
Облыс орталығындағы №1 қалалық аурухана жанында орын тепкен қалалық перзентхана өз жұмысын тоқтатады. Ғимараттың тозығы жеткені себепті, оны әрі қарай пайдалану қауіпті деп танылған. Перзентхана 1988 жылы салынған. Соңғы жүргізілген санитарлық тексеріс ғимараттың апатты жағдайда тұрғанын анықтаған.
№1 қалалық аурухана басшысының хирургия жөніндегі орынбасары Азамат Қайтаевтың айтуынша, 2024 жылы перзентхана бөлімшесінде босану саны 21 %-ға азайған. Сондай-ақ, төсек-орынның нақты жүктемесі 26,7 %-ға кеміген. Көрсеткіштердің төмендеуі қаржыны тиімсіз пайдалануға әкелетіні анық. Соңғы жылдары бұл ғимаратта күрделі жөндеу жұмыстары да жүргізілмеген.
- Техникалық сараптама қорытындысы бойынша, ғимаратты пайдалануға рұқсат тек 2025 жылға дейін берілген. Бүгінде мұнда 160 адам жұмыс істейді. Оның 55-і Павлодар облыстық перинаталдық орталығына ауысады. Қалғандары басқа бөлімдер мен өңірлік ауруханаларға жұмысқа орналасады. Егер ұсынылған жұмыстан бас тартса, заңға сай өтемақы төленеді. Перинаталдық орталықта мұндай көмек көрсетуге толық мүмкіндік бар. Орталықтың қаржылық ресурсы, кең ғимараты және қажетті техникалық жабдықтары жеткілікті. Қазіргі кезде қызметкерлерды ауыстыру, құрал-жабдықтарды көшіру жұмыстары басталып кетті. Бұл жұмыстар 1 маусымға дейін толық аяқталады деп жоспарланған,-дейді Азамат Қайтаев.