Форум • 15 Мамыр, 2025

Кәсіби бағдарды дамытатын форум

50 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Астана қаласындағы «Nurorda» мектеп-лицейінде IC3 халықаралық өңірлік форумы өтті. Оқу-ағарту министрлігі мен IC3 институтының бірлескен жобасы Жұмысшы мамандықтары жылы аясында ұйымдастырылып отыр. «Counseling as a Culture» тақырыбын арқау еткен форумға еліміздің түкпір-түкпірінен келген кәсіби бағдар берушілермен қатар, Үндістан, АҚШ, Ұлыбритания, Италия, Қытай, Канада, Гонконг, Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғызстан елдерінен шетелдік сарапшылар, жоғары оқу орындарының өкілдері, оқушылар мен ата-аналар қатысты. Форум аясында панельдік сессиялар, білім жәрмеңкесі, шеберлік сабақтары мен мәдени бағдарламалар өтті.

Кәсіби бағдарды дамытатын форум

Форум аясында оқушылар шетелдік және отандық оқу орындарының білім бағдарламаларымен танысып, кәсіби бағдар беруші мамандардан кеңес алды. IC3 институтының жаһандық же­лі­сіне қосылған отандық мамандар кәсі­би бағдар беру ісін халықаралық стандарт­тарға сай дамыту, оны мектеп мәдениетінің тұрақты бір бөлігіне айналдыру бағытында тәжірибе алмасты.

Форумның ашылуында сөз сөйлеген Оқу-ағарту вице-министрі Еділ Оспан кәсіби бағдар берудің білім жүйесіндегі рөлін ерекше атап өтті. Оның айтуынша, қазіргі таңда елімізде 1200-ден астам кәсіби бағдар беруші жұмыс істейді, ал алдағы оқу жылынан бас­тап бұл маман­дық барлық мектепте міндетті штат ретінде бекітіледі. Бұл – оқушының болашақ мамандығын саналы түрде таңдауына бағытталған қадам.

«Кәсіби бағдар беру – бүгінгі таңда білім саласының стратегиялық бағытына айналып отыр. Министрлік биыл наурыз айында бұйрыққа қол қойып, келесі оқу жылынан бастап барлық мектепте кәсіби бағдар беруші мамандардың жұмыс істеуі міндеттелді. Қазіргі уақытта ел мектептерінде шамамен 1200 кәсіби бағдаршы бар болса, алдағы оқу жылында бұл көрсеткіш 8000-ға дейін жетеді деп отырмыз. Кәсіби бағдар берудің негізгі міндеттері оқушылардың бейіміне қарай диагностика жүргізу, ата-аналармен жұмыс істеу және оқушыға дұрыс бағыт беру. Бұл бағытта кәсіби бағдар беруші маман оқушыға бір ғана емес, бірнеше балама жол ұсына отырып, оның мүмкіндігін толық ашуға көмектеседі. Ал IC3 форумы – халықаралық тәжірибені елімізге әкелудің бірегей мүмкіндігі. Біз кәсіби бағдарды тек қосымша қызмет емес, мектептегі мәдениеттің бір бөлігі ретінде дамытуымыз керек», деді Еділ Оспан.

пр

«Білім – инновация» халық­аралық қоғамдық қорының президенті Дархан Ермаханұлы кәсіби бағдар берудің маңызына тоқталды. Оның айтуынша, бүгінгі таңда дарынды оқушыларымызға халықаралық және отандық деңгейде тең мүмкіндік ұсыну – басты міндеттердің бірі. Ал бұл үшін ең алдымен кәсіби бағдар берудің маңызын түсінетін, заманауи талаптарға сай маман даярлау қажет екенін атап өтті.

«Біз IC3 институтымен бірлесіп, екінші рет осындай өңірлік халықаралық форум ұйымдастырып отырмыз. Бұл – кәсіби бағдар беру мәселесіне арнал­ған, халықаралық қоғамдық форум аясындағы маңызды іс-шара. Жалпы, бұл форумның берері өте көп. Себебі әрбір оқушы, әрбір қазақ баласы – дарынды. Біз бұған сенеміз. Сондықтан олар мамандықты саналы түрде таңдай білуі үшін мұндай форумдар дәл қазір ауадай қажет», деді ол.

Сонымен қатар Дархан Ермаханұлы Мемлекет басшысының «Адал адам – адал еңбек – адал табыс» қағидатын алға тарта отырып, мамандықтарды дамыту мәселесін үнемі назарда ұстайтынын айтты. «Биыл елімізде «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жарияланды. Осы бағытта Оқу-ағарту министрлігі өңірлік форумдарды тұрақты түрде өткізіп келеді. Бұл – еліміздегі білім саласының жаһандық үрдістерге сай дамып келе жатқанының айқын дәлелі. Біз де осы қозғалыстың бір бөлшегі ретінде жауапкершілікті сезінеміз», деді ол.

Еділ Оспанның айтуынша, министр­лік қазіргі таңда кәсіби және техникалық білім беру саласын жаңғырту бойынша кешенді шаралар қабылдаған. Бұл ретте Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, министрлік жол картасын әзірлеп, жеті негізгі бағыт бойынша нақты жұмыстарды қолға алған. Олар: оқу бағдарламаларын жаңарту, колледждерді интернационалдандыру, материалдық-техникалық базаны жетілдіру, өндірістік тәжірибеге басымдық беру.

Қазіргі таңда республика бойынша 700-ден астам техникалық және кәсіптік білім беру ұйымы жұмыс істейді. Олардың барлығы жұмыс­шы мамандар даярлауға бағытталған. Жасөспірімдердің бұл салаға қызығу­шылығы артып келеді, ал жұмысшы мамандықтарының экономи­калық маңызы күн санап арта отыр. Министр­лік өкілі бұл бағытты әрі қарай жүйелі түрде дамытатынын жеткізді.

Форумға еліміздің түкпір-түкпі­рі­нен келген жетекші мектеп-лицей­лердің кәсіби бағдар мамандары, түрлі сала­ның білікті мамандары мен оқу орын­дарының өкілдері жиналды. Сондай-ақ Үндістан, Тәжікстан, Өзбекстан, Қыр­ғызстан, Англия, АҚШ, Еуропа елде­рі­нен келген қонақтар қатысып, өзде­рінің озық тәжірибелерін бөлісті. Білім беру ұйымдары өз ризашы­лық­та­рын білдіріп, мұндай ауқымды іс-шара­ның оқушылардың болашағын бағдарлауда, білім ордалары арасындағы ынтымақтастықты арттыруда маңызы зор екенін атап өтті.

«Бүгінгі білім кеңістігі қарқынды өзгеріп, оқушыларға кәсіби бағдар беру үдерісі күн тәртібіндегі ең маңызды мәселелердің біріне айналып отыр. Жас ұрпақтың болашағын дұрыс бағыттау – тек ата-ананың ғана емес, барлық тараптың ортақ міндеті. Бұл форум — оқушыларға кәсіби бағдар беруді жүйелеу, оқу орындары арасындағы байланыстарды нығайту және жаңа серіктестік мүмкіндіктерін қарастыру тұрғысынан маңызды алаң. Теміртау жоғары политехникалық колледжінің осы форумға қатысуы — колледжіміздің халықаралық әріптестікті кеңейту жолындағы тағы бір сәтті қадамы болды. Ұйымдастырушыларға алғыс білдіреміз», деді колледж басшысы Салтанат Ақбергенова.

Оқушылар да форумның берері мол болғанын ерекше атап өтті. Олар­дың айтуынша, кәсіби бағдар беру тақы­рыбына арналған бұл іс-шара болашақ мамандығын саналы түрде таңдауға бағыт сілтеп қана қоймай, түрлі оқу орын­дарымен және өзге өңірден келген құр­дас­тарымен пікір алмасуға мүмкіндік берген.

Форум аясында барлығы 1500-ден астам қатысушы бас қосты. Олардың қатарында еліміздің барлық өңірінен келген мектеп директорлары, кәсіби бағдар беруші мамандар, жоғары оқу орындары мен колледждердің өкілдері, ата-аналар мен оқушылар болды. Атап айтқанда, 600-ге жуық оқушы форум жұмысына белсене қатысып, өздерін қызықтырған сұрақтарға жауап алып, болашақ мамандығын таңдауға қатысты құнды тәжірибе жинады.