
Мәдени кеште көрермен француз хореографының танымал бір актіден тұратын балеттерін тамашалады. Атап айтсақ, «Арлезианка», «Бозбала және Өлім», «Кармен» – сахнаның бар сән-салтанатымен көрініс берді. Қойылымдар «Астана Опера» балет труппасының көркемдік жетекшісі Алтынай Асылмұратованың бастамасымен сахналанды. Бұл балеттерді жаңғырту зор күшті талап еткені сөзсіз. Р.Пети хореографиясын театрға алып келумен Луиджи Бонино айналысты. Тарихи декорациялар мен костюмдерді түпнұсқа сызбаларға сай етіп қалпына келтіру француз суретшісі Жан-Мишель Дезире үйлестірген қазақстандық суретшілердің ассистенттеріне жүктелді. Сондай-ақ музыкалық партитуралармен тиянақты жұмыс атқарылды. Айта кетейік, Элмар Бөрібаев пен Руслан Баймурзиннің басқаруындағы оркестр шебер ойнап, үннің тамаша қуаты мен музыкаға деген айқын адалдықты паш етті.
Премьерада балет жұлдыздары, труппаның жетекші солистері мен кордебалет әртістері өнер көрсетті.
Айта кетейік, дәстүрлі фестиваль екі айға жалғасады. Көрерменге 6 маусым күні ресейлік тенордың қатысуымен Ж.Бизенің «Кармен» операсы ұсынылады. Одан бөлек осы айда екі бірегей премьера – П.Чайковскийдің «Ұйқыдағы аруы» мен В.Беллинидің «Капулетти мен Монтекиі» қойылады. Ал 29 маусымда Қытай мен Ресейдің балет жұлдыздары қатысатын гала-балет өтеді. Шілдеде елордалықтар мен қала қонақтары Дж.Пуччинидің «Богема» операсын тамашалай алады. Онда Италия мен Қытайдан шақырылған солистер өнер көрсетеді. Сондай-ақ XXI ғасыр балеті Р.Ребектің «Қазіргі сәт қанша уақытқа созылады?» және В.Цукеттидің «Souvenir de danse» қойылымдары ұсынылады. Дж.Пуччинидің «Турандот» гранд-операсы Қазақстан мен Ресей жұлдыздарының қатысуымен өтеді.
Бұдан бөлек К.Байсейітова атындағы Камералық залда бірқатар концерт ұйымдастырылады. Атап айтсақ, болгариялық скрипкашы Павел Миневтің кеші, Салауат Карибаев пен Алияр Өтетілеу қатысатын виолончель концерті, Мәскеуден келген Елман Ернұрдың фортепианолық солосы, қазақстандық композиторларға арналған вокал кештері көпшілік назарына ұсынылады. Жалпы, мәдени фестиваль аясында көрермен үшін 30-дан астам іс-шара жоспарланған.