
Инфографиканы жасаған – Амангелді Қияс, «ЕQ»
Көктемгі егісті уақтылы және сапалы жүргізу – Үкіметтің тұрақты бақылауындағы мәселенің бірі. Биыл жалпы егіс алқабы 23,7 млн гектарды құрайды, бұл өткен жылмен салыстырғанда 413 мың гектарға көп. Президент тапсырмасына сәйкес, ауыл шаруашылығы дақылын әртараптандыруға жүйелі жұмыс жүргізілуде. Нәтижесінде, 2 жылда бидай алқабы 750 мың га қысқарды.
«Ал «Түркістан» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы мен қытайлық Синьцзян Лихуа компаниясының ортақ жобасы есебінен тамшылатып суарылатын мақта алаңы керісінше 50 мың гектарға ұлғаяды. 2023 жылға дейін тек 2 мың гектар мақта алқабы тамшылатып суару технологиясымен өсірілген еді. Қызылорда өңірінде күріш алқабы 4,7 мың га қысқарады. Одан бөлек, суды үнемдеу үшін 9,2 мың га су үнемдеу технологиясын енгізіп, 60 мың га лазерлік тегістеу жұмысы жүргізіледі», деді Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров.
Бүгінде республика бойынша жаздық дақылдарды егу басталып, егіс науқаны барлық өңірде жүріп жатыр. Барлығы 3,7 млн га егілді. Сонымен қатар оңтүстік өңірде ерте пісетін көкөністерді жинау жұмысы басталды. Түркістан облысында 1,2 мың га алаңнан 38,3 мың тонна қырыққабат жиналды. Жалпы, биыл 580 мың тоннаға жуық ерте пісетін көкөніс жинау жоспарланған. Бұл жаңа егін жинауға дейінгі маусымаралық кезеңде ішкі нарықтың қажетін толық қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Көктемгі ауа райының қалыптан тыс жылы болуына байланысты биылғы вегетациялық кезең жылдағыдан 20 күнге ерте басталды. Биылғы ерекшеліктің бірі – вегетация алдында топырақ ылғалының жеткіліксіздігі. Бұл фактор оңтүстік өңірдегі су шаруашылығы жағдайына айтарлықтай әсер етті. Үстіңгі қабаттағы ылғалдың аз болуына байланысты егістіктің суға қажеттілігі 50%-ға артты. Бұл алдағы айларда су тапшылығы қаупін күшейтіп отыр.
«2025 жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша оңтүстік өңірлердегі су қоймаларда 26 млрд м³ су жиналған. Межелі түрде тұрақты су жеткізуді қамтамасыз ету мақсатында, мамыр айында Қазақстан, Тәжікстан және Өзбекстан арасындағы «Бахри-Точик» су қоймасының маусым-тамыз айларындағы жұмыс режімі бойынша үшжақты кесте бекітіледі. Аталған құжат шеңберінде елге вегетациялық кезеңде Достық каналы арқылы кемінде 491 млн м³ су жеткізіледі деп жоспарланып отыр», деді Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.
Су ресурстарын тиімді пайдалану мақсатында министрлік өткен жылдың қазан айынан бастап вегетацияаралық кезең мен көктемгі тасқын кезінде жалпы көлемі 15,7 млрд м³ суды көлдік жүйелер мен жайылымдық және шабындық алқаптарға бағыттау жұмыстарын жүргізді. Мысалы, Тасөткел су қоймасынан Созақ ауданы аумағына 1,5 млрд м³ су ағызылды. Биыл жыл басынан бері Қапшағай су қоймасынан Балқаш көліне 3,8 млрд м³ су жіберілді. Бұл іс-шаралар аймақтардың экологиялық жағдайына оң әсерін тигізері сөзсіз.
Қазгидрометтің мәліметі бойынша, алдағы вегетация маусымы еліміздің оңтүстік және батыс өңірлерінде жауын-шашын тапшылығы жағдайында өтеді. Сондай-ақ, Дүниежүзілік метеорологиялық ұйым мен Солтүстік Еуразиялық климаттық орталығынан алынған деректерге сәйкес, биыл мамыр-шілде айларында гидрологиялық құрғақшылықтың туындау ықтималдылығы жоғары деп болжаған. Бұл жағдай аграрлық секторда, әсіресе Жайық және Сырдария өзендері бассейндерінде елеулі қиындық тудыруы мүмкін.
Әйтсе де, биыл елдің көп бөлігінде қыс жылы және қарлы болып, топырақтың молынан ылғалдануына әсер етті. Елдің солтүстігі мен орталығының егіс алқаптарында ылғал қоры негізінен қанағаттанарлық және оңтайлы. Алайда, сәуірдегі ыстық ауа райы белсенді булануға себеп болды. Ылғал тез кетіп, сол себепті егіс кезеңінде Батыс Қазақстанның кейбір ауданында топырақ ылғалының қоры жеткіліксіз болуы ықтимал.
«Жауын-шашын негізінен көпжылдық нормалар шегінде болжанып отыр. Тек қиыр солтүстік-батыста, солтүстікте, оңтүстікте және оңтүстік-шығыста жауын-шашын нормадан көптеу жауады. Тамыз бен қыркүйек айы егіннің пісуі және оны жинау жұмысына қолайлы болады. Жаз айларының алдын ала болжамы нақтыланып, ай сайын толықтырылады, сондай-ақ барлық мүдделі мемлекеттік органдар мен халыққа жеткізілетін болады», деді Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев.
Қазір әлемде ауыл шаруашылығы өнімдерінің бағасы мен оларға деген сұраныстың өсу үрдісі байқалады. Осыған байланысты ұлттық азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мен аграрлық сектордың экспорттық әлеуетін нығайту, оның қатарында ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеуді ынталандыру Үкіметтің басым бағыты. Бұл ретте егіс науқанын уақтылы әрі сапалы өткізу айрықша маңызға ие.
«Үкімет ауыл шаруашылығы жұмыстарын қаржыландыру мен материалдық-техникалық жағынан қамтамасыз ету бойынша барлық қажетті шараларды қабылдады. Осы кезеңде жоспарланған іс-шаралардың тиімді әрі үйлесімді іске асырылуын қамтамасыз ету өте маңызды. Егіс науқаны белгіленген мерзімде аяқталуы керек. Мемлекет басшысы атап өткендей, диқандар ішкі және сыртқы нарықта тұрақты сұранысы байқалатын дақылдардың егіс алқаптарын ұлғайтуы қажет, сондай-ақ осындай бағыттарда мемлекеттік қолдауға басымдық берілуге тиіс», деді Олжас Бектенов.
Үкімет басшысының айтуынша егіс алқаптарының құрылымын әртараптандыру бойынша бекітілген жоспарлар іске асырылуы қажет. Міндеттердің толық кешені минералды тыңайтқыштарды уақтылы салу мен өсімдіктерді қорғау құралдарын қолдануды қоса алғанда, агротехнологиялық шарттардың қатаң сақталуын талап етеді. Алайда, тыңайтқыштарды салу көлемі әлі де болса, ғылыми дәлелденген қажеттіліктен анағұрлым аз болып отыр.
«Осыған байланысты ішкі нарықты тыңайтқыштармен басым тәртіппен қамтамасыз ету мақсатында отандық өндірушілерді ынталандыру шараларын қабылдаған ләзім. Өнеркәсіп және ауыл шаруашылығы министрліктеріне диқандарды жеткілікті көлемде қолжетімді тыңайтқыштармен қамтамасыз ету бойынша тиісті жұмысты үйлестіруді тапсырамын. Ауыл шаруашылығы техникасының жұмысқа әзір болу мәселесі де маңызды болып табылады. Лизингтік бағдарламаларды іске асыруға бөлінген қаражат тиімді, атаулы әрі ашық пайдаланылуға тиіс», деген Премьер-министр, белгіленген көлемде арзандатылған дизель отынымен үздіксіз қамтамасыз ету мәселесі ерекше назар аударуды талап ететінін қадап айтты.
«Бұл бірінші кезекте – әкімдіктердің жауапкершілігі. Бүгінгі таңда шамамен 220 мың тонна отын жөнелтілді. Бұны мақсатсыз пайдалану, алыпсатарлықпен өткізу мен жасанды тапшылық жасау фактілеріне мүлдем жол беруге болмайды. Отынның барлық қажетті мөлшері фермерлерге бекітілген кесте бойынша жеткізіп берілуі шарт. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша биыл мемлекеттік қолдау көлемі едәуір ұлғайды», деді Үкімет басшысы.
Көктемгі егіс пен егін жинау жұмыстарын жүргізуге 700 миллиард теңге, жеңілдетілген лизинг бағдарламаларына 200 миллиард теңге бөлінді. Бұл ретте қаржыландыру тек қана тиімді әрі адал өндірушілерге берілгені дұрыс. Премьер-министр әкімдіктерге бюджет қаражатының мақсатты әрі ұтымды пайдаға асуына тұрақты мониторингті жүргізуді тапсырып, диқандарды қажетті су ресурстарымен қамтамасыз ету мәселесінің маңызы зор екенін айтты.
«Климаттық сын-қатерлердің күшеюі мен қолжетімді су ресурстарының қысқаруы жағдайында вегетациялық кезеңнің сәтті өтуі ерекше өзектілікке ие болып отыр. Бұл мәселені шешу жүйелі тәсілді қажет етеді. Ылғалды көп талап ететін дақылдарға тәуелділікті азайту шараларын қабылдау, ғылыми институттарды жұмылдыра отырып, фермерлердің құрғақшылыққа төзімді агротехнологияларға көшуі бойынша жер-жерде түсіндіру жұмыстарын жандандыру керек», деді О.Бектенов.
Дегенмен, ауа райының қолайсыз болуы егіннің сапасы мен көлеміне әсер етпеуі керек. Тиісті шараларды алдын ала қабылдау қажет екенін айтқан Үкімет басшысы, бірінші кезекте Ауыл шаруашылығы министрлігі «Бәйтерек» холдингімен бірге, өтінімдерді қарау рәсімдерін оңтайландыру мен диқандарды барынша қамти отырып, жеңілдетілген қаржыландыруды ашық ұсынуды қамтамасыз етуі қажет екеніне тоқталды. Сондай-ақ екінші кезекте аграрлық секторды цифрландыру жұмыстары жүргізіліп жатқаны жөнінде баяндап, Үкімет егіс алқаптарын мониторингтеу үшін дрондар сатып алуға қаражат бөлгенін алға тартты.
Премьер-министрдің айтуынша, су тапшылығы қаупі жоғары өңірлерді басым тәртіппен қаржыландыруды көздеу қажет. Сондай-ақ диқандардың тамшылатып және жаңбырлатып суаруға көшуін ынталандыру жөніндегі шаралар кешенін іске асырған жөн. Сонымен қатар жедел әрекет ету үшін Экология және табиғи ресурстар министрлігі метеоболжамдарды уақтылы ұсынуды қамтамасыз етуге тиіс.