Технология • Бүгін, 09:31

Қазақстанға Орталық Азиядағы ең қуатты суперкомпьютер жеткізілді

20 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Өнімділігі шамамен 2 экзафлопсты құрайтын суперкомпьютер Орталық Азия тарихындағы алғашқы суперкомпьютерлік кластер. Цифрлық даму министрлігі ол жасанды интеллект пен жоғары өнімді есептеулерге арнайы жасалған NVIDIA H200 жаңа графикалық чиптерінің негізінде жинақталғанын мәлімдеді, деп жазады Egemen.kz.

Қазақстанға Орталық Азиядағы ең қуатты суперкомпьютер жеткізілді

Фото: 808.media

Суперкомпьютерді орнату және іске қосып, үздіксіз әрі тұрақты жұмысын қамтамасыз ету үшін Tier III сенімділік деңгейіндегі ЦДИАӨМ-тің жаңа деректер орталығында жүзеге асырылады.

Бұл бастама тек мамандар шеңберіне ғана емес, бүкіл елдің цифрлық экожүйесін дамытуға бағытталған. Мұндай қуаттылық бүгінде денсаулық сақтау, энергетика, білім беру және мемлекеттік қызметтер сияқты барлық салада қолданылып жатыр.

Суперкомпьютер ресурстары баршаға қолжетімді болады. Оларға нейрондық желілерді оқыту үшін есептеу қуаты қажет стартаптар, іргелі және қолданбалы зерттеулер жүргізетін университеттер, сондай-ақ жасанды интеллектті бизнес-процестерге енгізіп жатқан ғылыми орталықтар мен компаниялар қосыла алады.

Суперкомпьютердің жеткізілуі Қазақстанда жоғары өнімді есептеулер экожүйесін дамытуға жол ашып отыр. Осының аясында Қазақстан алғаш рет жоғары технологиялық жабдықты кедендік баж бен ҚҚС-тан босату механизмін құрды. Бұл елімізді халықаралық IT-компаниялар мен деректер орталығы операторлары үшін әлдеқайда тартымды етеді.

Айта кетейік, Абу-Дабидің тақ мұрагері шейх Халед бен Мұхаммед бен Зайд әл Нахаянның Қазақстанға ресми сапары аясында Астанада Presight (G42) компаниясының шетелдік кеңсесі ашылды. Сапар барысында Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі мен Presight компаниясы арасында елімізде суперкомпьютерлік кластер құру жөнінде келісімге қол қойылды.

«Бұл — елдің цифрлық инфрақұрылымын дамытудағы стратегиялық маңызы бар қадам. Ол Қазақстанның цифрлық егемендігін және ЖИ технологияларын дамыту мен жаһандық IT ойыншыларын тарту бағытындағы өңірлік көшбасшылығын нығайтады», деді Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев.