
- Италияның Турин қаласында Александр Бубликтің жұлдызы жанды. «Челленджер» санатындағы додада еліміздің бірінші ракеткасы қарсылас шақ келтірмеді. Жүлде қоры 227 270 еуроны құраған жарыстың бастапқы бәсекелерінде барлық қарсыластарын еш қиналмай ұтқан жерлесіміз ширек финалда әлемдік рейтингте 51-орында тұрған аргентиналық Томас Мартин Этчеваримен күш сынасты. 25 жастағы Оңтүстік Американың оғыланы осыдан екі жыл бұрын Ролан Гарростың ширек финалына дейін жетіп, үздіктер тізімінде 27-орынға дейін көтерілді. 2 сағат 04 минутқа созылған сайыс 6:2, 3:6, 7:5 есебімен Бубликтің пайдасына шешілді. Жартылай финалда Александр АТР рейтингінде 71-сатыда тұрған германиялық Даниель Альтмайерден айласын асырды – 6:2, 6:4. Финалда қытайлық Бу Юден (73) басым түсті – 6:3, 6:3.
- Екі жылға созылған үзілістен кейін кортқа қайта оралған Зарина Диас та өз жанкүйерлерін қуантты. Ол Жапонияның Курумэ қаласында жалауы желбіреген ITF W50 турнирінде алдына жан салмады. Алғашқы айналымдарда жергілікті ойыншыларды ұтқан жерлесіміз жартылай финалда қытайлық Мейлин Ванды қапы қалдырды – 6:3, 3:6, 7:5. Финалда жапониялық Аяно Шимицуге шаң қаптырды – 6:4, 6:3.
- Еліміздің екінші ракеткасы Юлия Путинцева Францияның Страсбургіндегі турнирдің тұсаукесер кездесуінде словакиялық Ребекка Шрамковаға еш қайрат көрсете алмады – 0:6, 4:6. Жарыста Путинцевадан бөлек Елена Рыбакина да өнер көрсетеді. Ол алғашқы айналымда бос болды. Екінші кезеңде бірінші ойынында германиялық Ева Листі жеңген қытайлық Ван Синьюймен шеберлік байқасады.