Аймақтар • 13 Мамыр, 2025

Шымкенттен әскери парадқа он екі ару қатысты

10 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Шымкенттіктер теміржол вокзалынан Отан қорғаушылар күні мен Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығына арналған Астанадағы әскери парадқа қатысқан  әскери қызметші қыздарды сән салтанатпен күтіп алды, деп жазады Egemen.kz .

Шымкенттен әскери парадқа он екі ару қатысты

Пойыз түнгі уақытта келгеніне қарамастан, перрондағы күтушілердің жүздерінен мерекелік шаттық лебі есіп тұрды. Парадта шеру тартқан аруларды гарнизон басшылығы, туған-туыстары мен әріптестері дәл қарсы алдарынан күтіп алып ерекше құрметке бөледі. Алдымен пойыздан түскен бойда қыздарға гүл шоқтары табыс етілді. Өз әскери бөлімдері атынан мемлекеттік маңызды іс-шарада абыроймен өнер көрсеткендері үшін оларға шынайы алғыс сөздер мен тілектер жаудырылды.

Гарнизон бастығының орынбасары, подполковник Қуаныш Айдынғалиев құттықтау сөз сөйлеп, парадқа қатысушылардың әскери ұжымдарындағы абыройы ерекше екеніне тоқталды.

«Бұл парадтың ауқымы мен маңыздылығын түсіну үшін мынаны айтқым келеді: мұндай жоғары деңгейлі салтанатты шеру елімізде соңғы сегіз жылда алғаш рет өткізілді. Ол халқымыздың Екінші дүниежүзілік соғыстағы ерлігінің қайталанбас бейнесі әрі қазіргі буын жауынгерлеріне мұра болып келе жатқан әскери дәстүрдің тамаша сабақтастығы. Осы парадқа қатысқан барша сарбаздарға алғысым шексіз. Сіздерге мықты денсаулық, отбасылық бақыт және аспанымыз әрдайым ашық болсын деп тілейміз!» деді ол.

Әскери мамандардың айтуынша жалпы парадқа дайындық 45 күнге созылған. Осы уақыт ішінде әскери қызметшілер елордада арнайы іссапарда болып, күн сайын біртұтас саптық құраммен жаттығу өткізді. Бұл шеру олардың шыдамдылығы мен денесінің физикалық дайындығын шамалады, сонымен бірге саптық машығын жаңа деңгейге көтерді. Ең бастысы барлық қатысушы әйелдер қойылған мақсат-міндеттерді абыроймен орындап шыққанын айтты әскерилер.

Ал қыздардың үлкен іс тындырып қайтуы олардың жақындары мен әріптестері үшін шын мәнінде нағыз қуанышқа айналды. Ол келушілерді қарсы алып жатқандардың бал бұл жайнаған жүзінен, эмоциясынан анық байқалды. Ұзақ сапардан кейін бәрі бір-бірін сағынысып қалғаны құшағына қысқан сәлемдесулерінен, арқа-жарқа көңілдерінен, қуаныштан төгілген көз жастарынан анық аңғарылып тұрды.

Шымкент