Жұмысшы мамандықтар жылы • 21 Мамыр, 2025

Өндіріс – бір жақта, білім – бір жақта: Тарифтік анықтамалық неге жаңармай келеді?

100 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Жуырда Мәжіліс қабырғасында еліміздегі жұмысшы мамандықтарына арналған Бірыңғай тарифтік-біліктілік анықтамалықтың (БТБА) осы күнге дейін жаңартылмағаны туралы өткір мәселе көтерілді. Бұл құжаттың соңғы рет қайта қаралғанына 35 жыл болған. Содан бері өндірістік процестер, еңбек нарығы мен технологиялық жүйелер түбегейлі өзгерді, ал жұмысшыларды даярлау жүйесі сол ескі талаптармен жұмыс істеп отыр. Бүгінгі таңда көптеген мамандықтар цифрландырылып, автоматтандырылған. Жаңа өндірістік стандарттар, еңбек құралдары, технологиялық талаптар енгізілді. Бірақ білім беру жүйесі мен өндіріс арасындағы байланыстың әлсіздігі, сондай-ақ ескі тарифтік негіз кәсіби дайындықтың сапасына кері әсер етіп отыр. Бұл мәселе тек техникалық кадрлар дайындауға ғана емес, еңбек нарығының тиімділігіне, жалақыны әділ бағалауға, жұмыс сапасына тікелей әсер етеді. Мұндай жағдайда негізгі сұрақ туындайды: Ескі жүйеден арылып, кәсіби білім мен өндіріс арасындағы алшақтықты қалай жоямыз? Кәсіптік стандарттар заман талабына сай ма? Жұмысшы мәртебесін арттыру үшін қандай нақты шаралар керек? Осы және өзге де маңызды мәселелер төңірегінде Мәжіліс депутаты, «Amanat» партиясы фракциясының мүшесі Мұқаш Ескендіровке бірнеше сауал жолдаған едік.

Өндіріс – бір жақта, білім – бір жақта: Тарифтік анықтамалық неге жаңармай келеді?

– Мемлекет басшысы 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялады. Осы аясында қандай нақты өзгерістер енгізілуі тиіс деп санайсыз?
– «Жұмысшы мамандықтарының мәртебесін көтердік» деген сөз іс жүзінде көрініс табуы қажет. Жай ғана декларациямен шектелуге болмайды. Мәселен, қазіргі қолданыстағы Бірыңғай тарифтік-біліктілік анықтамалық Кеңес Одағы ыдырар алдында қабылданған. Содан бері 35 жыл өтті, ал бұл құжат әлі күнге дейін күшінде.

Сол уақыттан бері өндіріс, құрал-жабдықтар, техникалық жүйелер – бәрі өзгерді, тіпті мамандық атаулары жаңарып жатыр. Бірақ тарифтік разрядтар бұрынғы қалпында, жалақы есептеу жүйесі де заманнан артта қалған.

Мысалы, бір ғана аппаратшының 4, 5, 6 разряды бар. Бірақ олардың атқаратын жұмысы, күрделілігі, біліктілік талаптары мен жалақысы нақты ажыратылмаған. Егер осы анықтамалық жаңартылып, жүйеленген болса, өндірістегі мамандар әділ жалақы алып, өз кәсібіне деген сенімі артар еді. Жұмысшы жылы аясында ең алдымен осы іспетті нақты жұмыстар қолға алынуы тиіс.

– Техникалық және кәсіптік білім беру (ТжКБ) жүйесі еңбек нарығының сұранысына қаншалықты бейімделген?
– Өкінішке қарай, ТжКБ жүйесінің шамамен 60%-ы еңбек нарығының нақты сұранысынан алшақ. Қазіргі таңда техникалық мамандықтарға берілетін мемлекеттік гранттар колледждер мен жоғары оқу орындарына бағытталуда. Алайда білім беру сапасы, әсіресе колледждерде өте төмен. Теория үстірт беріледі, студенттер сабаққа қатыспайды. Дуальді білім беру жүйесі формалды сипатта ғана.

Мысалы, студент аптасына екі күн теория алса, үш күн нақты кәсіпорында жұмыс істеуі керек. Бірақ көптеген кәсіпорындар бұл талапты орындамайды. Жастарға ең төменгі жалақы беріп, жұмыс орнында тәжірибе алуға мүмкіндік жасалуы қажет.

Сонымен қатар, университеттердің зертханалық базасы да өте әлсіз. Химия мамандығы бойынша, мысалы, биоорганикалық, электрохимия, мұнай-химиясы, пластмасса және резина бағыттары бойынша 12–13 түрлі зертхана болуы тиіс. Алайда шындық – кітапхана мен интернеттен әрі аса алмай отырмыз. Сондықтан техникалық мамандықтар оқытылатын ЖОО-ларды заманауи құрал-жабдықтармен жабдықтау – кезек күттірмейтін мәселе.

– Сіз химия өнеркәсібінде ұзақ жыл еңбек еткен мамансыз. Фосфор өндірісінің қазіргі жағдайы мен болашағы туралы не айтасыз?
– Қазіргі таңда «Қазфосфат» және «ЕуроХим-Қаратау» сияқты компаниялар Жамбыл мен Түркістан облысындағы кен орындарында фосфор және фосфорлы тыңайтқыштар өндірумен айналысады. Өнімдердің 94 пайызы экспортқа бағытталған. Оның 70 пайызы Еуроодақ елдеріне, АҚШ, Жапония, Үндістан және Қытайға жөнелтіледі.

Фосфор өндірісінің болашағы өте зор. Қазіргі таңда жылына 3–3,5 млн тонна фосфорит өңделеді. Ал жалпы қоры 15 млрд тоннадан асады. Болашақта мұнай мен газ сарқылуы мүмкін, бірақ ауыл шаруашылығына қажетті тыңайтқышсыз әлемді асырау мүмкін емес. Сондықтан фосфор – стратегиялық ресурс.

Бүгінде елімізде 120 мың тонна сары фосфор мен 1 млн тонна фосфор тыңайтқышы шығарылады, ал болашақта бұл көлемді 4–5 млн тоннаға жеткізу қажет. «ЕуроХим» компаниясы алдағы 2–3 жылда жаңа қуаттылықтарды іске қосуы тиіс. Егер бұл жүзеге асса, отандық өндіріс көлемі мен экспорт әлеуеті едәуір артады.

– Мәжілісте қаралған «тауарлардың шыққан елін айқындау туралы» заң жобасы туралы айтып өтсеңіз. Жаңа реестрдің артықшылығы қандай?
– Иә, бұл заң жобасы Мәжілісте қабылданып, Сенатта екі оқылымнан өтті. Қазір Президенттің қол қоюын күтіп отырмыз, ол таяу апталарда орын алуы тиіс. Заң 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енеді.

Жаңа жүйе – бірыңғай тауар өндірушілер реестрі. Оған енбеген кәсіпорын мемлекеттік қолдауларға ие бола алмайды. Бұрын жалған отандық өндірушілер түрлі жолмен СТ-KZ және индустриялық сертификаттар алып, мемлекет тарапынан қолдау алып жүрген. Жаңа заң сол алаяқтық схемаларға тосқауыл қояды.

Реестрге ену үшін нақты өндірістік база, технологиялық операциялар, өнім шығару мүмкіндігі болуы шарт. Онымен бірге Қаржы, Еңбек, Өнеркәсіп және басқа да 5–6 министрліктің ақпараттық базалары біріктіріледі. Бұл қолдауды тек шынайы отандық өндірушілерге бағыттауға мүмкіндік береді.

Әңгімеңізге рахмет!