Ғылым • Бүгін, 15:01

Алматыда ветеринария ғылымына 120 жыл толуына орай конференция өтті

20 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Алматыда Қазақ ветеринария ғылыми-зерттеу институтының 120 жылдығына арналған халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті. Іс-шарада Қазақстан мен шетелдің ғалымдары биологиялық қауіпсіздік, инфекциялық аурулардың алдын алу және ветеринариялық инновациялар саласындағы өзекті мәселелерді талқылады, деп хабарлайды Egemen.kz

Алматыда ветеринария ғылымына 120 жыл толуына орай конференция өтті

Іс-шараға Денсаулық сақтау министрліктерінің, мемлекеттік органдардың өкілдері, Қазақстан, Ресей, Қытай, Оңтүстік Корея, Еуропа елдері, Беларусь, Грузия, Тәжікстан және басқа да мемлекеттерден келген ғылыми мекемелердің ғалымдары мен мамандары қатысты.

Конференцияның ашылуында сөз сөйлеген Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова аталған институттың еліміздегі алғашқы ғылыми мекемелердің бірі ретінде тарихи маңызын атап өтті.

«120 жылдан астам тарихында Қазақ ветеринария ғылыми-зерттеу институты ветеринария, мал шаруашылығы және қоғамдық денсаулық сақтау салаларының дамуына зор үлес қосты, бруцеллез, сібір ойық жарасы және аусыл сияқты аса қауіпті инфекциялық ауруларға қарсы ондаған диагностикалық әдістер, вакциналар мен дәрілік заттар әзірледі», деді министр.

Конференцияның мақсаты — ветеринария саласындағы ғылым мен практиканың арасындағы ынтымақтастықты нығайту, халықаралық әріптестікті дамыту, биологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мен инновациялық технологияларды енгізудің стратегиялық бағыттарын айқындау.

Пленарлық отырыс барысында отандық және шетелдік сарапшылар ғылыми баяндамалар жасап, ветеринария ғылымының келесі даму бағыттарын талқылады:

– жануарлардың инфекциялық, инвазиялық және инфекциялық емес ауруларын диагностикалау, профилактикасы және емдеу;
– биологиялық қауіпсіздік саласындағы биотехнологиялық инновациялар: зерттеуден коммерциялауға дейін;
– биологиялық және азық-түлік қауіпсіздігі тұрғысынан молекулалық биология және микроорганизмдер геномикасы;
– ветеринария ғылымындағы пәнаралық тәсілдер.

Сонымен қатар конференция шеңберінде ғылыми жетістіктер көрмесі мен институт тарихына арналған мерейтойлық кітаптың тұсаукесері өтті.

Қазақ ветеринария ғылыми-зерттеу институты 1905 жылы құрылған, еліміздегі ең көне ғылыми мекемелердің бірі. 2023 жылдан бастап бұл Институт Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің «QazBioPharm» ұлттық холдингінің құрамына енді.