Әлем • 14 Мамыр, 2025

Эр-Риядта 600 миллиард долларлық келісім жасалды

20 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

АҚШ пен Сауд Арабиясы Дональд Трамптың Таяу Шығысқа жасаған ресми сапары аясында жалпы құны 600 миллиард АҚШ долларын құрайтын бірқатар келісімге қол қойды, деп жазады Egemen.kz DW ақпараттық агенттігіне сілтеме жасап.

Эр-Риядта 600 миллиард долларлық келісім жасалды

 

Ақ үй таратқан мәліметке сәйкес, келісімдердің ішінде құны 142 миллиард долларға бағаланған қорғаныс өнімдерін сату туралы тарихи келісім бар. Бұл АҚШ тарихындағы ең ірі әскери-өнеркәсіптік мәміле ретінде сипатталып отыр.

Мәміле шеңберінде Сауд Арабиясына америкалық ондаған қорғаныс компаниясының қатысуымен заманауи әскери техника мен қызметтер жеткізіледі. Олардың қатарында әуе шабуылына қарсы және зымыранға қарсы қорғаныс жүйелері, әскери-әуе күштері мен ғарышты игеру салалары, теңіз және шекара қауіпсіздігі, сондай-ақ ақпараттық-коммуникациялық жүйелерді дамыту бағыттары қамтылған.

Сонымен қатар, келісім аясында Сауд Арабиясының Қарулы күштерінің әлеуетін арттыруға бағытталған кешенді оқу-жаттығу бағдарламалары қарастырылған. Бұл бағдарлама әскери академиялар мен әскери-медициналық қызметтердің базасын күшейтуді де қамтиды.

Ақ үй таратқан қосымша ақпаратқа сәйкес, бұл мәміле Эр-Риядтың АҚШ экономикасына 600 миллиард доллар инвестиция салу жөніндегі стратегиялық жоспарының бір бөлігі саналады. Сауд Арабиясы тарапынан жүзеге асырылатын инвестициялар жасанды интеллектке негізделген деректерді өңдеу орталықтарын құруға бағытталады. Атап айтқанда, DataVolt компаниясы Америка аумағында дата-орталықтар мен энергетикалық инфрақұрылым салуға 20 миллиард доллар инвестиция салмақ.

Өз кезегінде америкалық технологиялық алпауыттар — Google, Oracle, Salesforce және Uber — екі ел арасындағы инновациялық ынтымақтастық аясында 80 миллиард долларды құрайтын инвестициялық жобаларға қатысады. Бұл қаражат негізінен трансформациялық технологияларды дамытуға жұмсалмақ.

Сондай-ақ, келісім шеңберінде Сауд Арабиясының AviLease компаниясы Boeing әуе кемелерін сатып алу мақсатында 4,8 миллиард долларлық келісім жасасқаны мәлім болды.