
Бүгін, 28 тамыз 2025 жылы, Алматыдағы MOST IT HUB алаңында Алматы қаласы өңірлік кәсіпкерлер палатасының өңірлік кеңесінің және креативті индустриялар мен IT жөніндегі салалық кеңестің кеңейтілген отырысы ұйымдастырылды.
IT-секторды нығайту және цифрлық экономиканы дамыту бойынша бірлескен қадамдарды айқындау үшін өткен басқосуға бизнес өкілдері, технологиялық компаниялар, инвесторлар мен индустриялық серіктестер қатысты. Жиында Қазақстандағы IT саласын дамытудың өзекті мәселелері – өндірістегі цифрландыру мен B2B шешімдерден бастап, венчурлік қаржыландырудың болашағы мен қаржы секторымен ықпалдастыққа дейінгі тақырыптар талқыланды.
Кеңесте отандық мессенджер Aitu-ға арнайы назар аударылды. BTS Digital компаниясының өкілдері сервис мүмкіндіктерін таныстырып, оның Қазақстанның цифрлық экожүйесіне интеграциялау тетіктерін көрсетті.
BTS Digital бас директорының міндетін атқарушы Жаркынбек Азаматов:
«Қазақстанның болашағы – технологиялық прогресте, ал Aitu-ды дамыту осы жолдағы маңызды қадамдардың бірі. Біздің жұмысымыздың орталығында – пайдаланушы. Aitu-дың күнделікті өмірде ыңғайлы әрі пайдалы болуы маңызды. Біз платформаны азаматтар, бизнес және мемлекеттік құрылымдар үшін құрал ретінде дамытып келеміз. Бүгінде супераппте компанияларға арналған шешімдер бар – чат-боттар мен колл-орталықтарды интеграциялаудан бастап, мини-қосымшаларға дейін. Бұл – жаңа серіктестікке жол ашатын мүмкіндік», – деді.
Цифрландыру тәжірибесімен АО «Қазақстан Халық Банкі» басқарма төрағасының бірінші орынбасары Даурен Сартаев бөлісті. Ол Aitu мессенджері туралы да пікір білдірді:
«Бүгін отандық Aitu мессенджерінің дамуы туралы тың ақпарат алу пайдалы болды. Қазірдің өзінде іске асқан функциялар сервистің әрі қарай дамуына мықты бәсекелік негіз бола алады. Әсіресе шетелдік баламалармен бәсекелестік жағдайында. Бұл – елдің цифрлық егемендігін нығайтудағы маңызды қадам», – деді ол.
Жиын қорытындысын Алматы қаласы өңірлік кеңесінің төрағасы Нұрсұлтан Шоканов жасады: «Мемлекет басшысы елімізде цифрлық экожүйені дамытуға жағдай жасап отыр, бұл елдің бәсекеге қабілеттілігі үшін шешуші фактор. Біздің міндет – бизнес те, қоғам да «цифрлық тұтынушылық патриотизм» қалыптастырып, отандық өнімдер мен сервистердің дамуына қолдау көрсету, оларды жаһандық нарыққа шығаратын бәсекеге қабілетті деңгейге жеткізу», – деді ол.
Кеңесте сондай-ақ BYB Production инвестициялық қорының басқарушы серіктесі А.Белисбеков, «Omir Group Ltd» директорлар кеңесінің мүшесі Д.Кунаев сөз сөйлеп, отандық IT нарығын дамытудың, қазақстандық өнімдерді ілгерілетудің, соның ішінде Aitu мессенджерін қолдаудың маңызын атап өтті.