
Shakarim University төрінде қазақ жылқысының тарихы төңірегінде алғаш рет халықаралық ауқымда жиын болды. Қазақ елімен мен Қытайдың жетекші ғалымдары, ауылшаруашылық университеттері мен ғылыми-зерттеу институттарының өкілдері бас қосқан конгрессте жылқы шаруашылығы туралы ұлт пен адамзат тұрғысынан зерделеніп, саланың ғылыми, мәдени және экономикалық негіздері безбенделді.
«Бұл іс-шара Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың аграрлық ғылымды жаңғырту және генетикалық қорды сақтау туралы стратегиялық тапсырмасына сәйкес, ұйымдастырылып отыр. Қазақ жылқысы – көшпенді ұлттың өмір сүру формасын сақтап қалған тұтас бір өркениеттік феномен», дейді ұйымдастырушылар.
Олардың айтуынша, қазақ жылқысы – ғасырлар бойы табиғи сұрыпталудан өткен, жылдың төрт мезгілінде жайылым да жүретін төзімді жануар. Ғалымдар оны тек ет өнім ғана емес, мәдени код ретінде қарастыру керектігін айтады.
«Біз жылқы шаруашылығына жай аграрлық сала ретінде қарамаймыз. Бұл – ұлттық болмыстың, мәдениеттің, дәстүрдің, тіпті азық-түлік қауіпсіздігінің негізгі тіректерінің бірі. Осы конгресс арқылы біз қытайлық әріптестермен бірге жылқы өсірудің болашағына, оны экспорт, селекция, репродукция, білім беру, ғылыми зерттеу және ұлттық бренд ретінде дамытуға қатысты ортақ пайым қалыптастырдық. Бұл – стратегиялық деңгейдегі келісім. Бұл – нақты жоспар. Ендігі кезекте, біз осы бағытта үздіксіз жұмыс істеуге дайынбыз», дейді Shakarim University ректоры Думан Орынбеков.
Ал Қытай елінің Ауыл шаруашылығы университетінің профессоры Шэн Минзэн Абай облысындағы Бесқарағай ауданында орналасқан асыл тұқымды шаруашылықтарға барып, жабы және мұғалжар жылқыларының жергілікті типтерімен танысты.
«Біз бұл жерден ерекше селекция жұмысының нәтижесін көрдік. «Бесқарағай» типінің қалыптасуы кездейсоқ емес – бұл көп жылғы ғылыми ізденістердің, генетикалық материалмен мұқият жұмыстың нәтижесі. Мен көрген жылқылардың шабысы, дене бітімі, төзімділігі ерекше әсер қалдырды. Бұл – нағыз ұлттық тұқым. Қытай мен Қазақстан репродукция салаларында күш біріктірсе, жылқы шаруашылығы тек аграрлық бағыт емес, болашағы зор өнеркәсіп саласына айналуы мүмкін», дейді ол.
Профессор Шэн Минзэн сондай-ақ бұл салада ғылым мен тәжірибенің ажырамас бірлігін айта келе, Shakarim University-де басталып жатқан жұмыстардың жүйелілігіне оң баға берді.
Конгресс нәтижесінде 2025-2027 жылдарға арналған басым бағыттар қамтылған арнайы резолюция қабылданды. Құжатта бірқатар нақты міндеттер көрсетілген. Атап айтқанда, Shakarim University базасында жылқы шаруашылығы бойынша ғылыми-инновациялық орталық құру – оның құрамында жылқы генетикасы мен репродукциясы зертханасы, оқу-тәжірибелік ферма ашу, жабы және мұғалжар тұқымдарын селекциялау жөніндегі ұлттық бағдарлама әзірлеу, ұлттық цифрлық реестр мен асыл тұқымды жылқылардың бірыңғай деректер базасын қалыптастыру, жастарға арналған арнайы білім беру бағдарламаларын іске қосу, халықаралық серіктестік жобаларды жүйелі түрде дамыту болып отыр.
Бұған қоса Ғылым және жоғары білім министрлігіне жолданған арнайы үндеуде жылқы шаруашылығы жөніндегі ұлттық бағдарламаға ресми мемлекеттік мәртебе беру, университеттер мен ғылыми-зерттеу институттары жанында тұқымдардың генетикалық мониторингін жүйелі жүргізу, сондай-ақ Shakarim University-ді еліміздің шығысындағы жылқы шаруашылығы бойынша ғылыми хаб ретінде ресми тану ұсынылды.
Конгресс соңында қатысушылар бір ауыздан қазақ жылқысының генетикалық мұрасын сақтау мен нығайтуға, жылқы шаруашылығын ғылым, бизнес және мәдениет ретінде дамытуға, оның беделін көтеруге, әрі осы саланы ілгерілете алатын жаңа буын мамандарын дайындауға жауапкершілік алатынын мәлімдеді.
Абай облысы