
Фото: ашық дереккөзден
Сонымен қатар республикамыз Еуропалық одаққа сұранысқа ие құнарлы мал азығы – күнбағыс шротының негізгі үш жеткізушісінің бірі саналады. Өткен маусымда май, шрот және күнжара сатудан түскен экспорттық кіріс 562 миллион АҚШ долларына жетті. Мұндай өсуге өсімдік шаруашылығындағы басымдықтарды біртіндеп өзгерту арқылы қол жетті. Таяу жылдары бұл көрсеткішті жыл сайын 1 миллиард долларға дейін арттыру жоспарланып отыр. Бұл нәтижеге қол жеткізу үшін өсімдік шаруашылығындағы басымдықтарды біртіндеп өзгерте отырып, бидайдан табысы жоғары майлы дақылдарға, ең алдымен күнбағысқа көшуге ден қойылады.
«Қазіргі таңда еліміз ішкі нарықты толығымен қамтамасыз етумен бірге бағаны тұрақтандырып, экспортты ұлғайтып жатыр. Мақсат – тек өнімді экспорттау ғана емес, сонымен қатар экономикалық тұрақтылыққа үлес қосып, бүкіл аймақ үшін азық-түлік жеткізушісіне айналу. Сауда және интеграция министрлігінде отандық май өңдеу кәсіпорындарын ілгерілетудің тиімді құралдары бар. Бұл – сауда-экономикалық миссиялар, экспортты жеделдету бағдарламасы, сондай-ақ экспортты ілгерілету шығындарын өтеу тетіктері. Бұлар қазірдің өзінде тікелей нәтиже беріп жатыр.Соңғы 5 жылда отандық өсімдік майын дүниежүзі нарығына жеткізу үдерісі тұрақты түрде өсіп келеді», деп атап өтті QazTrade бас директорының бірінші орынбасары Нұрлан Құлбатыров.
Қазір күнбағыс майы Орталық Азия елдеріне және Қытайға экспортталады. Енді экспорт географиясын Таяу Шығыс елдеріне дейін ұлғайту жоспарланған. Майлы дақылдарды қайта өңдеушілердің ұлттық қауымдастығының төрағасы Ядыкар Ибрагимовтің айтуынша, Қазақстан бәсекеге қабілетті ойыншы бола алатын майлар мен жемшөптің жаһандық нарығы 43 миллион тоннаға бағаланады. Бұл қазақстандық экспорттың ағымдағы көлемінен 42 есе көп. Демек, мемлекет пен жеке сектордың күш-жігерін жүйелі үйлестіре отырып, әлеуетімізді одан әрі дамыта аламыз. Бұл бағытта таяу екі жылда Қазақстанның халықаралық нарықтағы позициясын нығайтуға арналған экспорттық жол картасы әзірленеді.