
Республикалық ашық турнирге Түркістан, Алматы, Қарағанды, Жамбыл, Қостанай облыстары мен Шымкент қаласы, Қазығұрт ауданының үздік шабандоздары қатысып, бақ сынады.
– Өткен ғасырдың 70-жылдарынан бастап, 1984 жылға дейін екі жылда бір рет, одан соң 1991 жылға дейін төрт жылда бір дүркін бүкілодақтық ат спорты ойындары ұйымдастырылып, көкпардан КСРО чемпионаты өтіп тұратын. Сол чемпионаттарға 1980 жылдан бастап еліміздің көкпар құрамасының капитаны ретінде 1991 жылға дейін үзбей қатысып, тоғыз дүркін КСРО чемпионы атағына қол жеткіздім. Аталған жарысқа үзбей қатысқан менен басқа қазақ жоқ, – дейді Әбілхан Дауылбаев.
Бәсекеге қатысқан 8 команда үш күн бойы бас жүлдені өзара сарапқа салды. Тартысты өткен сайыс нәтижесінде төртінші орынды Алматы облысының командасы иеленіп, темір тұлпарға ие болды. Қола жүлде Шымкент қаласының құрамасына бұйырып, шабандоздар 2 млн теңге көлеміндегі қаржылай сыйақыны қанжығаларына байлады. Екінші орынды еншілеген Түркістан облысының көкпаршыларына 3 млн теңге көлемінде жүлде табыс етілді. Ұлттық ойынның майталмандары – Жамбыл облысының құрамасы бас жүлдеге қол жеткізіп, 5 млн теңге қаржылай сыйлыққа ие болды. «Үздік ойыншы» аталымына Жамбыл облысының шабандозы Ерғалым Жақсылық лайықты деп танылса, Шымкент қаласының ойыншысы Әділет Мамыт «Үздік қорғаушы», түркістандық Абылайхан Нышанбеков «Үздік шабуылшы» аталымымен марапатталды. Шардарадан келген Сейфулла Нұрхалықовтың «Саян» атты тұлпары «Үздік сәйгүлік» атанды.
Түркістан облысы