«Болашақ» мұнай мен газды дайындау қондырғысы Атырау облысының Мақат ауданы аумағында орналасқан. Қарабатан елді мекені тұсындағы қондырғы мен Атырау қаласының аралығы – шамамен 35 шақырым.
Телеграм арналарында «Болашақ» қондырғысының аумағында күкірттің жинаулы тұрғаны жөнінде фото жүктелді. Осыған орай мәселенің мән-жайын Атырау облыстық экология департаментінің баспасөз қызметінен сұрастырдық.
«Экологиялық инспекция 2022 жылы North Caspian Operating Company N.V. (NCOC) компаниясының жерүсті кешенін тексеру нәтижелері бойынша бірнеше бұзушылықты анықтады. Біріншіден, рұқсат етілген 730 тонна күкірттің орнына 1,7 млн тонна күкірт орналастырылған. Нормадан артығы – 1,02 млн тонна. Екіншіден, қоршаған ортаны қорғау шараларын орындалмаған. Үшіншіден, экологиялық рұқсатсыз сарқынды суларды ағызған. Төртіншіден, мемлекеттік экологиялық сараптаманың қорытындысында қамтылған талаптар сақталмаған», деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.
Алайда, NCOC компаниясы тексеру нәтижелерімен келіспей, Астана қалалық сотына шағым түсірген. Сот компанияның талап арызын ішінара қанағаттандырып, ұйғарымдағы 10 тармақтың үшеуін заңсыз деп таныған.
«Астана қаласының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы 2024 жылғы 27 ақпанда экология департаментінің шағымын толығымен қанағаттандырды. Табиғат қорғау инспекторлары ұйғарымының барлық тармағы заңды деп танылды. NCOC аталған сот қаулысына кассациялық шағым түсірді. Қазір бұл шағым Жоғарғы Сотта қаралып жатыр», деп мәлім етті департаменттің баспасөз қызметінен.
Атырау облысы