Экология • 16 Мамыр, 2025

Ғалымдар Арал тағдырына алаңдаулы

80 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Астанада «Су қауіпсіздігі және трансшекаралық су ресурстарын пайдалану: сын-қатерлер мен шешімдер» атты халықаралық конференция өтті. Іс-шара ARAL саммиті аясында «Байтақ» жасылдар партиясының бастамасымен ұйымдастырылды, деп жазады Egemen.kz.

Ғалымдар Арал тағдырына  алаңдаулы

Конференцияда су тапшылығы, трансшекаралық су ресурстарын тиімді басқару, және өңірлік ынтымақтастықты нығайту мәселелері талқыланды. Жиынның ашылу салтанатында «Байтақ» партиясының төрағасы Азаматхан Әміртаев сөз сөйледі.

«БАҚ беттерінде болашақта су қақтығыстары ең өткір мәселеге айналады деген болжам айтылып жүр. Осы себепті бүгіннен бастап келіссөздер жүргізу қажет. Су тапшылығының алдын алу үшін көрші елдермен тиімді ынтымақтастық орнатып, ресурсты үнемдеп пайдалануымыз керек. Сонда бұл су жүз жылға дейін жетуі мүмкін»,  деді ол.

Аталған конференция 2026 жылы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен өтетін Орталық Азия елдерінің Өңірлік климаттық саммитіне маңызды саяси және мазмұндық негіз болады. Іс-шарада Ауғанстанда салынып жатқан Кош-Тепе каналына ерекше назар аударылды. Бұл жобаның іске асуы Әмудария өзенінің төменгі ағысындағы Өзбекстан мен Түрікменстанға әсер етуі мүмкін. Ал бұл өз кезегінде Қазақстанның да су ресурстарына қысым түсіруі ықтимал.

«Әмудария суының 25–30%-ы Кош-Тепе каналына тартылуы мүмкін. Бұл Өзбекстан мен Түрікменстанның су көлемінің азаюына алып келеді. Ал Өзбекстан Сырдариядан көбірек су ала бастайды. Соның салдарынан Қазақстанға келетін су көлемі 30–40%-ға азаюы ықтимал. Біз біреуді сынау үшін емес, түсіністік орнату үшін жиналдық. Ауғанстанға заманауи технология арқылы көмектесу – бәріміз үшін тиімді шешім болуы мүмкін», деді Азаматхан Әміртаев.

Конференция барысында «Байтақ» партиясы су қауіпсіздігіне қатысты өңірлік келісімдер мен ғылыми-техникалық ынтымақтастықты дамыту жөнінде ұсыныс жасады. Green Finance Centre өкілдері трансшекаралық су жобаларын қаржыландыру жолдарын талқылады. Басқосуға Қазақстандағы Түркия, Израиль, Қырғыз Республикасы, Венгрия, Тәжікстан, АҚШ, Ауғанстан, Корея Республикасы, Түрікменстан және өзге де елдердің елшілері мен елшіліктерінің өкілдері қатысты. Жиынға сондай-ақ салалық министрліктердің өкілдері, облыстар мен республикалық маңызы бар қалалар әкімдіктерінің табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармаларының басшылары, ғылыми-зерттеу институттары, Халықаралық Аралды Құтқару Қоры, БҰҰ Қоршаған орта бағдарламасы, Қазақ технология және бизнес университеті, түрлі қауымдастықтар, отандық және халықаралық ғалымдар, сарапшылар мен гидрология, экология және су құқығы саласының жетекші мамандары қатысты.

Конференция соңында қатысушылар су қауіпсіздігі саласындағы өңірлік келісімдерді нығайту, ғылыми зерттеулер жүргізу, инновациялық технологияларды енгізу және су ресурстарын тиімді басқару салаларында бірлесіп жұмыс істеуге уағдаласты. Іс-шара аймақтың су мәселелерін талқылау үшін маңызды халықаралық алаң болды.