Қоғам • 14 Мамыр, 2025

Қазақстанда отбасыларды кешенді қолдау моделі қалыптасқан

90 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

15 мамыр Халықаралық отбасы күні. Ал Қазақстанда Отбасы күні жыл сайын қыркүйектің екінші жексенбісінде аталып өтетіні мәлім. Ұлттық статистика деректеріне сәйкес, 2024 жылы ел бойынша 123,6 мың неке тіркелген (2023 жылмен салыстырғанда 2,2%-ға көп), ал соңғы 5 жылда ажырасу саны 48%-ға азайған. Бұл – отбасылық құндылықтардың нығайып келе жатқанын және азаматтардың болашаққа деген сенімін білдіретін оң көрсеткіштер, деп жазады Egemen.kz.

Қазақстанда отбасыларды кешенді қолдау моделі қалыптасқан

Фото: soyle.kz

Мереке тарихы

Отбасылық құндылықтардың тұрақты дамудағы маңызды рөлін атап өту мақсатында БҰҰ 1993 жылы 15 мамырды Халықаралық отбасы күні ретінде  белгіледі. Бастаманы Қазақстан қолдады. Алайда 2013 жылдан бастап елімізде әр қыркүйектің екінші жексенбісі – Отбасы күні болып белгіленді. Бұл – мемлекеттің отбасы институтын нығайтуды көздеген ниетінің көрінісі.

Елімізде осы мереке белгіленгеннен бері отбасылық құндылықтарды насихаттауға бағытталған белсенді жұмыс басталды. Басты мақсаттардың бірі – бала тәрбиесіне, отбасындағы өзара түсіністікке және көпбалалы, әлеуметтік осал отбасыларға қолдау көрсетуге қоғам назарын аудару. Отбасы күні – дәстүрді сақтау, жақындарға қамқор болу және отбасылық өмірде үйлесімді қарым-қатынасты нығайту маңыздылығын білдіретін символға айналды.

Айта кету керек, 15 мамырда жыл сайынғы «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының басталғаны жарияланып, оның қорытындылары қыркүйектің 14-інде, Қазақстандағы Отбасы күні қарсаңында шығарылады.

Әлеуметтік қолдау шаралары

Бүгінде Қазақстанда бала тәрбиелеп отырған отбасыларды кешенді қолдау моделі қалыптасқан. Бұл модельге мемлекеттік жәрдемақылар мен әлеуметтік төлемдер жүйесі, жұмыспен қамтуды қолдау шаралары, салықтық жеңілдіктер және азаматтардың өмірінің барлық кезеңдеріне арналған әлеуметтік қорғау тетіктері кіреді.

Мәселен, республикалық бюджеттен бала тууына байланысты бір реттік жәрдемақы төленеді:

1, 2, 3-балаға – 149 416 теңге (38 АЕК),

4 және одан да көп балаға – 247 716 теңге (63 АЕК).

Сонымен қатар бала 1,5 жасқа толғанға дейінгі күтіміне арналған ай сайынғы жәрдемақы:

бірінші балаға – 22 649 теңге (5,76 АЕК),

екінші балаға – 26 777 теңге (6,81 АЕК),

үшінші балаға – 30 867 теңге (7,85 АЕК),

төртінші және одан да көп балаға – 34 995 теңге (8,90 АЕК).

Төрт және одан да көп кәмелетке толмаған баласы бар көпбалалы отбасыларға – 63 030 теңгеден (16,03 АЕК) бастап, сондай-ақ көпбалалы аналарға арналған арнайы жәрдемақылар төленеді.

2024 жылы Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан (МӘСҚ) әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушы 1,1 миллионнан астам отандасымызға жалпы сомасы 622 миллиард теңге көлемінде төлем жүргізілді. Бұл – 2023 жылмен салыстырғанда 32%-ға артық. Бұл төлемдер 5 әлеуметтік тәуекелді қамтиды:

1) еңбекке қабілеттіліктен айырылу,

2) асыраушысынан айырылу,

3) жұмыссыз қалу,

4) жүктілік және босану,

5) бала күтімі.

Сонымен бірге мұқтаж отбасыларға тұрғын үймен және қосымша әлеуметтік көмекпен жергілікті атқарушы органдар тарапынан қолдау көрсетіледі.

Қазақстанда қиын өмірлік жағдайға тап болған отбасыларға көмек көрсететін және тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алумен айналысатын Отбасын қолдау орталықтары жұмыс істейді.

Отан – отбасынан басталады

Отбасы – жеке адам мен бүкіл қоғамның іргетасы. Мемлекет басшысы айтқандай: «Дәстүрге құрмет пен патриотизм – ошақ қасынан басталады. Отбасы беріктігі – елдің үйлесімді әрі тұрақты дамуының кепілі. Әр қазақ отбасысы үлгі болуға тиіс». Өз жауапкершілігін сезінетін, елін сүйетін, еңбекқор әрі білімқұмар – «Адал азамат» болуға негіз беретін көзқарастар және құндылықтар отбасында қалыптасады.

Тарихи тұрғыда қалыптасқан дәстүрлі қазақ қоғамында отбасы – үйлесім мен өзара көмек моделі еді. болатын. Әулеттің бірнеше буыны бір ауылда, бір шаңырақта немесе өзара қашық емес жерлерде өмір сүрді. Отбасылық дәстүрдің сақтаушысы ретінде ата-әжелер құндылықтарды жас буынға жеткізуге тырысатын. Әке-шеше, аға-жеңге, көке-апалар – барлығы бала тәрбиесіне атсалысып, бір-біріне моральдық және материалдық көмек көрсететін.

Урбанизация үдерісі күшейген сайын отбасы құрылымы да өзгеріске ұшырады. Жас отбасылар дербес бола бастады, бұл дәстүрлі байланыстардың әлсіреуіне әкелді. Дегенмен, көптеген қазақтар отбасы тұрғысындағы дәстүрлі байланыстарды бағалап, оны болашақ ұрпаққа жеткізуге ұмтылады.