Жұмыс • Бүгін, 00:23

Қостанайда бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі өтті

30 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қостанай қаласының орталық алаңында өткен жәрмеңкеге биыл университет, колледж бітіретін мыңнан аса студент жастар келді. Іс-шараға жүзге тарта жұмыс беруші қатысты. Олардың қатарында мемлекеттік мекемелер мен жеке компаниялар да бар.

Қостанайда бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі өтті

Облыстық Жастар ресурстық орталығы өкілдерінің айтуынша, аталған іс-шара жұмысшы мамандықтар жылына орай өтіп отыр.

«Жас түлектер үшін маңызы зор бүгінгі іс-шараны облыстық қоғамдық даму басқармасы, жастар ресурстық орталығының ұйымдастырды. Жүзге тарта кәсіпорын өкілдері келіп, жастарға үш мыңға жуық бос жұмыс орындарын ұсынды», дейді облыстық Жастар ресурстық орталығының басшысы Абай Дүйсеков.

Ресурстық орталық басшысының сөзінше, өңірдегі оқу орын түлектерінің шамамен 90 пайыздан астамы өз мамандықтары бойынша жұмысқа орналасады.

«Барлығы бірдей осы жәрмеңкеде жұмыс тауып кетеді деп айта алмаймын. Оқу орындары өз ішінен де жәрмеңке өткізіп жатады. Түлектер өздері қалаған кәсіпорынға барып, орналасады», дейді А. Дүйсеков.

Жұмыс берушілер қатарында «Қазақтелеком» АҚ, «Отбасы банк» АҚ, «Қостанай минералдары» АҚ, ERG құрамына кіретін «ССКӨБ» АҚ, «KIA Qazaqstan» АҚ, «Allur» АҚ, «Баян Сұлу» АҚ және екінші деңгейлі банктер мен өзге де компаниялар бар.

Бос жұмыс орындары жәрмеңкесі барысында бірталай жас түлекке жұмыс берушіден нақты ұсыныстар түсті. Соның бірі – Қостанай политехникалық жоғары колледжінің түлегі Мансұр Мадияров.  

«Мен өндірістік технологияларға бұрыннан қызығамын. Мамандығым – техник-электромеханик. Осы жәрмеңке арқылы зауыт өкілдерімен тікелей сөйлесуге мүмкіндік туды. Олар маған жазғы тағылымдамадан өтуді ұсынды. Сәтін салса, тұрақты жұмысқа алуы мүмкін», – дейді Мансұр.

Қостанай облысы