
Сурет: dknews.kz
Жуырда Қаржы мониторинг агенттігінің (ҚМА) Алматы қаласы бойынша департаменті тиісті рұқсат құжаты жоқ цифрлық активтердің заңсыз айналымы ісіне қатысты тергеуді аяқтады.
2020 жылы қыркүйекте кәмелеттік жасқа толмаған күдікті «Telegram» мессенджері мен «Olx» платформасында айырбастау операцияларын жүргізетіні туралы хабарландыру орналастырған. «Binance» криптобиржаның пайдаланушылары тек ересектер екенін ескерген ол аккаунт жасауға ағасынан верификациядан өтуін сұраған. Ал 2021 жылы күдікті айналым сомаларын бөлшектеп, бұғатталуын алдын алып өзінің туыстарының атына қосымша тағы үш аккаунт тіркеген. Нәтижесінде, 2021–2024 жылдар аралығында жалпы сомасы 5,6 млрд теңге цифрлық активтердің заңсыз айналымын жасаған. Осы қызметіне 0,5 пайыздан 2,5 пайызға дейін сыйақы алып отырған.
– Күдікті өзінің заңсыз табысына «Mitsubishi» автокөлігін сатып алған, соттың шешімімен осы автокөлікке тыйым салынды. Сот үкімімен ол ҚР ҚК 214-бабының 2-бөлігі 2-тармағымен (заңсыз кәсіпкерлік, аса ірі мөлшерде табыс алумен ұштасқан) кінәлі деп танылып, 2,5 жылға еркіндігін шектеу жазасына кесілді. Сондай-ақ мемлекет кірісіне 5 172 USDТ цифрлық активтері мен «Mitsubishi» автокөлігі тәркіленді, – деді ҚМА ресми өкілі Ернар Тайжан.
Оның мәліметінше, заңсыз криптоайырбастау өз клиенттерін сәйкестендірмейді және күдікті операцияларды анықтамайды. Сондықтан олардың қызметтерін көбіне кибералаяқтар мен есірткі заттарын өткізушілер пайдаланады. Ал «Цифрлық активтер туралы» заңға сәйкес елдегі цифрлық активтердің айналымына қатысты кез келген қызмет лицензияны қажет етеді.
– Егер экономикалық құқық бұзушылықтар фактілері жөнінде хабардар болсаңыз, «АФМ Insider» телеграм ботына хабарлауыңызды сұраймыз. Оған анонимділікке кепілдік беріледі, – деп ескертті ҚМА ресми өкілі.
Айта кетсек, елімізде 12 криптобиржа тіркелген. Олар «Астана» халықаралық қаржы орталығының ережелеріне сай цифрлық активтермен заңды жұмыс істейді. Жалпы, елімізде тапшы цифрлық активтерді шығаруға және айналымға енгізуге тыйым салынған.
Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің (ЦДИАӨМ) ақпаратына сүйенсек, 2023 жылы «Қазақстан Республикасындағы цифрлық активтер туралы» заң күшіне еніп, 11 заңға қатысты актілер бекітілген. Осылайша, мемлекеттік қызметтер автоматтандырылып, цифрлық майнингке арналған аппараттық-бағдарламалық кешеннің тізіліміне 364 мыңнан аса жабдық енгізілген. Сондай-ақ цифрлық майнинг жөніндегі қызметке 47 лицензия беріліп, 5 цифрлық майнингтік пулдар аккредиттелген.
Құзырлы министрліктің Жасанды интеллект және инновацияларды дамыту комитеті қамтамасыз етілген цифрлық активтерді шығаруға және айналысқа рұқсат береді. Олар осы орайда қамтамасыз етілген цифрлық активтерді шығару жөніндегі қызметті жүзеге асыратын тұлғалардың мемлекеттік тізілімін енгізген. ЦДИАӨМ мәліметінше, қамтамасыз етілген цифрлық актив – материалдық, зияткерлік қызметтер мен активтерге (ақша мен бағалы қағаздардан басқа) құқықты куәландыруға, шығару туралы шешімі болуға, есеп айырысу ақша бірлігі немесе қаржы құралы болмауға, эмитент туралы деректерді қамтуға, ол құрылғанға дейін мүліктік және зияткерлік құқықтарды растауға, сондай-ақ активтің немесе бағалы қағаздарға құқықтардың орнын ауыстыруды тіркеуге тиіс блокчейндегі мүлік. Бұл цифрлық активтерді шығаруға және айналысқа рұқсат беру жөніндегі мемлекеттік қызметті алу үшін өтінішті «Е-лицензиялау» мемлекеттік деректер базасы» ақпараттық жүйесі арқылы жіберу қажет.
Ал цифрлық майнинг ел аумағында цифрлық майнинг жөніндегі қызметке өтініш берушіге үш жыл мерзімге берілетін цифрлық майнинг жөніндегі қызметті жүзеге асыруға арналған лицензия негізінде жеке кәсіпкерлер мен заңды тұлғаларға рұқсат етіледі.
Сондай-ақ қоғамға кеңінен белгілі биткоин криптовалютасы қолма-қол ақша тәрізді жұмыс істейді. Ол үшін банктерге не басқа да ұйымдарға үстемеақы төлеудің қажеті жоқ. Алайда сарапшылардың айтуынша, биткоин курсының көтерілуі мен түсуі әр елдің үкіметіне байланысты. Мәселен, Аустралия, Германия, Нидерланд, Жаңа Зеландия, Сингапур және АҚШ-тың кейбір штаттары биткоин криптовалютасын ашық насихаттаса, Индонезия, Қытай, Ресей, Украинада шектеу қойылған. Тұманды альбион елі де – биткоинді қолдап отырғандар қатарында.
Еліміздің де өз криптовалютасы жасалады. Жуырда Ұлттық банк «стейблкоин» деген атаумен цифрлық актив шығаруды жоспарлап отырғанын мәлімдеді. Осы орайда Мәжіліс депутаттары Ұлттық банк басшылығына сауал жолдаған еді. Сауалға Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов жауап берді.
«Қазіргі уақытта Ұлттық банк цифрлық активті шығару мәселесін пысықтап жатыр. Оның негізін Ұлттық банктің стейблкоин, Крипто-ЦТ секілді цифрлық теңгесі қамтамасыз етеді. Ұлттық банктің цифрлық теңге криптоаналогі бұл жағдайда цифрлық активтермен мәмілелер бойынша есеп айырысу және нарықтың тұрақсыздығы кезеңінде цифрлық активтермен мәмілелер арасындағы құнды сақтау құралы рөлін атқарады. Бастаманы іске асырудың нақты моделі нарыққа қатысушылармен бірге Ұлттық банктің реттеу ортасы негізінде жобаны іске қосудың әртүрлі нұсқаларын тестілеуден кейін айқындалады», делінген ҰБ төрағасының жауабында.
Жалпы, сарапшылар цифрлық активтер ел экономикасы өсуінің драйвері екенін алға тартады.