Әдебиет • Кеше

Ақын Мұхтар Шаханов шымкенттіктермен жүздесті

50 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Шымкент жұртшылығы Қазақстанның еңбек ері, халық жазушысы Мұхтар Шахановпен кездесті. Іс-шара Ө.Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетінде өтті. Кездесудің аталған оқу орнында өтуі тегін емес. Себебі М.Шаханов қазақ поэзиясындағы дарынды тұлға болумен қатар осы университеттің байырғы түлегі саналады.

Ақын Мұхтар Шаханов шымкенттіктермен жүздесті

 

Шығармашылық кеште «Алқа» әдеби бірлестігінің мүшелері ақынның шығармашылығынан көрініс қойды. Ол «Жеңіс пен жеңіліс арифметикасы» деп аталды. Клуб мүшелері филология факультетінің жас студент өнерпаздары. Қойылымда ақынның әділдік жолындағы күрескерлік өмірдастаны көрсетілді.

Кейін көрерменге бейнебаян ұсынылып, ақынның студент шағында жазған шығармаларының қолжазбалары, мұрағатта сақталып қалған қызықты дүниелері таныстырылды. Жұртшылық ақын өмірінің осы күнге дейін білмей келген қызықты тұстарының куәсі болды. Талай республикалық ақындар айтысында топ жарып жүрген айтыскер ақын Даниял Болысбек Мұхтар атамызға арнау арнап жырдан сұлу сөздер кестеледі.    

Сонымен бірге жалынды жастар ақынның сөзіне жазылған танымал әндерді шырқады. Одан бөлек қаламгердің еңбектеріне арналған кітап көрмесі ұйымдастырылды.  

Шығармашылық кеште ақынның жұбайы Қаншайым Шаханова сөз алып, концерт пен кездесу ұйымдастырып берген жандарға алғыс пен ризашылық сезімін білдірді.

Сондай-ақ әдебиет сыншысы профессор Құлбек Ергөбек өз баяндамасында Шахановты «Адамзаттың биігіндегі ақын» деп атады.  

Кеш соңында рухты қаламгер жиналған көпшілікке өзінің өлеңдерін оқыды. Жастарға салиқалы сөз бен өсиетін арнап ақ батасын берді. Ақын бүгінгі жас ұрпақты терең білім алуға, қажымай еңбек етуге өз елін сүйетін шынайы патриот болуға шақырды.   

Айта кетейік шығармашылық кешті Жәнібеков университетінің басқарма төрағасы-ректор міндетін атқарушы Гүлжан Сүгірбаева жүргізді.   

ШЫМКЕНТ