Парламент • 19 Мамыр, 2025

Жасанды интеллект: Қазақстанда құқықтық негіз қалыптасты

30 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Өткен аптада Қазақстанның цифрлық даму тарихындағы айтулы оқиға орын алып, Мәжіліс палатасы еліміз үшін маңызды қадам жасады. «Жасанды интеллект туралы» заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды.  Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей тапсырмасымен әзірленген заң жобасы – технологиялық прогрестің жылдам қарқынына жауап ретінде жасалған алғашқы іргелі қадам еді.

Жасанды интеллект: Қазақстанда құқықтық негіз қалыптасты

Қазір біз жасанды интеллекті тек IT саласының жетістігі деп айта алмаймыз. ЖИ -  экономикадан бастап, білім мен денсаулық сақтау салаларында, тіпті мемлекеттік басқаруға дейін әсер ететін трансформациялық құбылыс. Сондықтан, осы заң аясында Қазақстан ЖИ дамуы мен қолданылуын құқықтық негізде реттейтін елдердің қатарына қосылып отыр.

Заң не үшін қажет болды?

Бүгінде жасанды интеллект өнімдері жаппай қолданысқа ене бастады. Алайда бұған дейін аталмыш саланы реттейтін нақты заңнамалық база болған жоқ. Нәтижесінде, инвесторлар мен әзірлеушілер үшін белгісіздік пен тәуекелдер орын алып отырды. Мемлекет пен азаматтардың құқықтық қорғанысы қамтамасыз етілмей келді. ЖИ-ге қатысты этика, қауіпсіздік және дербес деректерді қорғау мәселелері ашық күйінде қалды. Сондықтан,  ҚР Парламенті Мәжілісінің Төрағасы Ерлан Қошанов аталған мәселелерге айрықша тоқталып, атап өткен болатын. Жаңа заң жобасы осы олқылықтардың орнын толтыруға бағытталған. Сондай-ақ бірқатар нақты міндеттерді көздеп отыр. 

148

1. Мемлекеттік органдардың құзыретін нақтылау. Жасанды интеллекті қолдану, бақылау және реттеу саласында қай мемлекеттік орган қандай функцияны атқаратыны анықталуы тиіс. Бұл ЖИ жүйелерін лицензиялау, стандарттарды бекіту, этикалық бақылау мен жауапкершілікті белгілеуде маңызды рөл атқарады. Мысалы, цифрлық даму министрлігі техникалық талаптарды, ал әділет органдары заңдық регламенттерді бекітуі мүмкін.

2. ЖИ әзірлеушілер мен инвесторлар үшін "ережелер" белгілеу. Бұл ЖИ саласына қатысы бар барлық тараптар үшін бірыңғай заңды талаптар мен қағидалар анықталады деген сөз. Яғни, нені жасауға болады, нені жасауға болмайды. Қандай деректерді қалай пайдалануға болады және қандай жауапкершілік жүктеледі; Инвесторларға қандай кепілдіктер ұсынылады. Бұл кәсіпкерлер мен стартаптар үшін тұрақты әрі болжамды орта қалыптастыруға мүмкіндік бермек.

3. Қолданушылардың құқықтарын қорғау және қауіпсіздік талаптарын айқындау. ЖИ пайдаланушысының дербес деректері, құпия ақпараты, шешімдерге шағымдану құқығы, және адами бақылау құқығы сақталуын қамтамасыз ететін пункт. Сонымен қатар, ЖИ жүйелері техникалық тұрғыдан қауіпсіз және қате шешім қабылдамайтын, алалаушылық танытпайтын жүйе болуға тиіс.

4. ЖИ жүйелерінің тәуекел деңгейіне қарай саралануы. Барлық ЖИ жүйелері тәуекел деңгейіне байланысты 3 санатқа бөлінеді, бұл ЖИ жұмысының тиімділін арттыратын тетік екені сөзсіз. Төмен тәуекел – қарапайым көмекші жүйелер. (Мысалы, мәтінді түзеткіштер); орташа тәуекел – әлеуметтік желідегі ұсыныстар, сауалнама жүйелері және  жоғары тәуекел – медицина, сот, құқық қорғау саласында шешім қабылдайтын ЖИ. Жоғары тәуекел жүйелері – маңызды инфрақұрылым объектілеріне теңестіріледі және қатаң бақылауға алынады;

5. ЖИ технологияларын енгізу кезінде мемлекеттік саясаттың қағидаттарын бекіту. Бұл жерде әңгіме елдің құндылықтарына, құқықтық және этикалық нормаларына қайшы келмейтін, әділ және адамға қызмет ететін ЖИ құру туралы болып отыр. Мемлекеттік саясат мына қағидаларға негізделуі тиіс:

Адам құқығын сақтау; 

Адами бақылау және араласу;

Зиян келтірмеу;

Ашықтық және түсініктілік;

Ұлттық жасанды интеллект платформасы құрылады

Заң жобасында бұл платформа тек IT саласы үшін емес, жалпы цифрлық даму саясаты үшін стратегиялық құрал ретінде сипатталады. Оның негізгі элементтеріне келсек:

1. ЖИ әзірлеуге арналған біртұтас инфрақұрылым

Бұл – серверлер, деректер сақтау орталықтары, бағдарламалық құралдар, есептеу қуаты және желілік жүйелер жиынтығы. Мемлекет ЖИ жасауға қажетті техникалық базаны ұсынуға міндеттеледі.

2. Әзірлеушілерге арналған деректер кітапханасы

ЖИ жүйелерін оқыту үшін үлкен көлемдегі сапалы деректер қажет. Осы кітапхана – әзірлеушілердің заңды және қауіпсіз түрде қолдануына болатын ашық деректер жиынтығы. Бұл Қазақстанда отандық ЖИ жүйелерін дамытуға негіз болады.

3. Модельдерді оқытуға және тестілеуге арналған аспаптық орта

Әзірлеушілер нейрожелілер мен модельдерді осы ортада сынақтан өткізіп, реттеп, қауіпті қателерін анықтай алады. Бұл – ЖИ-дің адам өміріне тікелей араласуының алдында маңызды қауіпсіздік сүзгісі.

Платформа – тек технологиялық емес, инновациялық экономиканы қалыптастырудың іргетасы болмақ. Өз кезегінде шетелдік және отандық стартаптар мен инвесторлар үшін тартымды орта құруға жасалған нақты қадам саналады.

Жасанды интеллекттің «қара тізімі»

Жасанды Интеллект ел азаматтарының өмір сүру сапасына әсер етіп,  өзіне көп міндет алып отыр. Сол себепті мемлекет қауіпсіздік мәселесін де басты назарда ұстауға тиіс.  Жоба бойынша: ЖИ жүйелері тәуекел деңгейіне қарай жіктелетінін айттық.  

Кейбір жүйелерге толық тыйым салынады, мәселен адамдардың саналы келісімінсіз олардың мінез-құлқына әсер етуі мүмкін ЖИ түрлеріне рұқсат берілмейді. Сондай-ақ адамдардың осалдығын пайдалану (жасы, мүмкіндігі шектеулі болуы), әлеуметтік скоринг жүйелері, эмоцияны тану технологиялары (егер пайдаланушы келісім бермесе), қоғамдық орындарда бет-әлпетті тану (нақты заңды рұқсатсыз), заңнамада тыйым салынған ЖИ нәтижелерін жасау немесе тарату сияқты жүйелерге шектеу болады. 

Бұл талаптар Еуроодақтағы AI Act талаптарына ұқсас – адам құқықтарын қорғауға бағытталған халықаралық стандарттарға сәйкес келеді.

Білім жүйесі артта қалып қоймауы керек

Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов мәселенің тағы бір өзекті қырын көтерді: Қазақстанда ЖИ құралдарын оқушылар жаппай қолданғанымен, оны сауатты пайдалануды үйрету жүйесі әлі жоқ. Мысалы, ChatGPT, DeepSeek секілді құралдарды алайық. ЖИ түрлері үй тапсырмаларын орындауда, шығарма, эссе жазуда, презентация, жобалар жасау кезінде кеңінен қолданылады. Алайда мұғалімдер мен ата-аналар бұл үдерісті басқаруға дайын емес. Оқу бағдарламасында ЖИ құралдарын этикаға сай қолдану, академиялық адалдық, сыни ойлау секілді ұғымдар енгізілмеген.

1589

ЖИ технологиясын тек дамыту емес, оны қоғамға бейімдеу, сауатты қолдану және академиялық әділеттілікті сақтау жолындағы маңызды қадамдар. Осыған байланысты депутат Аймағамбетов бірнеше нақты ұсыныс білдірді. 

1. ЖИ-ге қатысты ұлттық білім беру саясатын қалыптастыру
Қазақстанда жасанды интеллектке қатысты жеке білім беру саясаты жоқ, яғни бұл құралдарды қалай, қай деңгейде, қандай мақсатпен пайдалану керектігі белгіленбеген. Оқушылар мен студенттер ЖИ құралдарын (мысалы, ChatGPT) жиі қолданады. Бірақ оны жауапкершілікпен, этикамен, адалдықпен пайдалану үшін нақты бағыт, мемлекеттік бағдарлама керек.

2. Мектептер мен ЖОО-ға ЖИ модульдерін енгізу
Білім беру ұйымдарының бағдарламаларына ЖИ туралы арнайы пән немесе модуль енгізу ұсынылады. ЖИ – болашақ еңбек нарығының талабы. Оқушылар мен студенттер оны қалай жұмыс істейтінін, қалай қауіпсіз қолдануға болатынын үйренуі керек. Бұл тек ІТ мамандарына ғана емес, барлық салаға қатысты.

3. Мұғалімдерге арналған даярлық курстарын іске қосу
Мұғалімдерге ЖИ-мен жұмыс істеуді үйрететін біліктілік арттыру бағдарламаларын жасау қажет. Көптеген педагогтар ЖИ-ді не үшін, қалай қолдану керегін білмейді, сондықтан оны тыйып тастайды немесе дұрыс бағыт бермейді. Бұл — мұғалім мен оқушы арасында технологиялық алшақтық тудырады.

4. ЖИ қолдануға байланысты әділ бағалау регламентін жасау
ЖИ арқылы орындалған тапсырмалар мен шығармашылық жұмыстарды қалай бағалаймыз? Бұл сұрақ әлі ашық. Сондықтан арнайы әдістеме мен ереже қажет. Кейбір оқушылар ЖИ көмегімен жауаптарды көшіріп алады, бұл академиялық адалдыққа қайшы. Ал кейбірі оны тек көмекші құрал ретінде қолданады. Мұғалімдер оны айыра білуі және әділетті бағалауы тиіс.

5. ЖИ-ді қауіпсіз қолдануға арналған онлайн курстар ұйымдастыру
Оқушылар, ата-аналар және мұғалімдер үшін қолжетімді онлайн оқыту ресурстарын (бейне сабақтар, тесттер, инфографика т.б.) дайындау ұсынылады. ЖИ құралдарын дұрыс қолданбау — ақпараттық қауіпсіздік, жалған ақпарат, этика секілді салаларда қиындық туғызуы мүмкін. Бұл тұрғыда онлайн курстар жаппай білім алуға жол ашады.

Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетовтің ұсыныстары – ЖИ технологиясын тек дамыту емес, оны қоғамға бейімдеу, сауатты қолдану және академиялық әділеттілікті сақтау жолындағы маңызды қадам болмақ.

Адами капитал мен цифрлық егемендік

McKinsey зерттеуіне сәйкес, 2030 жылға қарай әлем бойынша жұмыс орындарының 70%-ы жасанды интеллектпен қатарласа жұмыс істеуді қажет етеді. Қазақстан бұл үдеріске ілесуі керек. Ол үшін технологияны тұтынатын ғана емес, оны жасаушы және реттеуші ұлтқа айналу қажет.

Заңның қабылдануы университет бағдарламаларын қайта қарауға, мемлекеттік кадрлық саясатты жаңа талаптарға бейімдеуге, жаңа салалық стандарттар мен кәсіби біліктілік талаптарын қалыптастыруға негіз болады. Сонымен қатар, медицина, құқық, журналистика, логистика, ауыл шаруашылығы сияқты дәстүрлі салалар да ЖИ арқылы қайта форматталатыны сөзсіз.

Депутаттардың бастамасы мен рөлі: Қазақстандық үлгі қалыптасуда

«Жасанды интеллект туралы» заң жобасы – Қазақстан Парламентінің, соның ішінде Мәжіліс депутаттарының белсенді әрі жүйелі жұмысының нәтижесі. Бұл заң Үкімет емес, депутаттардың тікелей бастамасымен дайындалған, яғни заң шығарушы биліктің техникалық әрі сараптамалық әлеуетінің артып келе жатқанын көрсетеді.

158

Белсенділік танытқан депутаттар қатарында Мәжіліс Төрағасы Ерлан Қошанов, Асхат Аймағамбетов, Екатерина Смышляева бар. Депутаттар жаңа заң жобасын жасау барысында ЕО, АҚШ, Қытай, Эстония, сияқты елдердің халықаралық тәжірибесін саралады.  Сарапшылармен, бизнес, ІТ-сектор және қоғамдық ұйымдармен жұмыс істеп, қоғамдық тыңдаулар мен ашық талқылау алаңдарын ұйымдастырды.

ЖИ туралы ТМД кеңістігіндегі алғашқы заңдардың бірі болмақ

Қазақстанның заңы – ТМД кеңістігіндегі алғашқылардың бірі, әрі халықаралық нормалармен үндес. АҚШ, ЕО, Қытай, Корея сияқты дамыған елдер 2020 жылдан бері ЖИ-ді заңмен реттеп келеді. ЕО қабылдаған AI Act моделін Қазақстан өз заңына бейімдеді.Алайда іске асыру кезеңінде туындайтын қиындықтар да жоқ емес. Мәселен, деректер ғылымы мен ІТ саласында кадртапшылығы байқалады. ЖИ шешімдеріне кім жауап береді деген сұрақ әлі шешілген жоқ. Яғни, этикалық бақылау тетіктері реттелмеді. 

Осы тұста аталған мәселелер мен жаһандық практика елімізде Ұлттық стратегия қабылдануы қажеттігін көрсетіп отыр. Соған сай этикалық кодекстер әзірленіп, бақылау құрылымдары құрылса, қоғамдық кеңестер мен салалық альянстар іске қосылса -  жаңа цифрлық дәуірге жол ашылмақ. 

«Жасанды интеллект туралы» заң – Қазақстанның цифрлық болашағын айқындайтын стратегиялық бағдар. Бастысы – ЖИ қоғам игілігіне қызмет ететіндей, қауіпсіз әрі жауапты ортада дамуы тиіс.