
- Аралас жекпе-жектен әлемдегі ең белді промоушен – UFC 26 шілдеде Әбу-Дабиде дүбірлі дода ұйымдастыруды көздеп отыр. Сол жарыста Асу Алмабаев (21-3) өнер көрсетеді. Аса жеңіл салмақтағы қандасымыз наурыз айында португалиялық Манель Капеден техникалық нокаутпен жеңілген еді. Бұл жолы Асу Өзбекстанның өкілі Рамазан Теміровпен (19-3) айқасады.
- 30 мамыр – 1 маусым аралығында Астанадағы «Арғымақ» спорт кешенінде ат спортының конкур түрі бойынша Еуразиялық лига аясындағы Әлем кубогінің кезеңі және атпен мәнерлеп жүруден халықаралық турнир ұйымдастырылады. Сол жарыста 60-тан аса мемлекеттен келген саңлақтар өз шеберліктерін паш етеді.
- Қытайдың Наньчан қаласында байдарка мен каноэ есуден Азия чемпионаты өз мәресіне жетті. Жарысты отандастарымыз 12 жүлдемен қорытындылады. Тарқатып айтсақ, Қайсар Нұрмағамбетов баптаған команда түрлі-түсті медальдардың әрқайсын төрт-төрттен иеленді. Жалпы есепте біздің ескекшілер Ираннан ғана қалып қойып, екінші орынды еншіледі.
- Болгарияның Пазарджик қаласында қазіргі бессайыстан Әлем кубогі аяқталды. Дунай өзенінің жағалауында еліміздің туы астында өнер көрсеткен екі спортшы да сәтсіздікке ұшырады. Іріктеу сайысында Георгий Борода-Дудочкин 18-орын алса, Константин Сычев 21-сатыға табан тіреді.
- Ауыр атлетикадан Қытайдың Цзяншань қаласында өтіп жатқан Азия чемпионатында 102 кг салмақтағы Артём Антропов күміс медальға ие болды. Қоссайыстың қорытындысы бойынша 386 (165+221) кг-лық зілтемірді еңсерген жерлесіміз Олимпия ойындарының жеңімпазы, әлем, Азия чемпионы Лю Хуаньхуадан қалып қойды. Жеңімпаздың көрсеткіші – 410 (180+230) кг. Қола медальды түрікменстандық Дауранбек Хасанбаев иеленді. Оның нәтижесі – 377 (182+195) кг.