
Кейінгі кездері барыстың фототұзаққа түсуі бәлендей жаңалық болмай қалды. Неге дейсіз ғой, Алтайда ілбістің бары бірнеше рет дәлелденді. Алғашында ғой, 2014 жылы қар барысы Аршатыда фотоға түсіп, бүкіл ел елең еткен. Барыстың бары да сол жылдары анықталған. Әйтпесе оған дейін орманшылардың көрдік деген әңгімесі аңыз секілді еді. Қазіргі уақытта Ұлттық парк аумағында 11 барыс жортып жүр деседі мамандар.
– Алтайда аңның қай түрі болсын көбейіп келеді. Соның ішінде ерекше ден қойып, үнемі суретке түсіріп жүргеніміз – қар барысы. Аршатының тауларында, Сарымсақты жотасында, биыл Бүркіт шыңында барыстың бары анықталды. Санақ жүргізіп, тіркеп отырмыз, – дейді жануарлар әлемін қорғау және өндіру бөлімінің басшысы Ерік Қасымов.
Бұлардың еңбегі де ерекше. Ақ қар, көк мұзда 3000 метр биікке жаяу-жалпы шығып, ілбістің жымына фототұзақ құру оңай емес. Құрылғыны орнатып қана қоймай, үнемі тексеріп отыру қажет. Шапшыма шыңға бір емес, бірнеше рет шығып жүрген Ерік сынды мамандардың ісі – ерлік.
Айта кетерлігі, олар құрған тұзаққа барыс қана емес, таудың биігін мекен ететін аю сынды ірі аңдардан бастап, кекілік сынды құстарға дейін түседі. Олардың барлығына күз бен көктемде санақ жүргізіліп, дәптерге тіркеліп отырады.
Шығыс Қазақстан облысы,
Катонқарағай ауданы