
Тұрақты дамудың сенімді кепілі
– Әлішер Асқарұлы, Отбасы күні еліміз үшін қаншалықты маңызды?
– Отбасы күні күнтізбедегі жай ғана мезет емес, қоғамның негізін еске алатын сәт. Қазақ дәстүрінде отбасы әрқашан құрмет, қамқорлық, тіл, тарих берілетін орта болды. Отбасы – мәдени кодымыздың ажырамас бөлігі. Мықты отбасы бар жерде тәртіп, үлкенге құрмет, өскелең ұрпақты ұлт рухында тәрбиелеу бар. Бұл пафос емес, дүниетанымымыздың негізі. Отбасынсыз ұлт болмайды, ұлтсыз мемлекет жоқ.
Біздің тарихымыз – отбасылардың тарихы, қазақ қоғамының ру-тайпалық дәстүрлері. Шығыс Қазақстанда ұлттық құндылықтарды ұрпақтан-ұрпаққа абыроймен жеткізу мәдени нормаға айналған. Отбасы күнінде біз алдымен өзіміз, жақындарымыз, еліміз үшін жауапкершілік туралы айтамыз.
– Президент Қасым-Жомарт Тоқаев отбасының маңызды рөлін үнемі алға тартып келеді. Сіз Мемлекет басшысының ұстанымынан нені ерекше атап өтер едіңіз?
– Президент «Мықты отбасы – елдің үйлесімді және тұрақты дамуының сенімді кепілі» екенін айтты. Мемлекет әр отбасында өмір сүрудің мәні мен балаларды тәрбиелеудің мақсатын саналы қабылдағанда ғана күшті болады. Отбасы – азаматтықтың мектебі. Азаматтық – ұлттың күретамыры. Қазірде, әлем көз ілеспес шапшаңдықпен өзгеріп жатқанда түрлі дәстүрлер жоғалуы мүмкін. Бірақ мықты отбасы бар жерде, ұлттың бағытынан ауытқымауына мүмкіндік беретін берік ұстын сақталады. Мемлекет отбасыны құрметтеу арқылы адамды құрметтейді. Сол тұрғыда отбасы институтын қорғау ғана емес, ата-аналарға құрмет, балаларға қамқорлық, тең мүмкіндіктерді дамыту маңызды.
– Елімізде көптеген этнос бар. Бұл ортақ құндылықтарды қалыптастыруға кедергі келтірмей ме?
– Керісінше, күшейтеді. Әр ұлттың өз дәстүрі бар, бірақ мәні бір: ата-аналарға құрмет, балаларға махаббат, бір-біріне қамқорлық. Шығыс Қазақстан облысында 124 этнос өкілдері тұрады, олардың барлығы отбасын қастерлейді. Дәл осы арқылы, баршаға түсінікті отбасылық құндылықтар арқылы біз шынайы патриотизмді құрамыз. ШҚО-да көп ұлтты отбасылар тілді, мәдениетті, дәстүрлерді сақтап отыр. Бұл – ел бірлігінің көрінісі.
Өскеменде еліміздегі алғашқы Достық үйі ашылды. Мұнда әртүрлі этнос отбасылары жай бауырластық үшін емес, шынайы, нағыз ынтымақтастық үшін бірікті. Осы жерден Қазақстан халқы Ассамблеясының қозғалысы басталды.
– Бүгінде отбасы үшін қандай қауіптер бар, оларға қалай қарсы тұруға болады?
– Ең үлкен қауіп – ұрпақтар арасындағы алшақтық. Балалар ата-аналарын, ата-аналар балаларын түсінбейді. Оған цифрлық жүктемені, ұғымдардың ауысуын, медиада отбасы беделінің төмендеуін қосыңыз. Бұған тек бір жолмен, жеке үлгімен қарсы тұруға болады. Ұрандармен емес, тікелей қарым-қатынаспен: әке анаға құрмет көрсеткенде, әже немересіне тек рецепттерді ғана емес, даналықты жеткізгенде. Сондай-ақ біріктіруші дәстүрлер: бірлескен мерекелер, отбасылық шежірелер, тектік шежірелер арқылы. Бұл жай ғана өткенге оралу емес, қырық құбылған заманда жоғалып кетпеуге мүмкіндік беретін берік қазықтар.
Қолдау шаралары: сөз істен алшақ болмаса
– ШҚО-да отбасыларды қолдау бағытында қандай нақты шаралар жүзеге асырылып жатыр?
– Облыста 300 мыңнан астам тұрғын атаулы әлеуметтік көмек алады. Оның ішінде 13 мыңнан аса көпбалалы отбасы бар. «Бір қабатты Шығыс» жобасы аясында 631 отбасы баспанамен қамтылды. 2025 жылы мұқтаж адамдар үшін тағы 480 пәтер сатып алу жоспарланып отыр. Біз тұрғын үй, білімге қолжетімділік, медицина, әлеуметтік төлемдер сынды мәселелермен нақтылы жұмыс істейміз. 2025 жылдың алғашқы 4 айында ғана 895 отбасы, яғни 4258 адам атаулы көмек алды. Халықтың өтініштері азайып келеді, бұл қабылданған шаралардың тиімділігін көрсетеді.
Бүгінде ең аз мөлшердегі төлемдермен шектелуге болмайды. Ең маңыздысы, отбасылар өздерін сенімді сезінетін орта: жайлы мектептер, қолжетімді медицина, қауіпсіз көшелер құру. Осы себепті ШҚО-да жыл сайын жаңа ауруханалар, мектептер, спорттық нысандар ашылады. Биыл 28 әлеуметтік нысан, оның ішінде Риддердегі гематология орталығы мен ірі аурухана кешені іске қосылады.
– Мұндай қолдаудың негізгі мән-маңызы қандай?
– Бүгінгі Қазақстан – жаңа әлеуметтік мемлекетті үлкен жауапкершілікпен қалыптастырып жатқан ел. Біз «ең төменгі күнкөріс» қағидатынан «толыққанды өмірге» негізделген модельге көшудеміз. Бұл адам мен отбасы өздерін көмек нысаны емес, мемлекеттің қамқорлығындағы азамат ретінде сезінуі керек деген сөз. Әлеуметтік саясат науқан емес, жүйе. Мұнда өмір сапасы, тең бастамалар, әлсізге құрмет маңызды.
Ең бастысы, жаңа әлеуметтік модельде мемлекет бұйырмайды, тыңдайды. Біз көмектің тікелей түрін емес, көлденең ынтымақтастықты қалыптастырамыз. Олар – көпбалалы отбасыларға арналған бағдарламалар, жалғызбасты аналарды жеке қолдау бағыттары, ерекше қажеттіліктері бар азаматтар үшін инклюзивті жобалар. Мұның бәрі тек теорияда емес, өңірде нақты іске асып жатыр. Айталық, әлеуметтік ассистенттер қызметі, мобильді орталықтар, цифрлық платформалар арқылы кері байланыс дұрыс жолға қойылды. Мұның бәрі адам жүйеде жоғалып кетпей, жүйе оған қызмет ететінін сезінуі үшін жасалып жатқан қам-қарекет.
– Қазіргі заманғы әлеуметтік жобаның үлгісі ретінде нені айтар едіңіз?
– «Қонақ отбасы» жобасы. Бұл – білім, мәдениет және сенімнің біріккен формасы. Бала басқа отбасында тұрып, тіл үйренеді, дәстүрлермен танысады, адамдарға жақындай түседі. 2024 жылы бұл жобаға 120 бала қатысты, 2025 жылы 140 болады. Біз мұнда тек тілді үйретіп қана қоймай, этностар арасындағы сенімді атмосфераны қалыптастырамыз. Мысалы, жоба аясында орыстілді балалар қазақ тілін үйренсе, қандас балалар көпұлтты мәдениетке бойлайды. Бұл – қарапайым отбасыда жүзеге асқан достық пен бірліктің моделі.
– Мұндай бағдарламалардың орындалуы қалай бақыланады?
– Өте қатаң түрде. Біз «Socium» атты цифрлық тың платформа енгіздік, ол нақты уақыт режімінде кімге көмек көрсетілгенін, ҮЕҰ қалай жұмыс істейтінін, нәтижелер қандай екенін бақылауға мүмкіндік береді. Бәрі ашық. Мысалы, соғыс және әскер ардагерлеріне көмек көлемі биыл 5 миллион теңгеге дейін артты. Кері байланыс, цифрлық бақылау, тәуелсіз мониторингтік топтар бар. Бұл – мүлдем жаңа деңгей: заманауи, нақты, жауапты жұмыс.
– Аға буынды қолдау қалай жүзеге асырылады?
– Бізде толыққанды жүйе бар. Өскемендегі «Белсенді ұзақ өмір» орталығы – егде жастағы адамдармен жұмыстың эталоны. 400-ден астам адам үйірмелерге, сабақтарға, шеберлік-кластарға қатысады. Бұл тәжірибені басқа аудандарға таратуды жоспарлап отырмыз. Қариялар қоғамнан шет қалмауы керек – олар отбасының тірегі, рухани капиталы. Біз әлеуметтік қызметтер аясын кеңейтіп жатырмыз: инватакси, санаторийлік жолдамалар, цифрлық сауаттылыққа оқыту жолға қойылды. Егде жастағылар тек қамқорлықты емес, өздерінің қажеттілігін сезінуге тиіс.
– Азаматтарды отбасылық бағдарламаларды іске асыруға тарту қалай жүзеге асады?
– Ең тиімді тетік – мектеп жанындағы ата-аналар кеңестері мен қауымдастықтары, сондай-ақ азаматтардың жергілікті бюджеттерді қалыптастыруға қатысуы. Адам тек қызмет алушы емес, қоғамдық шешімнің авторы болуы керек. Биыл біз «Сенің дауысың» платформасын іске қосамыз. Бұл – цифрлық сауалнама жүйесі, онда отбасылар білім, денсаулық сақтау, бос уақыт кеңістігіндегі басымдықтарға әсер ете алады. Отбасы қоғам мен билік арасындағы нағыз серіктестікті тудырады.
Жастар және ел болашағы
– Цифрлы дәуірде дәстүрлерді жоғалтпай, мықты жастарды қалай тәрбиелеуге болады?
– Жастар – отбасының айнасы. Үйде құрмет болса, бала соны өзімен бірге алып шығады. Тыйым салу емес, бағыт беру маңызды. Таңдау беру – бір басқа, бірақ құндылық та қажет. Отбасы – нағыз адам болуды: уәдеге тұруды, көмектесуді, адал болуды үйрететін алғашқы орта. Мұның бәрі экраннан келмейді, ата-ананың үлгісінен басталады. Осы орайда үлкендердің рөлі шешуші. Ата немересіне тек «керек» деп емес, «неге керек» деп түсіндірген жерде ғана шынайы тәрбие өрлейді.
– Жастар мұндай тәсілдерге қалай жауап береді?
– Бүгінде жастардың көбі отбасы құруға ұмтылады, тамырын білгісі келеді, этнотурларға қатысып, шежіре жазып жүр. Тек «Қасиетті Шығыс» жобасының өзіне 2025 жылы 6000-нан астам оқушы қатысты. Жастар «Мен кіммін» деген сұраққа жауап іздейді. ШҚО-да «Болашақ мамандары» жол картасы іске асып жатыр. Оның аясында мектеп оқушылары жұмысшы мамандықтарды меңгеріп, шеберлермен араласады, өндірістерге барады. Бұл – еңбек арқылы құндылықтарға қайта оралу.
Сонымен бірге колледждермен бірлесіп «Шығыс маманы» қанатқақты жобасы жүзеге асырылады. Бұл – жұмысшы мамандықтары иелеріне арналған ипотека. Бұл дегеніңіз слесарь, дәнекерлеуші немесе IT-маман тек білім алып қана қоймай, баспанамен, жұмысымен қамтылады, қолдау табады деген сөз. ШҚО жастары – аңғарлы, ақылды, ізденімпаз, белсенді. Оларға мүмкіндік беру керек, сонда мықты отбасыны өздері құрады.
– Отбасын мәдениет бастауы ретінде қалай бағалайсыз?
– Отбасы – бастау, қайнар көз. Руханият осы жерде қалыптасады, ал руханият – мәдениеттің тамыры. Мәдениет тек кітап пен музыка емес. Бұл – тіл, дәстүр, мінез, ақпарат, этика. Бүгінде біз цифрлық мәдениет туралы жиі айтамыз, бірақ ол да қолдауға мұқтаж. Экономика – негіз, бірақ оның өзі мәдениет үшін жұмыс істейді. Яғни әр бала өз ана тілінде сөйлеуге, ата-бабасын құрметтеуге, қалыпты өмір сүруге, лайықты ел құруға хақылы болуы керек. Шығыста біз мәдениет пен технологияны қарама-қарсы қоймаймыз, біріктіреміз. 343 мектепте IT-сыныптар бар, бірақ бастысы – сандық этиканы үйрету. XXI ғасырға керек синтез осы.
Біз мәдени инфрақұрылымды: жаңа кітапханалар, театр студиялары, креатив орталықтарды дамытып жатырмыз. Өткен жылы «Shygys creative hub» ашылды. Мұнда жасөспірімдер музыка, мультфильм, кітап жасауды үйренеді. Бүгінде мәдениет – елді танымал, құрметті, сүйікті ететін қуатты құрал.
– Болашақ көшбасшы үшін ең маңызды отбасылық қасиеттер қандай?
– Шыншылдық, жауапкершілік, тыңдай білу қабілеті. Бала отбасында әр әрекеттің салдары бар екенін түсінеді. Сый-құрметті талап етпей, оны жеңіп алу керек екенін ұғады. Болашақ көшбасшы – дауысқа салып сайрайтын емес, арқа сүйеуге болатын адам. Егер бала кезінде қиындықты отбасымен бірге еңсерсе болашақта да ұжымды, қоғамды, мемлекетті дәл осы қағидамен құрады. Шын көшбасшылық дастарқан басындағы тәлімнен басталады.
– Оқырмандарға айтар тілегіңіз?
– Жазушы Мұхтар Әуезов: «Ел болам десең, бесігіңді түзе» деген. Ұлт болғың келсе, бесігіңе қара. Мынаны айтар едім: отбасыңды қорғай білсең, еліңді де қорғайсың. Әрбір жаңа туған бала осы өмірге келгенде мынаны білсін: оны күтіп отырған шаңырақ бар. Сол жерде ол адам болуды үйренеді. Міне, осы мақсатта өмір сүру қажет. Түптеп келгенде, мемлекеттер отбасы деген ұғымды сақтау үшін құрылады. Себебі отбасында ең қасиетті құндылықтар: махаббат, абырой, жауапкершілік бар.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен –
Жомарт ОСПАН,
«Egemen Qazaqstan»