«Таза Қазақстан» • Кеше

Семей қалай өзгеріп жатыр?

20 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Сырт көз сыншы. Алғаш Алаш шаһарына келгенде көшенің шаңынан көз аша алмайтын едік. Облыс орталығының тазалығына жауаптыларды аймақ басшысы да аямай сынға алды. Нәтижесінде қазір тек Семей қаласы ғана емес, өңірдің өңі кіре бастағаны сезіледі.

Семей қалай өзгеріп жатыр?

Мемлекет басшысы: «Қалалар мен ауылдардың сәулетті, саябақтар мен ауланың таза болуы, ең алдымен, басқаға емес, өзімізге керек», деген еді. Осыған орай, биыл 4 сәуір күні Абай облысының әкімі Берік Уәли өңір тұрғындарына бейне үндеу жасап, Абай облысының әрбір тұрғынын туған жердің тазалығына, көркеюіне бірге үлес қосуға шақырды.

«Абай облысы ұлы тұлғаның атымен аталған, Алаш арыстарының ізі қалған тарихы терең, табиғаты көркем өңір. Бұл – біздің ортақ үйіміз. Оны таза, жайлы, көрікті етіп ұстау – әрқайсымыздың азаматтық борышымыз. Шын мәнінде, біздің аймақ тоғыз жолдың торабында тұр. Ертістің екі жағасын жалғаған жалғыз көпірден екі алып көршімізге қарай көлік ағыны өтеді. Бұл тұрғыдан алғанда Семейіміз аймақтық көлік-логистикалық хабқа айналып келеді. Бұл бізге үлкен мүмкіндік бергенімен, зор жауапкершілік те жүктейді. Шаһарымыздың тазалығы мен аймағымыздың абыройы сыналатын да осы тұс. Аймақ экономикасы, өнері мен мәдениеті, экологиясы мен тазалығы – баршамызға ортақ. Ал тазалық дегеніміз – жылына бір рет сенбілікке қатысу емес, бұл – біздің өңірде қалыптасуы тиіс үлкен мәдениет», деген еді облыс әкімі.

Үндеуге үн қосқан Абай жұртшылығы тазалыққа расында мықтап кірісті десе де болады. Мәселен, Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының өкілі Бекболат Мұратовтың айтуынша, Абай облысында «Таза Қазақстан» бағдарламасы қарқынды жүріп жатыр.

«Көктемгі екі айлық тазалық марафоны барысында өңір тұрғындары белсенді қатысып, абаттандыру жұмыстары жүргізілді. Сәуір айының өзінде акцияға 100 мыңнан астам тұрғын қатысып, қалалар мен ауыл көшелері тазартылып, абаттандырылып жатыр. Сонымен қатар, полигондарға 20 мың тоннадан астам қалдық шығарылып, 500-ден астам су айдыны тазартылды, олардың жағалауына ондаған мың жаңа көшет отырғызылды. Тек «Семей орманы» резерватының өзінде ғана 1,5 гектар аумақта жастар мен корпоративтік еріктілердің қатысуымен көшет отырғызу акция өтті», деді ол.

Ал 26 сәуірдегі тал егу күніне орай, облыс аумағында 23 мыңнан астам көшет егілген.

Бекболат Мұратовтың айтуынша, ең өзекті мәселелердің бірі болып келген – қоқыс үйінділері. Ғарыштық мониторинг жұмыстарының нәтижесінде 266 қоқыс орны анықталып, облыс көлемінде ондай үйінділер толығымен жойылған.

Кеше облыс әкімі Семей қаласындағы коммуналдық техникалардың жұмысын тексерді. Шаһардағы тазалық жұмыстарын күшейту үшін мердігер компаниялармен бірлесіп 60-қа жуық жаңа арнайы техника сатып алу жоспарланды. Бүгінде 10 жаңа техника іске қосылды. Бұл өз кезегінде 100-ге жуық жаңа жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді.

«Қала тазалығына байланысты тұрғындар тарапынан аз шағым айтылмайды. Сондықтан бұл бағыттағы жұмысты жандандырдық. Алдағы уақытта облыс орталығында арнайы техникалардың санын көбейтеміз. Қала келбетін жақсарту, тазалықты сақтау күнделікті және жүйелі жұмысты қажет етеді», – деді аймақ басшысы.

Арнайы техникалар қыста қар күреп, көктем, күз айларында жолдарды жуып-тазалауға, көшелерді сыпыруға, құм себуге арналған. Ал жаңа техникалар қаланың орталық көшелерінен бастап, барлық шағын аудандар мен тұрғын үй кешендерін тазалауға жұмылдырылатын болады.

Абай облысы