Сұхбат • 20 Мамыр, 2025

Сүйіндік Алдашев: Заң экономиканың дамуына ықпал етеді

70 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Кеше Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне тауарлардың шығарылған елін айқындау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға қол қойды. Отандық тауар өндірушілерге қатысты бұл заңды сенаторлар жуырда екі оқылымда қарап, мақұлдаған еді. Заң төңірегінде Парламент Сенаты Экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік комитетінің төрағасы Сүйіндік Алдашевке бірер сұрақ қойдық.

Сүйіндік Алдашев: Заң экономиканың дамуына ықпал етеді

– Бұл заң қандай мақсатты көздейді?

– Бүгінгі таңда «Атамекен» ҰКП және оның өңірлік өкілдіктері отандық тауар өндірушілерге сертификаттың үш түрін («СТ-КZ», индустриялық, экспорттық) береді. Айта кету керек, «CT-KZ» ныса­нындағы тауардың шығу тегі туралы сертификат – тауардың партиясына немесе тауардың сериялық өндірісіне берілетін ішкі айналым үшін тауардың шығарылған елі туралы куәландыратын құжат. Ал индуст­риялық сертификат кәсіпорынның өндірістік қуатын растайды, яғни өндіруші жылына шығара алатын және тауарларға, жұмыстарға және қызметтерге берілетін тауарлардың, жұмыстардың, қызметтердің саны. Экспорттық сертификаттар кедендік преференцияларды алу мақсатында немесе импорттаушының сұрауы бойынша беріледі.

Осы сертификаттар жеке сарапшы­лардың қорытындысымен өтеулі негізде беріледі. Осылайша, «CT-KZ» сертификаттарын алу үшін аттестатталған сарапшылар тауардың шығу тегіне сараптама жасауы, өңірлік кәсіпкерлер палаталарындағы құжаттарды талдауы қажет. Индустриялық сертификатты беру кезінде салалық қауымдастық сарапшылары өндірістің жай-күйіне талдау жүргізуге тиіс, соның негізінде өңірлік төлеммен қорытынды беріледі. Кейінгі алты жылда «СТ-KZ» 73 мыңнан аса сертификат және 1 670 индустриялық сертификат, сондай-ақ 365 мыңға жуық экспорттық сертификат берілді.

Дегенмен кейінгі жылдары сертификаттар алу мәселелері бизнес қоғамдастықтың наразылығын тудырды. Мәселен, сертификат алудың қолданыстағы үдерісі адам факторымен шешіліп, мемлекеттік ақпараттық жүйелермен, сондай-ақ отандық өндірушілердің бірыңғай базасымен үйлесім таппай отыр. Сонымен қатар сараптамалық ұйымдардың нормативтік талаптары мен жауапкершілігі төмен, тауарлардың шығу критерийлерінің орындалуы нақты тексерілмейді, мемлекет тарапынан бақылау әлсіз, осыдан келіп сертификаттарды алудың объективтілігі мен ашықтығына теріс әсер етеді.

Бас прокуратураның тексеру қоры­тындысы бойынша тауардың шығу тегі туралы сертификаттарды заңсыз алу, жосықсыз субъектілердің мүдделерін қолдау, тауарға дұрыс емес мәліметтер енгізу және т.б. фактілер анықталды.

Енді заңда отандық тауар өндіруші­лердің тізілімін қалыптастыру кезінде цифрлық деректер пайдаланылады. Бұл кіріс кезеңінде «жалған өндірушілерді» анықтауға мүмкіндік береді, сондай-ақ өтініш беруші мен әкімші арасындағы байланыстарды барынша азайтады. Сарап­тама автоматтандырылып, толыққанды ақпараттық жүйесі енгізіледі.

– Қазір отандық тауар өндірушілер «CT-KZ» нысаны және индустриялық сертификаттар арқылы елімізде қызметін жүзеге асырып келеді. Енді жаңа заң бойынша олардың бірыңғай тізілімі құрылады. Осы тізілім қалай жасалады? Қағидалары мен ережелері қандай?

– Заң жобасына сәйкес, «CT-KZ» сертификаттары және индустриялық сертификаттар сияқты ішкі айналым үшін тауарлардың шығу тегін растаудың бұрын пайдаланылған нысандарын алмасты­ра­тын отандық тауар өндірушілердің тізі­лімін енгізу ұсынылады. Енді өндіру­ші­лер мен олар шығаратын өнімдер туралы мәліметтер бірыңғай порталда орналастырылған бір цифрлық ресурста жиналып, сақталады.

Тізілімге енгізу үшін тауар өндіруші жеке кабинет арқылы өтінім береді. Осыдан кейін цифрлық тексеру жүргізіледі, жүйе өндірістік қызметті растайтын деректердің дұрыстығын автоматты түрде тексереді. Бұдан әрі мемлекеттік органдардың уәкілетті қызметкерлері өндіріс шарттары мен үдерістерін, оның ішінде ұсынылған бейнематериалдар негізінде бағалайды. Қажет болған жағдайда кәсіпорынға көш­пелі тексеру жүргізіледі. Егер тауар толығымен ел аумағында өндірілсе, өнді­рісті бағалау жүргізілмеуі мүмкін.

Оң нәтиже болған жағдайда тізілімге енгізу туралы шешім қабылданады, ал өндіруші тиісті үзінді алады. Бас тартылған жағдайда өтініш берушіге себептері көрсетілген дәлелді жауап жіберіледі және ескертулер жойылғаннан кейін ол өтінімді қайта бере алады. Осылайша, бірыңғай тізілімді құру рәсімдерді жеңілдетуге, ашықтықты арттыруға және отандық тауар өндірушілерді неғұрлым тиімді мемлекеттік қолдауды қамтамасыз етуге бағытталған.

– Көрсетілген тізілімді қосумен қатар одан шығару тәртібі де бар. Соңғысы қалай жүзеге асырылады?

– Иә, тізілімге енгізумен қатар, заңнамада отандық тауар өндірушілерді алып тастау рәсімі де көзделген. Оны өнеркәсіп саласындағы уәкілетті мем­лекеттік орган бірнеше жағдайда жүзеге асырады. Біріншіден, мерзімді мониторинг жүргізу кезінде цифрлық верификация нәтижелері негіз бола алады. Соның барысында өнімнің отандық шығу тегінің сәйкессіздігі, бұзылуы не жоғалуы анықталады. Екіншіден, тауар өндіруші, мысалы, өндірісті тоқтатса немесе қызмет бағытын өзгертсе, тізілімнен шығару туралы өтінішпен өзі жүгіне алады. Бұған қоса егер заңды тұлға таратылса не қайта ұйымдастырудан өтсе (қайта құруды қоспағанда), ол жеке өтініш бермей-ақ автоматты түрде тізілімнен шығарылады. Алайда қайта құрылған жағдайда, жаңадан құрылған заңды тұлға тізілімге енгізуге жаңа өтінім беруі керек. Отандық тауар өндірушілер заңда белгіленген тәртіпті сақтай отырып, тізілімге енгізуге қайта өтінім беруге құқылы.

– Жаңа заңның негізгі мақсатының бірі – өзін отандық деп таныстыратын «жалған тауар өндірушілерге» бақылауды күшейту. Егер осы тізілім барысында да жалған компаниялар тіркеліп, олқылықтар кетсе, бұған кім жауапты? Қалай жауапкершілікке тартылады?

– Біріншіден, кәсіпорындарды отандық тауар өндірушілердің тізіліміне енгізу барынша ашық өтетінін атап өткім келеді. Өздерін отандық деп санайтын «жалған тауар өндірушілер» енді тізілімге қосыла алмайды. Екіншіден, кәсіпорындарды отандық тауар өндірушілердің тізіліміне енгізу бойынша жауапкершіліктің едәуір бөлігін мемлекеттік қызметшілер көтереді. Мәселен, «Мемлекеттік қызмет туралы» заңға сәйкес мемлекеттік қызметшінің құқықтары мен міндеттері регламенттелген (8-бап 2-тарау). Мемлекеттік қызметшілер азаматтық-құқықтық, тәртіптік, әкімшілік, қылмыстық жауаптылықта болады (43-бап 7-тарау).

Бұл ретте қолданыстағы жүйеде Ұлттық палата мен салалық қауымдастықтарға қатысты жауапкершілік шаралары жоқ екенін атап өткен жөн. Сондай-ақ мем­лекеттік қызметшілерге қатысты «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» заңы шеңберінде талаптар, оның ішінде лауазымды адамдарға қатысты сыбайлас жемқорлыққа қарсы шектеулер қолданылады.

– Қазірден бастап тауар өндірушілер қандай құжат дайындауы қажет?

– Отандық тауар өндірушілердің тізіліміне енгісі келетіндер жұмысты «Электрондық үкімет» порталындағы жеке кабинет арқылы өтінім беруден бастауға тиіс. Бұл – бірінші қадам. Заң бойынша талап етілетін бірқатар міндетті құжаттар мен келісімдерді, оның ішінде дербес деректерді қорғау туралы заңға сәйкес дербес деректерді жинауға және өңдеуге келісімді алдын ала дайындау маңызды. Сондай-ақ өндірістік және технологиялық операциялар өндіретін өнімге белгіленген ең төменгі талаптарға сәйкес келетініне көз жеткізу керек. Онсыз өтінім мақұлданбайды.

Өтініш бергеннен кейін цифрлық тексеру кезеңі басталады. Содан кейін (қажет болған жағдайда) өндіріс сырттан тексеріледі. Барлық кезеңнің нәти­желерімен тізілімге енгізу немесе енгізбеу туралы шешім шығарылады. Сондықтан барлық құжаттаманы заңға сай дайындап, өндірістің ашықтығын қамтамасыз еткендердің өтініші табысты болары хақ.

– Заңның жаңа тетігі қолданысқа енгізілгенге дейін берілген тауарлардың шығу тегі туралы және индустриялық сертификаттар қай уақытқа дейін жарамды?

–Тізілімнің жаңа тетігі қолданысқа енгізілгенге дейін берілген «СТ-KZ» тауарларының шығу тегі туралы сертификаттар және индустриялық сертификаттар 2026 жылдың 1 қаңтарына дейін жарамды. Сонымен қатар «СТ-KZ» нысанындағы тауардың шығу тегі туралы сертификаттар және индустриялық сертификаттар келесі жылдың 1 қаңтарына дейін беріледі.

– Тізілімге енбей қалған тауар өндірушілер мемлекет қолдауынан тыс қала ма?

– Енгізілген тетік жалған өндірістерді ынталандыру мүмкіндігін қоспағанда, нақты отандық тауар өндірушілерге ғана қолдау көрсетеді. Өндірісті растау жүйесіндегі қазіргі жағдайды ескере отырып, мемлекеттік қолдау шаралары көбіне атаулы емес түрде ұсынылады. Бұл олардың тиімділігін төмендетеді. Экономиканы дамытуға және әртараптандыруға бағыт­талған мемлекеттік саясатты іске асыру шеңберінде күш-жігерді тек отандық тауар өндірушілерге мемлекеттік қолдау көрсетуге жұмылдыру жоспарланып отыр. Бұл тәсіл ресурстарды неғұрлым мақсатты пайдалануды қамтамасыз етуге, жергілікті өндірісті ынталандыруға және елімізде өндірілетін тауарлар мен олардың өндірушілері туралы ақпаратқа қол жеткізудің бірыңғай нүктесін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

– Әңгімеңізге рахмет!

 

Әңгімелескен –

Гүлнар ЖОЛЖАН,

«Egemen Qazaqstan»