Сұхбат • 17 Мамыр, 2025

Берік ӘБДІҒАЛИҰЛЫ: Ұлттық музей – тарих пен тағылым тоғысқан орда

190 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін

Халықаралық музей күні – адамзаттың мәдени мұрасын сақтап, ұрпаққа аманат ету жолындағы асыл мұраттарды дәріптейтін мереке. Осы күннің қарсаңында еліміздің рухани-мәдени өмірінде айрықша орны бар Ұлттық музейдің тыныс-тіршілігі, саладағы жаңа бастамалар жөнінде аталған мәдениет ордасының басшысы Берік Әбдіғалиұлымен сұхбат құрдық.

Берік ӘБДІҒАЛИҰЛЫ: Ұлттық музей – тарих пен тағылым тоғысқан орда

– Ұлттық тарихымыз бен мә­дениетімізді зерттеп, насихат­тауда музейлердің маңызы зор. Қа­­зір бұл саланың жағдайы қалай?

– Тәуелсіздік алғаннан бері елімізде музейлер саны артып келеді. Қазір 294 музей бар. Олар­дың басым көпшілігі – тарихи-өлкетану (139), мемориалдық (64) музейлер, музей-қорықтар (13). Осының ішінде 165 музейдің ауыл­дарда жұмыс істеп тұрғанын айрықша атап өткен жөн.

б

Бүгінде музейлерде 5 916 қыз­меткер еңбек етіп жүр. Оның ішінде 17 ғылым докторы, 57 ғылым кандидаты мен PhD бар. Бұл музей қызметкерлерінің ғылым саласына да ерекше көңіл бөлетінін көрсетеді. Барлық музей қорындағы жәдігер саны – 3 697 762. Былтырдың өзінде еліміздегі музейлер қоры 57 220 жәдігермен толыққан екен.

Ұлттық музей еліміздегі бар­лық музеймен тығыз байланыс ор­натып, олардың қызметін үй­лес­тіріп, әдістемелік тұрғыдан ке­­шенді қолдау көрсетеді. 2020 жылы музейдің жанынан Қазақ­с­тан музейлерін дамыту жөнін­дегі үйлестіру-әдістемелік орта­лығы құрылды. Мәдениет және ақпарат министрлігінің қол­дауымен өңірлік музейлермен бір­лесе отырып «Қазақстан Рес­пуб­ликасы мемлекеттік музей қоры каталогі», «Ұлттық мәдени игілік объек­тілерінің мемлекеттік тізілімі» сияқ­ты маңызды элек­трондық-ақ­парат­тық ресурстарды жүзеге асырдық.

Қазір Ұлттық музей «Қазақстан музейлерінің виртуалды желісі» (e-museum.kz) жобасын жүзеге асырып жатыр. Бұл жоба еліміздегі музейлер коллекцияларының электрондық каталогін дайын­дауға, музей мәселелері бойынша жарияланған еңбектердің элек­трондық кітапханасын қалып­тас­тыруға, нормативтік құжат­тар­дың деректер базасын жүйе­леу­ге мүмкіндік береді. Ақпарат­тық порталға еліміздегі 285 музей тура­­лы мәліметтер енгізіліп, Қа­зақстан Республикасының мемле­кеттік музей қоры каталогіне енген 65 221 жәдігер туралы ақпа­рат, 250 жәдігердің 3D моделі орна­ластырылған. Осылайша, «Қа­зақстан музейлерінің виртуалды желісі» арқылы әлем жұртшылығы қазақ халқының тарихи-мәдени мұ­расымен жақынырақ таныса алады.

г

– Ұлттық музей былтыр 10 жылдық мерейтойын атап өтті. Осы жылдар ішінде атқарылған жұмыс пен алдағы күнге жоспар­ланған іс-шараларға ойыссақ...

– Бұл мәдениет ордасы 2014 жылы алғаш келушілерді қабыл­дағаннан бергі он жыл ішінде үлкен белестерді бағындырды. Жыл са­йын жаңа жобалармен толыға келе, қазір 20 залдан тұратын экспо­зиция­лық алаңы қалыптасты. Ежелгі дәуір мен бүгінге дейінгі кезеңді қамтитын музей қорында 220 мыңнан астам жәдігер сақтаулы. Алайда мұндағы құнды жәдігерлерді тек соңғы 10 жыл ішінде жиналды деу үлкен қателік болар еді. Әлемдік музейлер секіл­ді біздің Ұлттық музей де қор қалыптастырудың бірнеше кезеңін басынан өткерді.

– Осы мәселеге тереңірек тоқ­тал­саңыз.

– Ұлттық музей қорының қалыптасу тарихы 1923 жылы 1 ма­­мырда Ақмола қаласындағы Ха­лық үйінің бір бөлігінде ашылған Ақмола уездік тарихи-өлкетану музейінен бастау алады.

Сол кездегі қаржылық қиын­дықтарға байланысты музей бір­неше рет көшіп-қонуға мәжбүр болған. Дегенмен 30-жылдары Ақмола уездік тарихи-өлкетану музейіне ғимарат бөлініп, толық­қан­ды жұмыс істеген екен. Архив деректеріне сүйенсек, 1965 жылы Ақмола облыстық тарихи-өлкетану музейінің қорында 6 261 жәдігер болса, 1985 жылы 74 475-ке жеткен. Оның ішінде ХІХ-ХХ ғасырдағы қазақ халқының ұлттық киім-кешектері, тұрмыстық заттары, зергерлік бұйымдары, сондай-ақ Құран кітаптары, фотоқұжаттар және тағы басқа музей заттары жинақталған. Бұл жәдігерлердің басым бөлігі қазіргі таңда Ұлт­тық музейдің «Қазақтың дәстүрлі мәдениеті» залына қойылды.

– Сонда 1923 жылы негізі қа­ланған Ақмола облыстық тари­хи-өлкетану музейінің қоры Ұлттық музей қорының қалып­тасуына негіз болды ма?

– Солай десек, қателеспейміз. Тарих пен тағылым тоғысқан Ұлттық музей бүгінгі деңгейге жеткенге дейін бірнеше қайта құруды басынан кешірді. Еліміздің тәуелсіздік алуымен 1997 жылы Ақмола қала­сы астана деп жарияланған уақыт­та облыстық тарихи-өлкетану му­зейінің қорында 142 406 дана жәдігер болды. Ақмола облысы мен Астана қаласы арасындағы әкімшілік бөлініс барысында 1999 жылы 24 мамырда мекеме Астана қаласының тарихи музейі ретінде қайтадан құрылды.

н

Кейін музей заттары 2000 жылы 17 қазанда құрылған Прези­дент­тік мәдениет орталығына берілді. 2012 жылы «Назарбаев орта­лығы» мемлекеттік мекеме­сі­нің құрылуына байланысты Пре­зиденттік мәдениет орталығының қорындағы жәдігерлер осы жаңа мекеменің меншігіне өтті.

Бұл кезеңде елордадағы мәде­ниет саласын дамыту мақсатында маңызды реформалар жүзеге асы­рыл­ды. Соның нәтижесінде 2013 жылы шілдеде Ұлттық музей құрылса, 2014 жылы нау­­рызда «Астана» ұлттық сурет га­­лереясы» республикалық мем­­ле­­кет­тік меке­ме­сі ашылды. Жаңа га­лерея 1980 жылы ашылған Аста­на қаласы заманауи өнер музейі мен «Назарбаев орталығы» мем­лекеттік мекемесінің базасы негізінде құрылды.

Елордадағы мәдениет мекеме­лерінің қызметін оңтайландыру бойынша шешім қабылданып, нәтижесінде «Астана» ұлттық сурет галереясы 2014 жылғы 17 сәуір – 20 тамыз аралығында Ұлттық музейге 108 383 бірлік музей жәдігерін табыс­тады. Бұл жәдігерлердің арасында әйгілі Берел қорымынан табылған археологиялық ескерткіштер, түркі дәуіріне тиесілі балбал тас­тар, Абылай ханның, Қазыбек бидің шапан­дары, қазақ халқының қол­өнер бұйымдары, Әбілхан Қастеев, Әубәкір Исмаилов, Камил Муллашев сынды қылқалам шебер­лерінің туындылары бар.

Үкіметтің 2014 жылғы 27 қаң­тар­дағы №28 қаулысына сәйкес Ұлттық музей оған Мәдениет және ақпарат министрлігіне қарасты Алтын және ба­ғалы металдар музейін қо­су арқылы қайтадан құры­лып, оның 40 207 дана құнды жәдігері Ұлт­тық музей қорына табысталды. Олар­­дың ішінде Есік қорғанынан, Тал­­ды-2, Тақсай-1 қорымдарынан та­был­ған сақ, сармат тайпаларына тие­­сілі қару-жа­рақтар, атәбзелдері, зер­­герлік әшекей бұйымдары бар еді.

Осылайша, Ұлттық музей қор жинақтау ісінің 1923 жылдан бас­тау алатынын, оның тарихы бір ғасырдан асатынын мақтанышпен айта аламыз.

– Осы құнды жәдігерлер қалай насихатталып жатыр?

– Ұлттық музей өз қорындағы құнды жәдігерлерді елімізде және алыс-жақын шетелдерде наси­хат­тауға бағыт­тал­ған 300-ден астам көр­­ме ұйым­дас­тырды. Әлемнің 50-ден астам ұйы­мымен өзара әріп­тес­тік туралы меморан­дум­дар­ға қол қойылды.

Сонымен қатар Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин сыйға тартқан қазақ мемлекеттілігінің дамуын көрсететін тарихи карталар да Ұлттық музейдің тұрақты экспо­зиция­­сына қойылды. XVI-ХІХ ғасыр­ларда Ұлыбритания, Италия, Нидер­ланд, Германия, АҚШ картограф­­тары салған бұл кар­талар­ды музей қонақтары ықы­лас­пен тамашалайды.

о

Әсіресе шетелдік азаматтар қазақ халқының тарихы мен мә­дениетіне үлкен қызығушылық танытады. Мысалы, 2024 жылы қыркүйекте Қытайдың Тяньцзинь музейінде өткен «Алтын адам және Ұлы дала» атты көрмені 1 300 000 адам тамашаласа, 6 қара­ша­да Президент Қасым-Жомарт То­қаевтың Францияға мемлекет­тік сапары аясында Гиме – Азия өнері­нің ұлттық музейінде ұйым­дас­тырылған «Қазақстан: Ұлы дала жауһарлары» атты көрмемен таны­суға 70 000-нан астам адам келген.

2024 жылы Қытай, Түркия, 2025 жылдың алғашқы тоқсанында Ресей, Моңғолия елдеріне іссапар барысында осындай іс-шаралар ұйымдастырылды. Биыл Ұлттық музейде Қытай ұлттық жібек музейінің, Тяньцзинь музейінің коллекцияларынан жасақталатын көрмелер ашылады. Сонымен қатар 2026–2027 жылдары Ресейдегі Мемлекеттік Эрмитажбен, Моңғо­лияның ұлттық музейі және Шыңғыс хан ұлттық музейімен бір­лесіп, көрмелер өткіземіз.

– Кейінгі жылдары Ұлттық музей республикалық және ха­лық­­аралық деңгейдегі ғылыми жо­ба­ларға қатысып, іргелі ғылы­ми зерттеу жұмыстарымен айна­лысып жатқанынан хабардар­мыз, осы мәселеге тоқтала кетсеңіз.

– Ашылғаннан бері Ұлттық музей ғылыми әлеуетін арттыру­ға басымдық берді. Қазір мекеме­мізде 5 ғылым докторы, 3 ғылым кандидаты, PhD, 57 магистр қыз­мет етеді. Ғалымдарымыз респуб­ликалық және халықаралық бағдар­ламалық-нысаналы және грант­тық қаржыландыру негі­зін­де жүзеге асырылатын жоба­ларға қатысып, экспедицияларды сәтті жүзеге асырып келеді. Ғылы­ми қызметкерлеріміз мекеме ашылғаннан бері 116 археоло­гиялық, 24 этнографиялық экспедиция жұмыстарына қатысты.

Мәселен, музейдің бас ғылыми қызметкері, академик Жәкен Тайма­ғамбетовтің жетекшілігімен Нью-Йорк университеті, Нара ғылыми зерттеу институты (Жапо­ния), Ресей ғылым академиясы Сібір бөлімі Археология және этнография институтымен бірлескен Түркістан, Жамбыл, Шығыс Қазақ­стан облыстарында палеолит дәуі­ріне қатысты ескерткіштерді зерттеу бойынша археологиялық экс­пе­дициялар жұмысын бастайды.

Бұдан бөлек, Мәдени мұраны ғылыми зерттеу институты 2025 жылғы шілде-тамыз айларында Қытай Ұлттық музейімен бірлесіп Ақмола облысы аумағындағы қола дәуірінің ескерткіштерін зерттеу мақсатында археологиялық қазба жұмыстарын қолға алады.

– Жақында өтетін ІІІ Қазақ­стан музей конгресінің жай-жапсары туралы айтып өтсеңіз?

– Ең алғаш музей конгресі Мәде­ниет және ақпарат министрлігінің қолдауымен 2023 жылы Ұлттық музейде ұйымдастырылды. Басты мақсат еліміздегі барша музей қыз­меткерлерінің басын қосып, өзара тәжірибе алмасып, өзекті мәселе­лерді талқылайтын алаң құру еді.

Биылғы конгрес ТҮРКСОЙ-мен бірлесе ұйымдастырылып, реставрация мәселесіне арналады. Ұлттық музей ашылғаннан бері консервациялау және қалпына келтіру мәселесіне ерекше көңіл бөліп келеді. 2023 жылдан бастап «Музей экспонаттарын шетелдің жетекші реставрациялық зертханаларында консервациялау және қалпына келтіру» атты халықаралық жоба сәтті жүзеге асырылып жатыр. Бүгінде Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен осы мекеме базасында барша отандық музей мамандарын оқытуға және біліктіліктерін арттыруға арналған Рестав­рациялық орталық ашу жұ­мы­­сы қолға алынды. Бұл бағыт­та Италияның Орталық рестав­рация­лық институтымен әріптестік орна­тылып, дайындық жұмыстары бас­тал­ды.

Конгреске ТҮРКСОЙ ұйымына мүше Түркия, Әзербайжан, Қырғыз­стан, Өзбекстан, Түрікмен­стан елде­рінен, сонымен қатар, осы салада әріптестік орнатқан Ресей, Беларусь, Кипр, Молдо­ва мемлекеттерінен реставратор мамандар келмекші. Сонымен қатар конгресс аясында халықаралық ғылыми-теориялық конференция, семинар-тренинг, шеберлік сабақтар ұйымдастырылады.

– Қазір жұртшылықтың музей­ге қызығушылығы қалай? Ха­лық­пен етене жұмыс жасауда қан­дай заманауи әдіс-тәсілдерді қолданасыздар?

– Бүгінде халықтың музейге деген қызығушылығы жылдан-жылға артып келеді. Мысалы, еліміздің музейлерін 2023 жылы 6 255 900 тамашалаған болса, 2024 жылы келушілер 6 665 400 адамға жеткен. 2023 жылы Ұлттық музейге 591 262 адам келсе, 2024 жылы олардың саны 625 306 адамға жетті.

Халықтың музейге қызығушы­лы­ғының артуын ұлттық тарихымыз бен мәдениетімізді танып білуге деген құлшынысынан, оларды музейге тартудың алуан түрлі әдіс-тәсілдерін қарастыруымен байланыстыруға болады. Мысалы, «Тарихи тұлғалар», «Шаңырақ», «Әсемдікке құштарлық», «Қызықты этнография», «Музейдегі мектеп күні» мәдени-білім беру жобалары аясында тұрақты түрде му­зей сабақтары, танымдық бағдар­ламалар, экскурсиялар, түрлі жобалар ұйымдастырылады.

Музей мүмкіндігі шектеулі жандар үшін «Қолжетімді музей: бар­ша­ға арналған мәдени мұра» жо­ба­сын іске қосты. Көру қабілеті нашар келушілер үшін Брайль шрифті бойынша сипатталған жәді­гер­лер­дің 20-дан астам так­тиль­ді көшір­­мелері жасалып, экспо­нат­тар­­дың аудиодескрипция­сы дайын­далды.

Ұлттық музей дәстүрлі формат­тағы іс-шаралармен шектелмей, әртүрлі акциялар, тарту-тарал­ғы ұйымдастырып, тарихи жә­дігерлер негізінде кәдесый өнімде­рін шығарады. Айта кетейік, осы Халық­аралық музейлер күніне орай 18 мамырда «Музей түні» акциясы өтеді. Бұл ауқымды акция аясында «Жұлдызды гид» жобасы, театрландырылған экскурсиялар, шеберлік сабақтар, квест-ойындар, ғылыми-танымдық дәрістер мен кон­церттік бағдарлама ұйым­дастырылады. Сонымен қатар «Музейге сый-тарту» акциясы ая­сын­да ұзақ жылдар бойы жинақ­талған жәдігерлерден жасақталған «Асыл мұра» көрмесі, ХІХ ғасырдағы орыс, неміс, италиян және француз гравюра суретшілерінің үздік туындылары ұсынылатын «Ұлы дала. Тарих. Гравюра» көрмесі қалың көрер­мен үшін қызық болады деген ойдамыз. Сондықтан барша оқыр­манды Ұлттық музейге шақырамыз.

– Әңгімеңізге рахмет.

 

Әңгімелескен –

Қамбар АХМЕТ,

«Egemen Qazaqstan»