Спорт • Бүгін, 08:25

Жарыс күнделігі

10 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Халықаралық футбол тарихы мен статистикасы федерациясы (IFFHS) осы спорт түрін серік еткен саңлақтар арасынан ең үздіктерді анықтады. Аталған ұйым Аргентинаның арланы Лионель Мессиді теңбіл доптың теңдессіз шебері деп таныды. Екінші және үшінші орындарды Пеле мен Диего Марадона иеленді. Сондай-ақ ТОП-10-дықтың қатарында Криштиану Роналду, Йохан Круифф, Роналдо, Зинедин Зидан, Франц Беккенбауэр, Альфредо де Стефано, Роналдиньо сынды дүлдүлдер бар.

Жарыс күнделігі
  • «Дядя Ваня» телеграм-арнасы отан­дық теннисшілердің биылғы табысын жария етті. Ең көп олжаға кенелген – Елена Рыбакина. Бұл күндері WTA тізімінде 12-орында тұрған отандасымыз жыл басынан бері 1 200 000 доллар көлемінде пайда тапты. Екінші орында – Юлия Путинцева. Еліміздің екінші ракеткасының табысы – 503 мың доллар. Үздік үштікті Александр Шевченко түйіндеді – 459 мың доллар. Одан кейінгі сатыларға Александр Бублик (339 мың доллар), Анна Данилина (120 мың доллар), Михаил Кукушкин (104 мың доллар), Дмитрий Попко (80 мың доллар), Тимофей Скатов (48 мың доллар), Денис Евсеев (36 мың доллар), Бейбіт Жұқаев (32 мың доллар) жайғасты.
  • «Алаш Прайд» промоушенінің мұрындық болуымен 27 мамырда Ас­танада жалауы желбірейтін дүбірлі жарыста қазақтың әйгілі аралас жекпе-жек шебері, кезіндегі «ONE Championship» ұйымының алтын белбеу иегері Қайрат Ахметов (24-3) жеңіл салмақтағы UFC-дің экс-чемпионы, америкалық Алджамейн Стерлингпен күш сынасады. Қос саңлақ грэпплингтің ережесі бойынша айқасады.
  • Спорттық гимнастикадан Сло­венияның Копер қаласында өткен «Challenge Cup» турнирінде Диас Тойшыбек (14,033 ұпай) «ат» жаттығуында алдына жан салмай, алтын тұғырға көтерілді. Күміс медальді қазақтың тағы бір дарынды ұлы Зейнолла Ыдырысов (13,866 ұпай) еншілесе, албаниялық Матвей Петров (13,200 ұпай) қолаға қол созды.
  • Қытайдың Цзяншань қаласында ауыр атлетикадан ерлер мен әйелдер арасындағы Азия чемпионаты аяқталды. Жарыста еліміздің құрамасы тым нашар өнер көрсетті. 15 зілтеміршінің тек екеуі ғана жеңіс тұғырына көтерілді. 73 кг салмақ дәрежесіндегі Пётр Хреб­тов қола медаль, 102 кг салмақтағы ­Артём Антропов күміс жүлде еншіледі.
  • Халықаралық ауыр атлетика феде­­ра­циясының ресми сайтында ал­дағы кезде ерлер мен әйел­дер арасындағы Азия чемпионаттары қай жерлерде өтетіні жария етілді. Сонымен 2026 жылғы сары құрлықтың басты додасын Үндістанның Гандинагар қаласы қабылдайды. 2027 жылғы жарыс Оңтүстік Кореяның Чонжу шаһарында ұйымдастырылады. 
  • Футболдан Қазақстан Премьер-лигасының тоғызыншы туры аяқталды. Матчтарда мынадай нәтижелер тір­кел­ді: «Оқжетпес» – «Ақтөбе» 1:3, «Аты­рау» – «Жетісу» 1:1, «Елімай» – «Қай­рат» – 1:0, «Ұлытау» – «Астана» 0:2, «Жеңіс» – «Қызылжар» 0:0, «Қай­сар» – «Тұран» – 1:0. «Тобыл» мен «Орда­басы» арасындағы кездесу ауа райы­ның қолайсыздығына байланысты ке­йінге шегерілді. Турнир кестесінде қор­жы­нында 25 ұпайы бар «Ақтөбе» көш бас­тап тұр. Екінші орындағы «Қайраттың» олардан екі ұпайы кем. Үшінші сатыға 21 ұпаймен «Астана» жайғасты.