Білім • 20 Мамыр, 2025

Тұлға тәрбиелейтін орда

80 рет
көрсетілді
18 мин
оқу үшін

Мектеп – бала болашағын қалыптастыратын қасиетті мекен. Ал мектептің сапасы – елдің ертеңіне жасалған инвестиция. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы дәл осы ұстанымды алға тартып, еліміздегі білім беру инфрақұрылымын түбегейлі жаңғыртуды көздейді. Бүгінде еліміз бойынша жүзден астам мектеп құрылысы аяқталып, қолданысқа берілді. Солардың алғашқы қатарында болған Астана қаласындағы №100 мектеп пен Ақмола облысы Қоянды ауылындағы мектеп-лицейге арнайы барып, жаңа форматтағы білім беру кеңістігін өз көзімізбен көріп қайттық.

Тұлға тәрбиелейтін орда

Қоянды ауылының №3 жайлы мектеп-лицейі

«Жайлы мектеп» дегеніміз не? Ол тек жаңа ғимарат па, әлде жаңа көзқарас па? Осы сұрақ­тарға жауап іздеп, мектеп ішін аралап, мұға­лімдер мен оқушылармен тілдестік. Ең бастысы – қала мен ауыл мектебі арасында айырмашылық бар ма, жоқ па – соны аңғаруға тырыстық.

Біз, ең алдымен, елордадағы №100 жайлы мектепке жол тарттық. Мектептің сыртқы сәулеті алыстан-ақ «жайлы мектеп» екенін байқатып тұр. Жобаның мақсатына сай ауласы кең етіп салынған. Мектепке кірген бетте ерекше көрініске тап болдық. Таңғы 07.30-да «Қайырлы таң» жобасы жүзеге асады екен. Мектеп директоры мен мұғалімдер оқушыларды кіреберісте қарсы алады. Жылы амандасып, жақсы тілектерін айтады. Жағымды әуен ойнап тұрды. Жобаның мақсаты – оқушы мен мұғалім арасындағы қарым-қатынасты жақсарту, мектептегі ортаға сенім мен жылулық қалыптастыру. Қарапайым сәлемдесудің өзі оқушының көңіл күйіне оң әсер ететіні көрініп тұр. «Біз үшін басты мақсат – бала мектепке қуанып келіп, қуанып қайтатын орта қалыптастыру. Мектеп – жай ғана білім мекемесі емес, бұл – тұлға тәрбиеленетін орда», дейді мектеп директоры.

а

Астана қалалық №100 жайлы мектеп

Директор Мұрат Ахметов бізді қарсы алып, оқу ордасын өзі таныс­тырып шықты. «Мектеп Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асқан «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында бой көтерді. Біз үшін басты мақсат – балаға интеллектуалдық, физикалық тұрғыда ғана емес, эмоционалдық тұрғыда да қолдау көрсету. Жай­лылық тек жаңа партамен немесе ғимаратпен өлшенбейді. Ол – мұғалімнің қарым-қатынасы, баланың өз ойын еркін айтуы, мектепке құлшыныспен келуі. Сол себепті таңғы «Қайырлы таң» жобасын енгіздік. Мұнда директор да, мұғалім де таңертең оқушыны күлімдеп қарсы алады», деді мектеп басшысы мектепті таныстыра жүріп.

Оның айтуынша, төрт қабатты ғимарат 20 мың шаршы метр аумақты алып жатыр. 130 оқу кабинеті толықтай компьютерлік және мультимедиялық жабдықпен қамтылған. Біз ең алдымен физика кабинетіне бас сұқтық. Жаңа үлгідегі тәжірибе құралдары, зертхана үстелдері мен қауіпсіздік техникасы оқушыны жай бақылаушы емес, зерттеуші ретінде қалып­тастыруға негізделген екен. «Бі­лім сапалы болуы үшін теория мен практика қатар жүруі шарт. Химия, физика, биология кабинеттерінің барлығында қажетті зертхана жабдықтары бар. Лаборанттар сабаққа керек заттарды алдын ала дайындап қояды. Балалар формуланы жаттап қана қоймай, өз қолымен тәжірибе жасап көреді», дейді Мұрат Ахметов. Екінші қабаттағы информатика кабинетіне кіргенімізде 7-сынып оқушылары «Python» тілінде логикалық есептер шығарып отыр екен. Әр оқушының алдында жеке компьютер. Мұғалім тапсырманы интерактивті тақта арқылы түсіндіріп жатыр. Жүйелі интернет пен жылдам техниканың арқасында сабақ барысы еш үзіліссіз жалғасады.

Мектептің кітапханасы да назар аударарлық. Ашық сөрелер мен кең оқу залына жарық молынан түсіп тұр. Ең бір ерекшелігі, мұнда «FaceID» жүйесі енгізілген екен. Оқушы жеке дерегі арқылы кітапты өзі алып, өзі қайтара алады. «Бізде «8 минут» жобасы іске қосылған. Таңғы 8-ге дейін балалар кітап оқиды. Бұл – кітап оқу мәдениетін қалыптастыру мақсатында қолға алынған. Сонымен қатар кітапхана ішінде «Оқырман клубы» құрылған. Балалар оқыған кітаптарын квест, драма, графикалық талдау секілді әдістермен қайта талдайды. Ал бастауыш сыныптарға арналған «Әжемнің ертегісі» жобасы бар», дейді директор.

Жайлы кітапханадан шыққан соң, балалардың тағы бір маңызды қажеттілігі – тамақтану жағдайымен танысу үшін асханаға бет алдық. Дұрыс тамақтану да оқушының күн тәртібіндегі маңызды іс екені анық. Мұндағы тәртіп пен жүйе бірден көзге түседі. Асхана 360 адамға шақталған. Кең әрі жарық. Оқушылар екі лекпен тамақтанады. Бастауыш пен жоғары сынып оқушылары жеке есіктер арқылы кіреді, осылайша екі топ бір-бірімен араласып кетпейді. Бастауыш сынып оқушылары тегін ыстық тамақпен қамтылған. Олар асханаға кіргенде «FaceID» жүйесінен өтіп, жеке тұлғасын автоматты түрде тіркейді. Тамақ ішкен оқушылардың аты-жөні экранда шығып тұрады екен. Бұл – бақылау мен есепті жеңілдететін жүйе. Ас мәзірі әр аптаға жеке жоспарланады. Біз барған кезде балалар өз ретімен тамақ алып, орындарына жайғасып, таңғы асын ішіп жатты. Асханадан шыққан соң, оқушылардың дене шынықтырумен айналысатын орындарын көруге спорт залдарға қарай беттедік. Білім мен тәрбие қатар жүретін мектепте қозғалыс пен сергектіктің орны да ерекше екені белгілі. Мектепте екі үлкен, екі кіші спорт зал бар. Қабыр­ға­лары жұмсақ материалмен қап­талған. Бір залда баскетбол, екінші залда гимнастика өтіп жатыр екен. Қауіпсіздік үшін спорт құралдары арнайы стандартқа сай алынған.

Мектепте ерекше білім беруді қажет ететін оқушылар үшін арнайы жағдай қарастырылған. Инклюзивті білім беру жүйесіне сай мектеп ішінде жеке кабинеттер, дефектолог пен педагог-ассис­тент бөлмелері жабдықталыпты. Мұнда логопед, психолог, дефектолог мамандар жұмыс істейді. Әр оқушыға арнайы оқу жоспары жасалады. «Қазір мектебімізде ерекше білім беруді қажет ететін төрт оқушы бар. Олармен жеке жұмыс жүргізетін педагог-ассистент бекітілген. Баланың сабағына қатысуы, тапсырманы орындауы, сыныппен байланысы – бәрі назарда. Мақсатымыз – осы балаларға өзгелермен тең жағдайда білім беріп, ортаға бейімделуіне көмектесу», дейді мектеп директоры. Сондай-ақ арнайы сенсорлық бөлме де бар екен. Бұл – баланың эмоционалдық жай-күйін тұрақтандыруға арналған тыныш әрі қауіпсіз кеңістік. Бөлме арнайы ойыншықтар мен жұмсақ текстуралы құралдар, жарықпен және дыбыспен жұмыс істейтін құрылғылармен жабдықталыпты.

Мектеп директоры тәрбие жұмысына ерекше мән берілетінін де баса айтты. Оның айтуынша, мұндағы ұстаным – «тәрбие мен білім – егіз». «Біз тәрбие жұмысын академиялық үлгерімнен кем көрмейміз. «Жүз жұлдыз» деген жобамыз бар. Бұл – әр баланың қабілетін танып, оны дамытуға бағытталған бастама. Бірі – музыкада, бірі – спортта, енді бірі суретте ерекшеленеді. Мұғалімдер сол ерекшелікті байқап, баланың «жұлдызын жағады». Осы арқылы әр бала өзін таниды, өз орнын табады», дейді директор М. Ахметов.

Ұлттық құндылықтарға баулу да жүйелі түрде жүргізіледі. Мектепте «Әке мектебі», «Ана мектебі», «Әже мектебі» жұмыс істейді. «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы аясында апта күн­дері тақырыптық бағытқа бө­лінген: дүйсенбі – әдеп күні, сейсенбі – денсаулық, сәрсенбі – кәсіби бағдар, бейсенбі – тазалық, жұма ұлттық құндылық күні ретінде өтеді. Оқушылардың бос уақыты да мазмұнды ұйым­дастырылған. Мектепте роботтехника, «STEM», визуалды дизайн кабинеттері жұмыс істейді. «100 media» деп аталатын мобилография үйірмесі де бар. Балалардың қызығушылығына қарай домбыра, шахмат, тоғызқұмалақ, вокал, театр, дебат клубтары секілді үйірмелерге қатысуға мүмкіндік бар. Әр баланың ынтасы мен дарынына жол ашу – мектептегі тәрбие мен білім саясатының негізі.

Қазіргі таңда мектепте 1 600-ден аса оқушы білім алып жатыр. Ұстаздар құрамында педагог-шебер, зерттеуші, сарапшы, модератор санатындағы білікті мамандар бар. Мұнда тек пән үйретумен шектелмейді – баланы тәрбиелеу, шабыттандыру, қолдау көрсету бас­ты назарда. «Жайлы мектеп» – бұл жай ғана жаңа ғимарат емес. Бұл – жаңа ойлау жүйесі, жаңа көзқарас. Біз баланы құр жаттау­шы емес, өз ойын еркін жеткізе алатын, ортаға бейімделе алатын тұлға ретінде тәрбиелегіміз келеді. Сол үшін барынша жағдай жасалып отыр», деді мектеп директоры Мұрат Ахметов қоштасар сәтте.

па

Қоянды ауылының №3 жайлы мектеп-лицейі

Келесі күні Қоянды ауылына жол тарттық. Жаңа мектептің ауласына аяқ басқан сәттен-ақ, санаңдағы ауыл мектебінің бұрынғы бейнесі түбегейлі өзгеріп сала береді. Бұл – ескі мектептердегі тар сынып, тозған парта, жабдықсыз кабинет емес, заманауи талаптарға сай, оқушыға барынша жайлы әрі қауіпсіз, жаңа форматтағы білім ордасы. Бізді мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Айгүл Көкенай қар­сы алды. Ол жаңадан ашылған мектептің ішкі мүмкіндігін асық­пай, байыппен таныстырып шықты. «Мектеп Президенттің «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 2024 жылы 5 қаңтарда пайдалануға берілді. Қазір мұнда 2190 оқушы оқып жатыр. Бұған дейін ауылда тек екі мектеп болған. Екеуіне сыймай, қалаға барып оқып жүрген балалар үшін бұл үлкен қуаныш болды», дейді Айгүл Көкенай.

Мектеп төрт қабатты. Әр қабаттың өзіндік жүйесі бар. Бас­тауыш сынып оқушылары жеке кіреберістен кіреді. Мұғалімдер бөлмесі әр қабатта орналасқан. Кабинеттердің іші кең, желдету жүйесі жақсы ойластырыл­ған. Мектеп кітапханасы – бөлек әлем. Мұнда да «FaceID» арқылы кітап алуға болады. «Мектеп­тің кітапхана жұмысы тек кітап беру және қабылдаумен шектелмейді. Түрлі жастағы оқушылар мен мұғалімдерге арналған оқырман клубтары да бар. Бұл – оқу мәде­­ниетін қалыптастырудағы маңызды бастамалардың бірі. Бастауыш сынып оқушыларына арналған клубта ертегі, шағын әңгімелер оқып талдайды. Мұ­ғалімдер үшін де арнайы клуб ұйымдастырылған. Өткен жиында біз Мағжан Жұмабаевтың «Педагогика» еңбегін жүйелі түрде оқып, кәсіби тұрғыда өз­ара талдадық. Бұл – бір жағынан ұстаздардың өзін-өзі дамытуына, екінші жағынан оқу мен тәрбие арасындағы байланысты тереңірек түсінуіне әсер етеді», дейді директордың тәрбие ісінің орынбасары.

Әр қабатты аралап жүріп, біз зертханалық форматта жаб­дықталған кабинеттерге бас сұқтық. Мұнда да физика, химия, биология пәндеріне арналған арнайы лаборатория­лар заманауи құралдармен толық жабдықталған екен. Біз физика кабинетіне кіргенімізде, оқушылар судың қозғалысын зерттеп жатқан тәжірибені жүргізіп отырды. Әрбір үстелде су тартқыш, қауіпсіздік жүйелері орнатылған. Технология кабинеті де ерекше әсер қалдырды. Мұнда оқушылар тігін тігіп, сурет салып қана қоймай, ағаштан бұйым жасап, қолөнерге ден қоя алады. Кең бөлмеде оқушыларға қажетті барлық құрал-сайман сақадай сай. Еңбекті үйренуге арналған орта көркем де ыңғайлы етіп жасалған. Кабинетті аралап жүргенде 9-сынып оқушысы Тұлпар Манар­бекұлы­мен сөйлесудің сәті түсті. Ол жаңа мектептің балаға қалай әсер ететінін өз тәжірибесі арқылы айтып берді. «Бұл мектеп – болашаққа бастайтын жол десем артық емес. Бұған дейін Қояндыдағы ескі мектепте оқыдық. Ол да жаман болған жоқ. Бірақ бұл жаңа мектепке алғаш кіргеннен бас­тап бәрі басқаша сезілді. Бұрын кейбір сыныптас­тарым сабақты ұнатпайтын. Ал мына мектепке келген соң бәрі өзгерді. Өзім де бұрынғыдан гөрі ынтамен оқи бастадым. Өз басым сабақтан тыс іс-шараларға белсене қатысып жүрмін. Журналист болғым келеді», деді ол.

Тұлпардың ойын сыныптасы Көркем Тасқынбек жалғап, мектептегі атмосфераның оқушы үшін қаншалықты маңызды екенін айтып берді. Көркем тарих пәнінен пәндік олимпиадаларға қатысып, жүлделі орын алған. Сонымен қатар бейнелеу өнері бойынша да жарыстарға жиі қатысады екен. Қазір ашаршылық тақырыбына арналған ғылыми жобасын дайын­дап жүр. «Мектепке алғаш келген сәт әлі есімде. Ішке кіргенде кең әрі жарық дәліз, жаңа парталар мен тақталар бірден көзге түсті. Бұрын мұндай мүмкіндік болған жоқ. Мұнда тек білім алып қоймаймыз, шығармашылықпен де айналысамыз. Домбыра, би, жетіген үйірмелері бар. Мен домбыра тартып үйреніп жүрмін. Әр аптада киіз үй стилінде жасалған коворкингте рухани іс-шаралар өткізіледі. Ол жерде ұлттық құн­дылықтар туралы әңгіме айтып, күй тыңдаймыз. Бұл бізге ерекше әсер етеді. Сол сәттерде өзіңді тек оқушы емес, үлкен бір мәдени ортаның мүшесі сияқты сезінесің», дейді Көркем.

Ауылдағы мектептің спорттық базасы да қала мектебінен кем түспейді. Мұнда да төрт бірдей спорт залы бар – екеуі үлкен, екеуі шағын. Біз көрген сәтте бір залда волейбол жаттығуы өтіп жатса, екінші залда шахмат пен тоғызқұмалақ ойнап жатқан балалар көзге түсті. Мектеп ұжымы ұлттық ойындарға ерекше мән береді: асық ату, ләңгі тебу секілді қазақтың дәстүрлі ойындары күнделікті сабақтан тыс уақытта жүйелі түрде өткізіледі. Сонымен қатар кең әрі жарық хореография залында би үйірмесі, вокалдық топтар тұрақты жұмыс істейді. Тәрбие ісі жөніндегі орын­басар Айгүл Көкенайдың айтуын­ша, хореография үйірмесіне қатыса­тын оқушылар республикалық байқауларда бақ сынап, алғашқы жетістіктерін көрсетіп үлгерген.

Мектептің өз жобалары да бар. Соның бірі – «Жасыл клуб» экологиялық бастамасы. Биология пәнінің мұғалімі Серікбай Бишәден қолға алған бұл жоба – қоршаған ортаға деген жауапкершілікті арттыруды көздейді. Жоба аясында мектепте қағаз қалдықтарын жинау, қайта өңдеуге тапсыру, бөлме гүлдерін отырғызу, мектеп ішін көгалдандыру секілді жұмыстар атқарылып келеді. «Бұл экологиялық тәрбие ғана емес, оқушылардың бойына ұқыптылық, еңбекқорлық, табиғатқа деген жанашырлықты дарыту жолы. Біз қарапайым әрекеттен үлкен нәтиже күтпейміз, бірақ үлкен өзгеріс дәл осы кішкентай істерден басталады», дейді биология пәні мұғалімі Серікбай Бишәден.

Осылайша, ауыл мектебі де білім берумен қатар, оқушыны өмірге бейімдеп, қоғамға жауап­кершілікпен қарайтын азамат етіп тәрбиелеуге айрықша көңіл бөліп отыр.

Міне, екі мектепті аралап, көзбен көріп, оқушылармен, ұс­таздарымен тілдескен соң, «Жай­лы мектеп» жобасының шын мәніндегі маңызын түйсінуге болады. Жобаның бас­ты ұста­нымдарының бірі – қала мен ауыл арасындағы білім сапасын теңестіру еді. Астананың шетінде орналасқан №100 мектеп пен Ақмола облысындағы Қоянды ауылындағы жайлы мектепке барғанымызда бұл меженің сөз жүзінде ғана емес, іс жүзінде орындалып жатқанын анық байқадық. Екі мектеп те сәулеті мен жабдығы, оқу бағдарламасы мен тәрбие жүйесі жағынан бірдей деңгейде. Қала мектебінде бар мүмкіндік – ауылдағы оқушыға да қолжетімді. Ең бастысы – екі мектеп те рухани ортаға, тәрбие мен тұлғалық дамудың кеңістігіне айналған. Ұстаздардың ынтасы, оқушылардың еркіндігі, ата-анамен тығыз байланыс, ұлттық құндылықтарды жүйелі насихаттау – осының бәрі «жайлы мектеп» ұғымының шын мәніндегі ішкі мазмұнын қалыптастырып тұр.