Білім • 19 Мамыр, 2025

Гөзел Құлжабаеваның кітабы неміс тіліне аударылды

230 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Абайдан бастап, қазіргі жас ақындардың өлеңдерін тікелей неміс тіліне тәржімалауға мұрындық болған Қазақстандағы Гёте институты бұған дейін де «Өсімдіктер әлемі» оқу әдістемелік кешеніне арнап 58 тақырыптық кітапша шығарған Гөзел Құлжабаеваның «Өсімдіктердің ғажайып әлемі туралы аңыз-ертегілер» кітабын неміс тілінде жарыққа шығарды, деп жазады Egemen.kz

Гөзел Құлжабаеваның кітабы  неміс тіліне аударылды

Неміс тіліне тікелей аударылып, Steppe & World баспасынан шыққан өсімдіктер мен гүлдер туралы қос тілді кітап Goethe-Institut-тың «Тіршілік бүршіктері» (Lebenssprossen) жобасының қолдауына ие болған.

Орайы келіп тұрған белгілі кәсіпкер бұған дейін де Алматы облысы Кербұлақ ауданының Басши ауылында еліміздегі алғашқы тақырыптық «Абай бағын» отырғызып қана қоймай, өз демеушілігімен туған жерінде 2 гектар жерге қарағайлы бақ, 7 гектарға көктерек орманы, Халық әртісі Нұрғали Нүсіпжановтың құрметіне 5 гектар алма бағы, 10 гектарда «Батыр аналар» саябағын отырғызып, жайқалтқанын еске сала кетуге болады. Осы кісінің арқасында ауылының мектептері де ботаникалық баққа айналды.

Туған өлкесінің жас-кәрісін қуантып, желдің өтіндегі ауылына сая болған, кейінгі өсіп келе жатқан буын үлгі тұтарлық тәлімді істі қарапайым ғана қазақатың қызы, кәсіпкер өз қажыр-қайратымен, өз қаражатымен жобаларын жүзеге асырып келе жатқан «Gulstan-dala» қоғамдық қорының жетекшісі Гөзел Құлжабаева қазіргі таңда көгалдандыру, экотуризм жобаларымен айналасып жүр.

Ал Гёте институтының өкілдері, кітап авторы мен аудармашылар – Аня Туккерман, Райхан Шалғынбаева қатысқан кітаптың тұсаукесері де ерекше әсерлі, қызықты өтті. Салтанатты оқиғаның сәнін келтірген балалар екі тілде кітаптан үзінділер оқып, рухани естелік болатын сыйлықтарға ие болды. Бағдагүл  Ералиева безендірген ерекше кітаптан үлкен де, кіші де табиғаттағы әсем гүлдер туралы қызықты әрі маңызды мәлімет алып, көркем иллюстрациялар арқылы таным көкжиегін кеңейте алады.