Білім • 17 Мамыр, 2025

Жүрек толқытар сәт

10 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Жоғары білімді тегін алуға ниетті та­лап­керлерге сын сағат туды. Үміт­кер­­­­лердің арасында биыл және өткен жыл­дары мек­теп бітірген түлектер де, колледжді тәмам­дағандар да, қандастар да бар. Елімізде негізгі ұлт­тық бірыңғай тестілеу (ҰБТ) бас­талды.

Жүрек толқытар сәт

Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Бұл тестілеудің маңыздылығы тестілену­шілердің осы сынақтан алған нәтижесімен мемлекеттік грант конкурсына қатысатынында болып тұр.

Жүрек толқытар сәт, дегенмен мұндай негізгі ҰБТ-ны екі рет тапсыруға мүмкіндік берілген. Талапкерлер екі тестілеудің ішіндегі жақсы нәтижесімен грант конкурсына қатыса алады. Екі мүмкіндікті есепке алғанда 216 мыңға жуық талапкерден негізгі тестілеуді тапсыруға 399 мыңға жуық өтініш түскен. Үміткерлердің 75%-ы қазақ тілінде, 25%-ға жуығы орыс тілінде, 266 адам ағылшын тілінде тестілеуден өтуді таңдады.

Кеше басталған негізгі ҰБТ-ның алғашқы күні Ғылым және жо­ғары білім минис­тр-­
лі­гіне қарас­ты ко­ми­теттің төр­айымы Гүлзат Кө­бе­нова Аста­на қаласындағы  тесті­­леу орта­лықтарының біріне ба­рып, талап­керлерге сәттілік тілеп, та­лап­керлердің таңдауына тоқталды.

«Өтініш беру кезінде үміткер­лер тестілеу күнін, уақытын және орнын өздері таңдады. ҰБТ-ның бірінші күні еліміз бойынша 4 589 адам, оның ішінде елордада 323 талапкер тестілеуден өтеді. Жалпы, ҰБТ 46 тестілеу пунктінде ұйымдастырылған. Бірнеше жыл қатарынан ең көп таңдалған бейінді пәндер комбинациясы «Математика-Физика» болып отыр – оны түлектердің 16,5%-ы таңдады. Бұл талапкерлердің инженер, мұ­ғалім, энергетик, құры­лысшы және басқа да тех­ни­калық мамандықтарға деген ұмтылысын көрсетеді. Таны­мал­дығы бойынша келесі комбинациялар: болашақ медицина қызметкерлеріне бағыттал­ған «Био­логия-Химия» (15,6%) және IT саласына қызығушылық таныт­қан талапкерлерді тар­та­­тын «Математика-Инфор­ма­тика» (9,7%)», деді Г.Көбенова.

Ұлттық тестілеу орталығынан білгеніміздей, ҰБТ-ға қатысатын әр адам жеке жасалған тест нұс­қасын алады. Емтихан кезінде тестілеу бағдарламасында калькулятор, химиялық элементтердің периодтық жүйесі және тұздар­дың ерігіштік кестесі болады. Соны­мен қатар талапкерлерге ыңғайлы болу үшін кестелердің қағаз нұсқалары да беріледі. Тестілеуге кіреберісте тыйым салынған заттарды, мысалы, телефондарды, шпаргалкаларды алып кіруге жол бермеу үшін ­қол және рамалық металл ізде­гіш­тер қолданылады. Тесті­леу ауди­торияларында мобильді және радиоэлектронды байланыс ­сигналдарын басатын құ­рылғылар пайдаланылады, бей­не­бақылау жүргізіледі.

Мазмұны бойынша апелля­цияға өтінішті тестілеу аяқтал­ғаннан кейін 30 минут ішінде беруге, ал техникалық апел­ля­ция бойынша өтінішті тесті­леу барысында беруге болады. Сер­тификат апелляция қарал­­ғаннан кейін тестіленушінің жеке каби­не­тінде тұрады. Талап­кердің жеке кабинетінде Респуб­лика­лық апелляциялық комис­сия оты­рысының мерзімі көрсе­тіледі. Комиссия отырысы бас­тал­ған­ға дейін апелляция өті­нішін жеке кабинетінде қайтарып алу мүм­кіндігі бар. Апелляция өтінішін қайтарып алған соң, талап­кер сертификатты жеке каби­нетінен бір жұмыс күні ішінде ала алады.

Шекті балдар өзгеріссіз қалды: «Құқық» және «Педагогика­лық ғылымдар» бағыттарына түсу үшін кемінде 75 балл, «Ден­сау­лық сақтау және әлеумет­тік қамта­ма­сыз ету (медици­на)» үшін кемін­де 70 балл жинау қа­жет, ұлттық жоғары оқу орны­­на түсу үшін кемінде 65 балл, бас­қа университеттерге түсу үшін кемінде 50 балл жинау қажет.

2025 жылғы ҰБТ аяқталған­нан кейін осы жылдың 31 қазаны­на дейін бейнежазбаларға талдау жүргізіледі. Тыйым салын­ған заттарды пайдалану немесе басқа да ережелерді бұзу фактілері анықталған жағдайда талапкердің нәтижелері жойылады.