Мереке • 15 Мамыр, 2025

Аида Балаева: Отбасы – тұрақты дамудың негізі

40 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қазақстан Республикасы Ақпарат және мәдениет министрі Аида Балаева Отбасы күніне орай ел азаматтарын құттықтап, бұл мерекенің қоғам үшін маңызын атап өтті, деп хабарлайды Egemen.kz

Аида Балаева: Отбасы – тұрақты дамудың негізі

Министрдің айтуынша, Отбасы күні – отыз жылдан астам уақыт бойы отбасы ұғымының қастерлілігін еске салып, оның қоғамдағы рөлін дәріптеп келе жатқан ерекше мейрам. Біріккен Ұлттар Ұйымының бастамасымен бекітілген бұл күн мейірім, махаббат, қамқорлық сынды адами құндылықтарды ұлықтауға мүмкіндік береді.

Бүгінде елімізде 6,2 миллионнан астам отбасы бар. Аида Балаева отбасы институтын қолдау – Қазақстан үшін тек басым бағыт емес, сонымен қатар елдің тұрақты дамуының берік негізі екенін атап өтті. Ана мен баланы қорғау мәселесіне айрықша мән беріліп, отбасының қауіпсіз әрі жайлы өмір сүруі үшін барлық жағдай жасалып отыр.

Министр, әсіресе, жас отбасыларға ерекше қолдау көрсетудің маңыздылығына тоқталды. Әйелдер мен балалардың құқығын қорғауға арналған заңнамалар тұрақты түрде жетілдіріліп, әлеуметтік жәрдемақылар мен бала күтіміне арналған төлемдер арқылы нақты қолдау көрсетілуде. Қазіргі уақытта елімізде 112 Отбасы қолдау орталығы жұмыс істеп тұр. Бұл орталықтар азаматтарға психологиялық, құқықтық және әлеуметтік көмек көрсетіп, өмірлік маңызды мәселелерді шешуге көмектесуде.

«Отбасы – бұл тек қоғамның бір бөлшегі емес. Бұл – тұлғаның тәрбиесі мен құндылықтарының қалыптасатын аяулы мекені. Отбасы берік болса – мемлекет те мықты болады», деді Аида Балаева.

Министр сондай-ақ ұрпағына ұлттық тәрбие мен отбасы құндылықтарын дарытып отырған ата-аналарға шынайы алғысын білдіріп, әр шаңыраққа амандық, молшылық пен бірлік тіледі.

Айта кетейік, дәл осы күні «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауына өтінім қабылдау басталды. Аида Балаева барлық өңір тұрғындарын байқауға белсенді қатысуға шақырды.

«Біздің елімізде өнегелі өмір салтын ұстанып, өз тағылымы арқылы өзгелерге үлгі бола алатын отбасылар жетерлік. Мұндай отбасылардың тәжірибесі көпшілікке шабыт сыйлайды», деді министр.

Сонымен қатар, Отбасы күніне арналған онлайн-челлендж де бастау алды. Министр қазақстандықтарды #отбасыкүні2025 және #деньсемьи2025 хештегтерімен жүрекке жылы естеліктер, фотолар мен отбасылық дәстүрлермен бөлісуге шақырды.