
Іс-шараға Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев, ҰҒА академиктері, жетекші жас ғалымдар, сондай-ақ еліміз өңірлерінен келген 400-ден астам республикалық және халықаралық конкурстардың жеңімпаздары мен жүлдегерлері, ғылыми жетекшілері қатысты.
Жас зерттеушілердің ғылымға аттаған қадамына сәт-сапар тілеп, ғылыми қауымдастықтың әрдайым қолдау көрсетуге әзір екенін атап өткен Президент жанындағы ҰҒА Президенті А.Күрішбаев Оқу-ағарту министрлігімен бірлесіп өткізіп отырған форумның маңызын атап өтті. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ғылым мен инновацияны дамыту мәселесіне айрықша көңіл бөліп отырғанын жеткізіп, Президент тапсырмасымен ғылым жүйесін реформалау бойынша кешенді шаралардың іске асып жатқанын, соның негізінде ғылымды еліміздегі мемлекеттік және қоғамдық дамудың басты қозғаушы күшіне айналдыру жұмыстары қарқын алғанын атап өтті.
– Бүгінгі шара осы реформалардың маңызды құрамдас бөлігі ғана емес, сонымен қатар аға буын өкілдерінің отандық ғылымның болашағына деген қамқорлығының шынайы көрінісі. Сіздерді болашақта халқымыздың біртуар ұлы ғалымдары – Шоқан Уәлиханов, Қаныш Сәтпаев, Әлкей Марғұлан сынды қайраткерлердің ізгілікті ісін жалғастыратын, әлемге танымал ғалымдар қатарынан көргіміз келеді. Жас таланттар – отандық ғылымның болашағы! Халқымызда «Асыл – тастан, ақыл – жастан» деген дана сөз бар. Ғылымның болашағы – жастардың қолында. Олай болса, қабілетті жас таланттарды тауып, оларды заман талабына сай тәрбиелеп, білім деңгейін шыңдау – біздің қасиетті міндетіміз болмақ. Жас таланттарды қолдаудағы Ұлттық ғылым академиясының алғашқы қадамы – былтыр, тәуелсіздік жылдарында тұңғыш рет Ұлттық ғылым академиясы жанынан Жас ғалымдар кеңесінің құрылуымен байланысты. Келесі жасаған маңызды қадам – мектеп қабырғасынан бастап жас дарындарды ғылымға тарту. Форум – жай ғана біржолғы басқосу немесе сән үшін жасалған шара емес, бұл – ғылым саласын креативті ойлайтын, қабілетті жастармен толықтыруға бағытталған ұзақ мерзімді стратегия, – деп атап өтті ҰҒА президенті.
Форум аясында ҰҒА жанынан Жас зерттеушілер академиясы құрылып, оның құрылымы мен жұмыс органдары жасақталды.
Ғылымға қызыққан оқушылардың барлығын қолдау керектігін алға тартқан ҰҒА вице-президенті, академик Асқар Жұмаділдаев:
– Жобалармен танысқанда оқушылардың ғылымға деген ынтасының жоғары екенін байқап отырмыз. Форумға өз аймағында белгілі дәрежеде жетістік көрсетіп, ғылыми зерттеулердің озық үлгісін көрсете білген оқушылар жиналды. Жасаған жобалары, әзірлемелеріне қарап, жас зерттеушілерге қолдау қажет екенін көріп отырмыз. Ұлттық ғылым академиясы ғылымды балалар мен жастар арасында насихаттауды күшейте отырып, осы форум үлгісіндегі жобаларды алдағы уақытта да жалғасытыра беретін болады. Көріп отырғанымыздай, оқушылардың ынта-жігері бүгінде адамзатқа пайдалы, жаһандық мәселе туындатып отырған тақырыптарға ауып, нақты бір салада нәтижелі жоба әзірлер шығуға барынша тырысқан. Бұл жерде ғылыми жетекшілердің де қолдауы ерекше. Ендігі кезекте ғылымға тұрақты қолдау жобаларын жалғастыра беруіміз қажет, – деп атап өтті академик.
Форум оқушылардың ғылыми-зерттеу жобалары мен әзірлемелерін таныстыруға арналған алаңға айналады. Көрмеге ұсынылған жобалардың қай-қайсысын алсақ та, ізденіс пен табандылықтан тұрады. Жобалардың бірі ғарышпен байланысты болса, енді бірі экологияны жақсартуға бағытталған. Табиғи өнімділік пен таза суды тиімді пайдалану, қоқыстарды кәдеге жарату да осы зерттеулерге арқау болып отыр. Мұнда оқушылардың дайындық деңгейі бағаланып, жетекші ғалымдар мен сарапшылар тарапынан пікірлер айтылып, үздік жас зерттеушілер марапатталды.
Үздік ғылыми әзірлеме аталымы бойынша:
1 дәрежелі дипломмен «Бионикалық протез және экзоскелет» жобасы үшін Алмазұлы Айбат, Хасен Сұлтан, 2 дәрежелі дипломмен «KazZAI» ғарыш тік ұшағының жерге пайдасы» жобасы үшін Жорабек Зайнаб, 3 дәрежелі дипломмен «Жоғары дәлдіктегі, өрттің алдын алатын робот-машина» жобасы үшін Раимжан Алимжан марапатталды.
Үздік баяндамасы үшін:
1 дәрежелі дипломмен Алматы қаласы, №178 мамандандырылған лицейдің 10 сынып оқушылары Қажыкелді Жұмабек, Ералы Аманжол, 2 дәрежелі дипломмен Алматы қаласы, Ы.Алтынсарин атындағы №159 гимназиясының 10-сынып оқушысы Даниял Мұрат, Алматы қаласы, №165 мамандандырылған лицейдің 9-сынып оқушысы Аружан Айдарханова, 3 дәрежелі дипломмен Ақтөбе облысынан 11-сынып оқушысы Жансая Нағашыбаева, Қостанай қаласы № 1 мектеп-лицейінің 10 сынып оқушысы Никита Белашов, Астана қаласы, Сұлтанбек Қожанов атындағы №64 мектеп-лицейінің 10 д сынып оқушысы Азат Жұмаш марапатталды.
«Зияткер» білім бәйгесі бойынша №52 жалпы білім беретін мектептің, Шоқан Уәлиханов атындағы №12 мамандырылған гимназиясының оқушылары марапатталды.
Оқушылар форум аясында академик Қ.И. Сәтбаев, археология және Қазақстан ғылымы тарихы музейлеріне экскурсия жасап, жетекші жас ғалымдар мен академиктердің баяндамаларын тыңдап, шеберлік сағаттарына қатысты. Форум қатысушыларына «Қожа – жаңа саяхат фильмі көрсетілді.
АЛМАТЫ