
Фото: gov.kz
Облыста күн райының ысуына байланысты суару кезеңі 25 күнге ерте басталған. Жауын-шашын болмағандықтан, суармалы суға сұраныс алдыңғы жылдармен салыстырғанда екі есе артып отыр. Бүгінге дейін өңірдегі 15 мың гектар егіс алқабы суарылған.
Қазіргі кезеңде Жамбыл облысының «Қазсушар» филиалы тиісті келісімшарттар жасалған шаруаларды суармалы сумен қамтамасыз етіп жатыр.
«13 гектарға арпа ектім. Қазір бір рет суарып қойдық. Су мол келіп жатыр. Тек келісімшартқа отырып, ақшасын төлеу қажет. Қазақта «судың да сұрауы бар» деген сөз бар. Біздің жер ылғалды жақсы ұстайды. Бір мәрте суарсақ, сол бізге жеткілікті. Оның өзінен жақсы өнім аламыз. Жоңышқаны да бір рет суарғаннан кейін, екі рет орып аламыз. Гектарына 150-170 орам шөп жиналады. Бұл өзіміз бағатын малға жетеді», деді Қызылшарық ауылының тұрғыны, шаруа қожалығының иесі Әбдібек Шымырбаев.