Әлем • 14 Мамыр, 2025

Пәкістан мен Үндістан келісімге келді

60 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Пахалгам қаласындағы лаңкестік әрекет Пәкістан мен Үндістан арасындағы даулы мәселені одан әрі ушықтыра түсті. Осыған орай Астанада еліміздегі Пәкістан Ислам Республикасының Төтенше және өкілетті елшісі Науман Башир Бхатти брифинг өткізіп, Джамму мен Кашмирдегі қазіргі жағдайға қатысты пікір білдірді.

Пәкістан мен Үндістан келісімге келді

Сурет: vk.com/askerytarih

Пахалгам қаласында болған қарулы топтың қастандық әреке­тінен 25 Үндістан азаматы мен бір Непал азаматы қаза тауып, көп адам жараланған. Осыдан соң Үндістан үкіметі Джамму мен Кашмирде жаппай тінту жүргізді. Үндістан құқық қорғау органдарының мәліметінше 1500-ден аса адам қамауға алынған.

Қазірде Пахалгам – халық­ара­лық деңгейде даулы аумақ ре­тінде танылды, әлі де Үндістан­ның заңсыз оккупация­сындағы Джам­му және Кашмир аймағының бір бөлігі.

– Пәкістан шиеленістің артуын қаламайтынын атап өткім келеді. Бұл елдің саяси басшылығы тарапынан барлық деңгейде ашық мәлімделген. Сонымен қатар біз егемендігіміз бен аумақтық тұтастығымызды қорғауға дайын­быз. Егер Үндістан тарапынан агрессия болса, Пәкістан БҰҰ Жарғысында бекітілген өз-өзін қорғау құқығын толық пайдаланады, – деді Н.Бхатти.

Елшінің айтуынша, Пахал­гамдағы оқиғадан кейін Пәкістан да мәлімдеме жасаған. Олар Үн­дістан басшылығы мен БАҚ өкілдері Пәкіс­танға қарсы жалған ақпарат таратып жатқанын айтады. Пахалгам сияқты оқиғаларды пайдаланып өздерінің ішкі саяси күн тәртібін ілгерілетіп, Үндістанның ішкі сәтсіздіктері мен Джамму және Кашмирдің заңсыз оккупация­сындағы репрессивті саясатын жа­сыруға тырысады. Соны­мен қатар Кашмир халқы мен үнді мұсылмандарына қарсы исла­мофобтық ұстанымдарды кү­шей­туге тырысып жатыр.

– Біз Пахалгамдағы оқиғаға Пәкіс­танды байланыстыруға бағыт­талған кез келген әрекетті жоқ­қа шығарамыз. Пәкістан бұл іске қа­тысы жоқ және мұндай оқи­ғадан пайда көретін тарап емес. Өкінішке қарай, оқиғадан кейін бірнеше минут ішінде Үн­дістан Пәкістанды айыптай бас­тады, ешбір дәлелсіз, негізсіз айыптады. Бұл оқиғадан кейін Үндістан үкіметі әлі де ешқандай нақты дәлел ұсынған жоқ. Осыған орай Үндістанның өз ішінде де, халықаралық қауымдастық тарапынан да сұрақтар туындап отыр, – деді елші.

Сондай-ақ ол Үндістан 1960 жылы жасалған Инд өзені туралы келісімді бұзып отырғанын айтады. Бұл келісімнің заңды күші бар, өйткені Дүниежүзілік банктің қатысуымен жасалған. Келісім сонымен қатар Пәкістанның үш батыс өзенінің құқықтарына кепіл бола алады.

– Бұл өзендердің суын елдің 240 миллионнан астам тұрғыны пайдаланып отыр. Аталған келісімді тоқтату – біржақты және заңсыз әрекет. Келісімде мұндай мәселе қарастырылмаған. Үндістанның осы заңсыз әрекеті өңірлік бейбітшілік пен тұрақтылыққа қауіп төндіріп, апатты жағдайға әкелуі мүмкін. Пәкістанның Ұлттық қауіпсіздік кеңесі келісім бойынша Пәкістанға тиесілі судың ағынын тоқтату немесе бұру әрекетін қақтығыс актісі ретінде қабылдайтынын және оған жа­уап берілетінін нақты мәлімдеді. Пәкістан барлық көршімен бей­біт және тату көршілік қарым-қатынас орнатуға ұмтылады. Біз өзара құрметке, егемендік тең­дігіне, бейбіт өмір сүруге және ше­шілмеген дауларды бейбіт жолмен шешуге негізделген қатынастарды қалаймыз, – деп жеткізді Пәкістан билігінің ұстанымын Н.Бхатти.

Қазір Үндістан мен Пәкістан оқ атуды тоқтатуға ресми түр­де келіскендерін мәлімдеді. Үндіс­тан Сыртқы істер министрі Вик­рам Мисри екі елдің әскери құры­лымдары арасында келіссөздер өткенін хабарлады. Ал Пәкістан премьер-министрі Шахбаз Ша­риф АҚШ президенті Дональд Трампқа бейбіт келісімге қол жеткізудегі белсенділігі үшін алғыс білдірді.

«АҚШ-тың делдалдығымен өткен ұзақ келіссөз түнінен кейін мен Үндістан мен Пәкістанның атысты толық және дереу тоқтату жөнінде келіскенін қуана хабарлаймын», деп жазды Д.Трамп «TruthSocial» әлеуметтік желісін­дегі парақшасында.

Алайда келісімнің нақты шарттары әлі жарияланған жоқ.