айғағы іспетті», деді сенатор Дархан Қыдырәлі.
Жазушының мерейтойына арналған іс-шаралар облыс орталығы Түркістанда ғана емес, үшінші мегаполис Шымкент қаласында және Түлкібас ауданында да жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Сол іс-шараларда айтылған ұсыныс-пікір, тілек-ниеттер де Мархабат Байғұт атындағы Әдебиет үйінің ашылатынына күмән қалдырмайды. Осы бір жүзеге асырылуына ел сенімі мол игі бастама жазушының мерейтойына арналған іс-шаралардың түйініндей болды. Әдебиет үйі ашылды деп сүйіншілер күн де алыс емес секілді. Иә, жазушының мерейтойы аясында жыл басынан бері түрлі мазмұнды мәдени-әдеби іс-шара ұйымдастырылып келеді. Мысалы, жыл басында «Мархабат» журналы қалың оқырманына жол тартты. Шымкентте «Мархабат апталығы» өтіп жатыр. Осы апталық аясында «Мархабат мұрасы – рухани қазына» кітап көрмесі, «Қаратаудың қазыналы қаламгері» әдеби-танымдық сағаты, «Көркемсөз бен көсемсөздің шебері» әдеби кеші, «Мархабат оқулары» ұйымдастырылды. Осындай іс-шаралардың шарықтау шегіндей болған «Мақамы бөлек Мархабат Байғұт» тақырыбындағы халықаралық симпозиум күні кеше облыстық «Фараб» әмбебап-ғылыми кітапханасында өтті. Ал халықаралық симпозиумда сөз алғандар тұлғаның жазушылық, адами болмысына, қазақ және түркі әлемі әдебиетінде алар орнына терең талдау жасады.
«Қазақ газеттері» ЖШС бас директоры, алаштанушы, академик Дихан Қамзабекұлы, Қазақстан Жазушылар одағының хатшысы Жүсіпбек Қорғасбек, ҰҒА академигі, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Оңалбай Аяшев баяндама жасап, Мархабат Байғұттың шығармашылығы мен қоғамдық қызметіне кеңінен тоқталды. Мысалы, Дихан Қамзабекұлы ХХ ғасырдың соңы мен ХХІ ғасырдың басындағы қазақ прозасында айрықша із қалдырған танымал жазушы Мархабат Байғұттың көсемсөздік мұрасын сөз етерде «қалам қазанаты» деген тіркес ойда тұратынын айтты. М.Байғұт 70-жылдары өңірлік журналистикаға әдебиеттен келіп, оны байытып, байсалдандырып, оза шапқан шағы аз болмағанын атап өтті. «Түркістанның Майлыкентінде туып, ауылда ұлт дәстүрінің уызына жарыған, Алматыда оқып-жетіліп, қазақ әдебиеті классиктерінің ізбасары деңгейіне көтерілген Мархабат Байғұтты сол себепті де «қалам еңбекторысы», «қалам қазанаты» дейміз. Жалпы, бізде әлімсақтан тек жазушылықпен (немесе ақындықпен) күн көрген адам аз. Бәрі бір жерде жұмыс істеген. Жүсіпбек пен Мағжан баспасөзде, баспаларда, оқу орындарында нәпақа тапты. Айтқандай, екеуі де ептеп билік саласында қызмет етті. Аты өшкір репрессия кезікпесе, олар да сол пәледен әупірімдеп аман қалған М.Әуезовтей университет профессоры, әйгілі академик болатынына шәк келтірмейміз. Енді осы «нан мен ән» немесе тіршілік өлшемін Мархабат Байғұтқа салсақ, айна-қатесіз қайталанады», деді Дихан Қамзабекұлы. Сондай-ақ баяндамашы қаламгер М.Байғұттың «Шамшырақ», «Оңтүстік Қазақстан» мектептеріндегі публицистикасын аласартпай, «Egemen Qazaqstan» газетіндегі байыпты тәжірибесін, ізденісін ерекше атап өтті. Оның себебі де бар. «Бірінші себеп – Махаң «Егеменге» ақшаңқан алпыстан асып, «асатаяғын» ұстап, қаламгерлік адалдығына, айбарына сеніп келгені. Екінші себеп – мерзімді басылымның бағы мен бағасы сынға түскен кезеңде алысты болжайтын санаткер, газет президенті Сауытбек Абдрахмановтың «Мархабат Байғұт – Оңтүстік өңір (ОҚО, Жамбыл, Қызылорда) бойынша «Егемен Қазақстанның» арнаулы тілшісі» деген тың жобасы. Бұл – байырғы Түркістан аймағындағы кемі 5 миллион отандастың рухани-мәдени, әдеби-көсемсөздік талғамын түзеу деген сөз. Біздіңше, бұл жоба 2008–2012 жылдары сәтімен жүзеге асты», деді Дихан Қамзабекұлы.
Ал жазушы Жүсіпбек Қорғасбек баяндамасында «Бүгінгі заманның Бейімбеті» Мархабат Байғұт қазақ әдебиетіндегі оңтүстіктің мектебін бір ізге түсіргенін атап өтті. «Мархабат нені жазса да, оның арғы жағында тәлім аларлық тәмсіл жатады. Негізі, тәмсілдеп айту – оңтүстікке тән нәрсе. Әдебиетте оңтүстікте тусаңыз болды, ештеңені ойлап табудың қажеті жоқ», дейді Ж.Қорғасбек. Сондай-ақ баяндамашы Мархабат Байғұттың жазушы ретіндегі қолтаңбасын айқындайтын үш дүниесін бөле-жара атады. «Ол – іштен қайнап шыққан лиризмнің нұрына бөленген «Әпкемнің ауылы» әңгімесі, ол – қиыспайтын дүниені қиыстырып жіберетін «Кресть» новелласы, ол және оңтүстіктің менталитетін түрлі агрессиядан қорғаған «Көктем де оңтүстіктен басталады» деген мақаласы», дей келе жазушы аталған туындыларды жекелей талдап өтті. Мысалы, егер төлқұжат деген ұзақ сөздерден тұратын болса, Мархабат Байғұттың «Көктем де оңтүстіктен басталады» деген мақаласын осы облысқа төлқұжат етіп беруге болатынын айтады. «...Үлкен драматург-жазушымыз Сұлтанәлі Балғабаевтың мақаласында: «Моральдық бұзылудың да ошағы осы оңтүстік өңірінен бастау алған десек, онша қателеспейміз», деп айтылып кетіпті. Соған Мархабат Байғұт оңтүстіктің бүкіл сыр-сипатын бір мақалаға сыйғызып айтып, бәрін орнына қойыпты. Басқалар жазса, ол дауға ұласып жалғаса берер еді, Мархабат ағамыз айтарға сөз қалдырмай жазыпты. «Біз моральдық бұзылуды қазақша жазып жүрсек, сіздер соны орысша жазып құрып жүрсіңдер ғой», депті. Бір сөзбен айтқанда, ағамыз дымын шығармай, мұсылман бейітіне крест таққан кісінің өзін бөлек, қасына мойнындағы кресін бөлек жерлегендей етіпті», дей келе Жүсіпбек Қорғасбек сондағы Мархабат Байғұттың мысалдарын келтірді. Онда оңтүстікке тамсанған Ғабит Мүсіреповтің, Ғафу Қайырбековтің, осы Түркістанда наурыз тойланғанда айтқан Фариза Оңғарсынованың керемет сөздері бар. «Маған бәрінен бұрын ұнағаны Сырбай Мәуленовтің сөзі болды: «Сырбай Мәуленов ағамыз да оңтүстікке, Шымкентке, Сарыағашқа жиі келетін, сырласатынбыз. 1988 жылы, Колбин патшаның тұсында Шымкент теміржол вокзалында шығарып салып тұрдық. Вагондары тізіліп, жолсеріктері сызылып, Асқаров сынды іскер басшының арқасында біраз жылдан бері жүре бастаған «Алатау» пойызы келіп тоқтады. Сырағаң арғы жақ, бергі жағына көз жетпес перронға қарап, қатты толқып кетіп: «Қараңдаршы, мына ғажапты! Қап-қара шаштар, қаракөз жастар! Көз ұшына дейін қарақұрым, қаптап жүрген қазақтар... Айналайындар, қап-қара шаштарыңнан, қазақы бастарыңнан айналайындар! Өсе берсінші, көбейіп, жетіле берсінші... Шымкенттің барына шүкір», деді. Сонда Сырағаңның жанарынан әбден ыза өтіп кеткен адамның көзіндегідей мөлтілдеген жас көрдік». Міне, осының бәрін тізіп берген Мархабат Байғұт оңтүстік жұртының атынан қатты риза болдық деп жазыпты. Бүгінде оңтүстік қана емес, бүкіл қазақ халқы Мархабат Байғұт деген жазушыға қатты риза екенін жеткізгім келеді. Мархабат Байғұт қазақ әдебиетінде менталитеттік мектеп қалыптастырған жазушы. Ал ол жол Бейімбеттің жолы екенін мақтанышпен айтуға болады», дейді Жүсіпбек Қорғасбек.
Халықаралық симпозиумда, сондай-ақ заң ғылымдарының докторы, профессор Бекет Тұрғараев жазушының жастарға өнеге тұтар еңбек жолына тоқталды. Ал Еуразия ұлттық университетінде Мархабат Байғұттың шығармасынан кандидаттық жұмыс қорғаған алматылық ғалым Сандуғаш Құланова туындыларына қатысты өз пікірін білдірсе, докторлық диссертация қорғаған ғалым Ботагөз Тағұдретова Петропавлдан бейнеқұттықтауын жолдады. Педагогика ғылымдарының докторы Кундузхон Хусанбоева да АҚШ-тан бейнеқұттықтаумен байланысқа шықты. Симпозиумның екінші бөлімінде жазушы Нұрғали Ораздың «Мархабат» атты жаңа пьесасынан үзінді сахналанып, М.Байғұттың өмірбаяны негізінде дайындалған деректі фильм көпшілік назарына ұсынылды. Міне, сол деректі фильмде пікір білдірген тұлғалар да жазушының шығармашылығына, адами болмысына тоқтала келе, Әдебиет үйінің ашылғанын қолдайтындарын айтады. Мысалы, Жазушылар одағының төрағасы Мереке Құлкенов: «М.Байғұт атындағы Әдебиет үйі біздің болашағымызға, келешек ұрпақтың жарқырап шығуына көмектеседі. Өйткені оның ішінде Мархабат Байғұтпен қатар еңбек еткен, жазу жазған Дулат Исабеков, Темірхан Медетбек, Қарауылбек Қазиев сынды оңтүстіктегі көптеген ақын-жазушының дүниелері тұрады деп ойлаймын», деді. Белгілі ақын Ханбибі Есенқарақызы Әдебиет үйінің қажеттілігі сезіліп-ақ тұрғанын айтады. Ақын Нармахан Бегалы ұрпаққа қажет дүние деп санайды. Әдебиет зерттеушісі, филология ғылымдарының докторы Құлбек Ергөбек: «Махаңды ұдайы зерттеу керек, зерттеушілердің жаңа буынын қалыптастыруда Әдебиет үйі қажет», деп есептейді. Қоғам қайраткері Өмірзақ Шөкеев: «Әдебиет үйі, шығармашылық орталық қажет. Әріптестерімізді, елдің алдында жүрген азаматтарымызды бастамаға қолдау танытып, қолғабыс етуге шақырамын», деді халықаралық симпозиум барысында «Киікоты исі сіңген қалам» инсталляциялық көрмесі көпшілік көзайымына айналды. Арнайы жасақталған көрмеде жазушы өмірінің соңғы кезеңінде пайдаланған жеке заттары мен құжаттарының түпнұсқалары қойылды.
Симпозиум соңында еліміздің 7 өңірінен студент-жастар қатысқан республикалық шығармашылық байқау жүлдегерлерін қазылар алқасының төрағасы Әмірхан Меңдеке, ал жалпы саны 720 бала бақ сынап, мәреге 4 кезең бойынша 144 қатысушы жолдама алған оқушылар арасындағы «Мархабат оқулары» облыстық байқауының жеңімпаздарын Түркістан облыстық мәдениет басқармасының басшысы Әзімхан Қойлыбаев марапаттады.
Туған өлкені қадір тұтудың үлгісін көрсетті
Түркістандағы іс-шара Шымкенттегі Ж.Шанин атындағы Сазды драма театрында Мархабат Байғұттың «Жоғалған жұрнақ» қойылымымен жалғасын тапты. Сондай-ақ Шымкентте қазақ әдебиетінің көрнекті өкілінің туғанына 80 жыл толуына арналған «Әдебиет әлемі әдемі» атты халықаралық конференция ұйымдастырылып, әдеби қауым мен руханият жанашырларының басын қосты. Мархабат Байғұттың бай әдеби мұрасын кеңінен насихаттап, оның шығармашылығын жас ұрпаққа үлгі ету, ұлт руханиятын дамыту мақсатындағы конференция Ө.Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетінде өтті. Алдымен қонақтарға жазушының шығармашылығына арналған кең көлемді кітап көрмесі, инсталляциялар мен экспозициялар ұсынылды. «Мархабат Байғұттың шығармасы – қоғамның айнасы, халықтың сөзі. Бұл конференция – еске алу ғана емес, жаңа ұрпақпен әдеби байланыс орнатудың, рухани сабақтастықты жалғастырудың бір жолы. Әдебиетке шынайы жанашырлық осындай шаралардан көрінеді», деп атап өтті қала әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек. Кешті Шымкент қалалық мәслихатының төрағасы Бахадыр Нарымбетов жүргізіп отырды. Түркия, Қырғызстан, Өзбекстаннан арнайы келген жазушылар мен әдебиеттанушылар Мархабат Байғұттың қаламгерлік ерекшелігі, көркемдік стилі, драматургия мен публицистикадағы орны туралы баяндамалар жасап, өз естелігімен бөлісті. Жазушының өмірлік және шығармашылық серіктестері, замандастары оның адами болмысы мен азаматтық ұстанымы жөнінде сыр шертіп, әдеби кеңістіктегі орнын айрықша атап өтті. «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы, Жазушылар одағының хатшысы, белгілі ақын Бауыржан Жақып Мархабат Байғұтқа арнаған көңіл толқытар өлеңін оқыды.
Мархабат Байғұт «қайда барсаң да, оңтүстіктің адамдары, шымкенттіктер» деп орынсыз кіжінетіндерге: «Қарапайым статистикаға сүйенер болсақ, әр бесінші қазақ оңтүстікте туады екен. Сонда еліміздегі әр бесінші адам оңтүстіктікі болмай ма? Олар қайда бару керек сонда?» деп уәж келтірген болатын. Жазушының осы бір сөзін еске салған қоғам қайраткері Дархан Мыңбай Мархабат Байғұт халқымыздың жоғары моральдық деңгейін, имандылығын сақтау жолында қалам тербеп, қоғамда ата дәстүрден бұра тартқан қылықтарды әшкерелегенін айтады. «Оның адамшылығы мен мәдениеті, таланты мен өресі, тапқырлығы мен шешендігі осы өңірде белгілі бір өлшемге айналғанын анық сезіндік. Біздіңше, Мархабат Байғұт ешкімді қайталамайды, өзіне ғана ұқсайды, оның жазу стилі мен сөйлеуі, өзін ұстау мәнері өзіне ғана жарасады. Сондықтан мұндай дара тұлғаларды өзге оразды елдерде дара құбылыс, өз қолтаңбасы бар көркемсөз шебері деп бағалайды, қабылдайды. Кезінде елді елең еткізген, қазір де оқырманды бей-жай қалдырмайтын бірқатар әңгімесі мен повесі қазіргі озық өнер – қазақ киносына олжа сала алар еді... Ел құрметіне бөленген Мархабат Байғұт оңтүстікпен мақтануды, Шымқаланы шынайы жақсы көруді үйретіп қана емес, аманаттап кетті», дейді Дархан Мыңбай.
Конференция қатысушылары Мархабат Байғұттың шығармашылығы арқылы ұлттық әдебиеттің терең тамырларын танып, жаңа буын қаламгерлерге бағыт-бағдар беру – осындай игі бастамалар арқылы жүзеге аспақ. Сонымен қатар конференция аясында өткен «Мархабат мақамдары» атты қалалық көркемсөз оқу шеберлерінің байқауында оза шыққан жастар марапатталып, сахнада жазушының үздік шығармаларынан үзінділер оқыды.
Таупістелі тағылымы – IV
Қаламгер Мархабат Байғұттың кіндік қаны тамған Пістелі ауылында Түркия, Өзбекстан, Қырғызстаннан және елімізден әдебиетшілер, жазушылар, қоғам қайраткерлері бас қосты. Жоба тарихын еске сала кетейік, алғашқы басқосу Түлкібас ауданының Таупістелі ауылында 2016 жылы мамырда «Таупістелі тағылымы: түркі тілдес, түгел бол!» тақырыбында, екінші жиыны 2019 жылы сәуірде «Таупістелі тағылымы: Шерхан мен Насыр бауында» деген атпен ұйымдастырылған болатын. Екі жиынға да Түркия, Өзбекстан, Қырғыз Республикаларының қайраткерлері мен қаламгерлері, еліміздің бірқатар облыс-тары мен Астана, Алматы, Шымкент қалаларының өкілдері қатысқан-ды. Ал Жеңістің 77 жылдығына, қазақтың даңқты перзенті, жазушы Шерхан Мұртазаның 90 жылдығына орай ұйымдастырылған үшінші басқосу «Таупістелі тағылымы: Бозарықтан – Бозторғайға» деп аталды. «Мархабат Байғұт және түркі мемлекеттері әдебиетінің бірлігі» тақырыбында өткен төртінші басқосу аясында «Мархабат Байғұт – көркемсөз шебері» атты жаңа кітаптың тұсаукесері өтті. Аталған кітаптың лентасын аудан әкімі Асқар Естібаев пен белгілі ақын Нармахан Бегалиев кесіп, жиналған көпшілікке естелік ретінде тарту етілді. Салтанатты рәсімде «Мархабат Байғұт – көркемсөз шебері» – бір ғана қаламгердің құрметіне арналған еңбек емес, қазақ прозасына жасалған тағзым, көркемсөзге берілген әділ баға, әдеби мұраны дәріптеудің, болашақ буынға рухани бағдар берудің жарқын үлгісі екені айтылды. Қаламгердің өмір жолына, прозадағы өзіндік стиліне, қоғамдағы ұстанымына қатысты талдамалық мақалалар мен естеліктер топтастырылған кітап жазушының шығармашылық мұрасын жүйелі түрде зерделеп, әдеби әлемдегі орнын айшықтайтын құнды еңбек болып табылады. Сондай-ақ тағылымды шарада тұлғаның қаламгерлік болмысын танытатын кітап көрмесі мен фотогалерея ұйымдастырылды. «Мархабат оқулары» байқауының жеңімпаздары марапатталды.
Көркемсөз бен көсемсөздің шебері, елдік істердің, бірлік пен ынтымақты нығайту жолындағы игі шаралардың бастамашысы еді. Сол бастамаларының бірі «Ырыс алды – ынтымақ» жобасы оңтүстік өңіріндегі ең айтулы іс болды. Аталған жобада қаншама маңызды мәселе көтерілді. Соның бірі – халықты бірлікке, ынтымаққа шақыру болса, екіншісі жастардың тәрбиесіне арналды. Ал «Ұлысымның ұйытқысы – оңтүстік» атты акцияның авторы әрі тұрақты жүргізушісі ретінде Әбдіжәміл Нұрпейісов, Әбіш Кекілбайұлы, Қадыр Мырза Әлі, Әкім Тарази, Дулат Исабеков, Төлен Әбдіков, Бексұлтан Нұржекеұлы, Нұрлан Оразалин, Исраил Сапарбай, Иран-Ғайып, Мұхтар Шаханов, Смағұл Елубай, Мереке Құлкенов, Есенғали Раушанов, Қасымхан Бегманов, тағы басқа қаламгерлерді оқырмандармен жүздестіруге ұйытқы болды. Күні кеше өткен іс-шаралар Мархабат көкеміз бақилыққа аттанғаннан кейін де ел бірлігін ойлайтын ерекше қасиетін паш еткендей. Себебі еншісі бөлінбеген екі өңір – Түркістанда түңлігі түріліп, Шымкентте жалғасуының өзі жарасымды. Шымкент пен Түркістанның зиялы қауымы да ортақ, оқырманы да ортақ. Айтулы іс-шараны бірлесе өткізуі ынтымақтың, бірліктің үлгісі іспетті. Мархабат Байғұт – «Түркі әлеміне қызмет» сыйлығының иегері. Осы орайда жазушының мерейтойына арналған барлық іс-шарада түркі мемлекеттері зиялы қауымының қатысуы түркі елдері қаламгерлері бірлігінің көрінісіндей болды. Олар Түркістанда, Шымкентте, Таупістеліде жазушының шығармалары бойынша мазмұнды да тағылымды баяндамалар жасап, көпшіліктің сүйіспеншілігіне бөленді. Яғни Мархабат Байғұттың шығармалары түркі әлеміне кеңінен таныла беретін болады. Үш күн бойғы ауқымды да айтулы іс-шараларды өткізуге қолдау көрсеткен Түркістан облысы және Шымкент қаласының әкімдігіне әдебиетсүйер қауымның, қаламгерлердің айтар алғысы мол, ел риза.
Айта кетелік, «Amanat» партиясының Түркістан облыстық филиалы жанындағы «Miras» кеңесі кезекті отырысын Қазығұрт ауданында өткізіп, Қазығұрт тауына шыққан. Кеңес төрағасы Қалыйма Жантөрееваның айтуынша, аталған іс-шара «Miras»-тың ең алғашқы төрағасы Мархабат Байғұттың 80 жылдығына арналған.
Сөз соңында Мархабат Байғұт атындағы Әдебиетшілер үйін ашу мәселесі жазушының мерейтойына арналған барлық іс-шараларда көтеріліп, қолдау тапқанын айта кетелік. Иә, ертеңгі күні ашылатын бұл орталықта Махаңның ғана емес, бүкіл оңтүстік өңірі қаламгерлерінің дүниелері сақталатыны аян. Зиялы қауым өкілдері бас қосып, әдеби-көркем шығармаларды талдап, талқылап, сан түрлі кездесу, әдеби-сазды кеш өткізілетін болады. Жастардың танылуына, шыңдалуына, бағыт-бағдар алуына да септігін тигізері анық. Жастар демекші, Ө.Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетінде М.Байғұт атындағы аудитория ашылмақ. Ал облыстық «Фараб» әмбебап-ғылыми кітапханасында жазушының атындағы оқу залы көпшілікке қызмет көрсетіп келеді.
Түркістан – Шымкент – Таупістелі