
Іс-шарада Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың іс-шараға қатысушыларға арнаған құттықтау хатын оқыды. Президент хатында ТМҰ X саммитінде ұсынған консультативтік платформаны құру туралы бастаманы қолдаған бауырлас елдерге алғыс білдіріп, бұл бастама ұйымның мүше мемлекеттерінің сайлау жүйелерін жетілдіруге ықпал ететініне сенім білдіретіні айтылды.
«Бүкіл Түркі әлемінің рухани астанасы саналатын Түркістан қаласында консультативтік платформаның ережесіне қол қойылады. Мұның символдық мәні зор. Сондай-ақ мәселенің маңыздылығын ескере отырып, мен «Түркі әлемі: сайлау жүйелерінің дәстүрі, тәжірибесі және даму болашағы» атты ғылыми-тәжірибелік конференция өткізу туралы бастаманы қолдаймын. Бұл шаралар тарихы ортақ, тамыры бір бауырлас елдердің қарым-қатынасын одан әрі тереңдете түсері сөзсіз», дей келе Мемлекет басшысы консультативтік платформаға нәтижелі жұмыс тілейтінін атап өткен.
Іс-шара барысында ОСК төрағасы ашық деректерге сәйкес ТМҰ мүше мемлекеттерде 96,5 млн-нан астам сайлаушы бар екенін, кейінгі екі жылда осы елдерде түрлі деңгейдегі 15 сайлау өткеніне тоқталды. ТМҰ мүше-мемлекеттер орталық сайлау органдарының басшылары – Әзербайжаннан Мазахир Панахов, Қырғызстаннан Тынчтык Шайназаров, Түркиядан Ахмет Йенер, Өзбекстаннан Зайниддин Низамходжаев сөз сөйлеп, Мажарстанның Ұлттық сайлау бюросының басшысы Аттила Надьтың құттықтау хаты оқылды. Сонымен қатар ТМҰ Бас хатшысы Кубанычбек Омуралиев, Сайлау органдарының дүниежүзілік қауымдастығының Бас хатшысы Ин-Шик Чжанг, Түркі мемлекеттерінің Парламенттік Ассамблеясының Бас хатшысы Мехмет Сурейя Эр, Түркі академиясының вице-президенті Асхат Кесікбаев сөз сөйледі.
ТМҰ мүше мемлекеттердің орталық сайлау органдарының басшылары қол қойған ОСО КП Ережесінде мынадай шешімдер бар: сайлау рәсімдері бойынша диалог, ақпарат, үздік тәжірибелермен алмасу үшін платформа құрады; сайлау органдары арасындағы ынтымақтастықты дамытады; сайлау үдерістеріне инновациялық тәсілдер мен технологияларды енгізеді; электоралды іс-шараларды ұйымдастыруда ТМҰ елдерінің ОСО қызметін үйлестіреді; сайлау органдары арасында сарапшылармен және оқу-әдістемелік материалдармен алмасуға жәрдемдеседі; сайлау байқауына қатысып, тәжірибе жинақтауға және сайлау жүйесін дамытуға ықпал етеді.
Айтулы іс-шара Ғылым және жоғары білім министрлігімен бірлесе өткізілген «Түркі әлемі: сайлау жүйелерінің дәстүрі, тәжірибесі және даму болашағы» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияға ұласты.
ТҮРКІСТАН