Мәдениет • Кеше

Елімізде «Музей түні – 2025» акциясы қалай өтті

40 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

18 мамыр әлем бойынша «Халықаралық музей» күні аталып өтілді. Айтулы датаны еліміздегі мәдени мекендер «Музей түні – 2025» акциясымен айшықтады. Бұл күнді келушілер көңілін бұрып, таңғажайып түн форматында өткізу Қазақстанда 2006 жылдан қалыптасты. ҚР Орталық музейінің осы бастамасы бүгінде бұлжымас дәстүрге айналып, осы жылы жиырмасыншы рет ұйымдастырылды. Қазір ел бойынша 294 музей жұмыс істеп тұр. Өткеннің өрнегін бүгінге жеткізіп, болашаққа аманаттар орындарда 4,5 млн жәдігер сақтаулы.  Мәдениет және ақпарат министрлігінің мәліметінше, былтыр Қазақстан музейлерінің табалдырығын 6,6 миллионнан астам адам аттаған, деп жазады Egemen.kz.

Елімізде «Музей түні – 2025» акциясы қалай өтті

Фото: zakon.kz

Ұлттық музейге рухани саяхат

Өткен түні Астанадағы Ұлттық музей мұрасына 37 563 көрермен көзайым болды. Келушілер 20 залдан тұратын экспо­зиция­лық алаңдардағы жәдігерлер туралы терең мағлұмат алды. Мерекеге орай гид қызметін елге есімі белгілі тележүргізушілер Дана Нұржігіт, Зейін Әліпбек, Ерқанат Көпжасар, Ирина Тен т.б атқарды. Сондай-ақ, «Мирас» үйірмесінің зерек шәкірттері мен «балдырған гидтер» бал тілімен көне дәуір залдарына жетелеп, тарихтың тағылымды құпияларын ерекше ықыласпен әңгімеледі. Ал «Күміс жас» жобасының қатысушылары жүрек тербетер әңгімелері арқылы мәдени мұрамыздың мәнін тереңнен толғады.
Театралдандырылған экскурсия өткен дәуірдің үнін сезіндіріп, көне тарихпен жүздестірді. Бұл сиқырлы түнде жәдігерлерге жан бітіп, квест сабаққа белсенді атсалысты. Музейдің әр бұрышында жоспарланған музыкалық, шеберлік сабақтары симфония үнімен астасып, ерекше атмосфералық леп есті.

Аймақтардағы алуан-алуан шара қалай өтті?

Музей түні ел ішіндегі тарихи-өлкетану, мемориалдық музейлердің есігі де айқара ашық болды. Барлығы дерлік арнайы шаралар ұйымдастырып, тарихтың тірі тілін - қоржынындағы жәдігерлерін жарқырата ұсынды.

Алматы облысында «Бабалар тілі - музейлер үні» шарасы Қонаев қаласының басты алаңында ашық аспан астында өтті. Шара барысында аймаққа қарасты музейлер мен  Есік мемлекеттік тарихи - мәдени музей қорығы, Таңбалы мемлекеттік тарихи-мәдени және табиғи музей-қорығы музейі көрме жасақтады. Шарада барысында күнбасты адамдар, сақ, ғұн дәуірінен белгілі абыз билер, хандар мен ақын, батырлардан бастап Қонаев атамызға дейінгі бабаларымыздың жүріп өткен жолын бедерлейтін қойылым қойылды. 

Шығыста да музей мерекесі шырайлы өтті. Семей қаласының облыстық тарихи-өлкетану музейіндегі шара «Уақыт және музей» тақырыбында өрбіді.

Мерекелік шараға мыңға жуық адам қатысып, туған өлке тарихынан тағлымды мағлұмат алып, көрме-жәрмеңкелерге куә болды. Сондай-ақ музейге келушілер ұлы Абай Құнанбайұлы, Әлихан Бөкейхан, Шілікті алтын адамы мен Үржар ханшайымы және Қазақ батыры нақышында киінген кейіпкерлермен суретке түсу үшін фотозона ұйымдастырылды.

Бұл күні батыстағы Ақтөбе өңірі қазақтың батыр қызы Әлия Молдағұлованың мемориалдық музейінде бас қосты. Майдангердің 100 жылдығымен тура келген шарада тұрғындар оның өмірі мен ерлігіне қатысты викторинада бақ сынады. Соғыс жылдарындағы бейнені халық бойына жақындата түсу үшін қарақұмықтан әзірленген ас таратылды.

Түркістан облыстық тарихи-өлкетану музейінде «Музей баршаға ашық» біркүндік акциясы өтті. Келушілер музей экспонаттарын шам жарығымен тамашалады. Осы мәдени ордаға қарасты аудандардағы 24 музейде де тағлымды шаралар, арнайы бағдармаламар ұйымдастырылды.

Осылайша, еліміздің түкпір-түкпіріндегі мәдениет ордалары 14: 00-00: 00 аралығында, түн ауғанша қалың қауымға қызмет көрсетті.