
Инфографиканы жасаған – Зәуреш СМАҒҰЛ, «EQ»
Көлік саласында 22,4%-дық өсім тіркелді. Бұл көрсеткіш теміржол мен құбыр арқылы жүк тасымалының артуына байланысты. Аймақтар бойынша ең жоғары өсім Түркістан облысында (21,8%), Жамбыл облысында (11,2%) және Абай облысында (14,9%) байқалды. Бұл аймақтардағы логистикалық инфрақұрылымның дамуы және жүк тасымалы көлемінің артуы өсімге ықпал етті. Құрылыс саласы 16,2%-дық өсім көрсетті. Бұл тұрғын үй және инфрақұрылымдық жобалардың артуымен, сонымен қатар құрылыс нысандарын уақтылы аяқтау шараларымен байланысты. Жергілікті әкімдіктерге құрылыс жұмыстарын үйлестіру және бағаларды бақылауда ұстау тапсырылды.
– Сауда саласы бірінші тоқсандағы 6,3%-ға қарағанда 7% тұрақты өсуді көрсетті. Көтерме сауда көрсеткіші 7,4%-ға, бөлшек сауда көрсеткіші 6,1%-ға дейін өсті. Бірқатар өңір: Түркістан облысы жеміс, көкөніс, фармацевтикалық тауар сататын кәсіпорындар есебінен 60,4%; Ақмола облысы астық, тұқым және мал азығын сататын кәсіпорындардың арқасында 44%; Шымкент дизель отынын, фармацевтикалық тауар, қара және түсті металл сынықтары мен қалдықтарды сататын кәсіпорындар есебінен 19,8%-ға жоғары өсімді көрсетті, – деп жазылған хабарламада.
Өнеркәсіп саласында жалпы өндіріс индексі 6,4%-ға жетті. Тау-кен өндірісінде өсім 7,1%-ды құрады, бұл көмір өндірудің 11,2%-ға артуына байланысты. Өңдеу өнеркәсібі де 7,2%-дық өсім көрсетті. Мұнда тамақ өнімдерін өндіру 12%-ға, темекі өнімдері 26,3%-ға, химиялық өнімдер 11,2%-ға, машина жасау 11,2%-ға өсті. Ауыл шаруашылығында жалпы өнім индексі 3,9%-ды құрады. Бұл саладағы өсім негізінен өсімдік және мал шаруашылығындағы өнімділіктің артуымен байланысты. Ауа райының қолайсыздығы кейбір аймақтардағы өсімді шектегенімен, жалпы нәтиже оң болып отыр.
Экономист Сапарбай Жұбаевтың пікірінше, еліміздің құрылыс саласы қарқынды дамып келеді. Үлкен қалалардағы жаңа ғимараттар, зауыттар мен жолдар – өсімнің айқын көрінісі. Десе де, тек құрылыспен шектеліп қалуға болмайды.
– Кеңес дәуірі кезінде ірі машина жасау зауыттары болған. Біз сол дәрежеге қайта келу үшін біраз әрекет жасап жатырмыз. 10 пайыздық өсім бізге аз. Экономиканың негізгі тірегінің бірі сауда саласында да жетістік бар. Бірден 7 пайызға артқан. Нақтырақ, көтерме 7%, бөлшек сауда 6%-ға дейін өсті. Түркістан облысы жеміс, көкөніс, фармацевтикалық тауарды сату бойынша көш бастаса, Ақмола облысы астық, тұқым және мал азығын сататын кәсіпорындардың арқасында біраз нәтижеге қол жеткізді. Ал Шымкент дизель, қара және түсті металл сынықтары мен қалдықтарын сатудан көш бастап тұр, – дейді сарапшы.
Ал экономист Расул Рысмамбетов саннан сапаға көшу қажет дейді. Экономикадағы өсім тек пайыздық көрсеткіштермен шектелмеуі керек. Қазір басты мақсат – 6% өсімді сақтап қалу. Экономист сондай-ақ халықтың нақты табысының артуын қадағалауды ұсынады. ІЖӨ өсімі халықтың өмір сүру деңгейіне тікелей әсер етуі керек. Егер халық өсімді тек статистикадан көріп, бірақ күнделікті өмірде сезінбесе, бұл сапалы дамудың белгісі емес.
Парламент Мәжілісінің депутаты Павел Казанцев ауыл шаруашылығындағы қиындықтарды естен шығармау керегін айтты. Казанцевтің пікірінше, ауыл шаруашылығы – тұрақсыз климаттық жағдайларға тәуелді сала. Сондықтан бұл секторда тұрақты өсімді қамтамасыз ету үшін жаңа технологияларды енгізу, ирригация жүйелерін жетілдіру және аграрлық ғылымды дамыту қажет.
– Кейінгі екі жылда түрлі жағдайды бастап кештік. Алдымен құрғақшылық қыспаққа алды. Өткен жылғы су тасқыны есеңгіретіп тастады. Соған қарамастан жетістік байқалып отыр. Біз осындай жағдайда да әрекет етуге үйрендік. Мемлекет басшысы өзінің әр сөзінде экономиканы дамыту үшін бар күш-жігерді біріктіру керек деп шегелейді. Министрліктің берген бұл мәліметі – кейінгі төрт айдағы көрсеткіш. Алда оны әрі қарай дамыту деген үлкен іс тұр, – дейді П.Казанцев.
Қазіргі басты сұрақ – «Экономикалық өсімді 6% деңгейінде сақтау үшін қандай ұзақмерзімді шаралар қабылданады? Экономикалық тұрғыдан әлсіз өңірлердегі жағдайды қалай жақсартуға болады? Бұған «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры басқарма төрағасының орынбасары Талғат Смағұлов жауап берді.
Оның айтуынша, тұрақты экономикалық өсімді сақтау үшін шағын және орта бизнесті (ШОБ) қолдау маңызды.
– Осы мақсатта елде бірнеше ұзақмерзімді іс-шаралар жоспарланған. Біріншіден, кепілдік қорларын дамыту қарастырылған. Кепілдік қоры – кәсіпкерлерге несие алу кезінде кепілдік қамтамасыздығы жеткіліксіз болған жағдайда, мемлекет немесе «Даму» қоры беретін кепілдік. Бұл кәсіпкерлерге банктерден несие алуды жеңілдетеді. Мәселен, бірінші кепілдік қоры кәсіпкерлерге 7 млрд теңгеге дейінгі жобаларға қаржыландыру алуға мүмкіндік береді. Несие сомасының 85%-на дейінгі кепілдік беріледі. Бұл шағын және орта бизнеске, әсіресе жаңа жобаларға немесе кепілдігі жоқ кәсіпкерлерге тиімді. Ал екінші кепілдік қоры ірі жобаларға арналған (7 млрд теңгеден жоғары). Әр жобада оның ерекшеліктері ескеріледі. Бұл кепілдіктер кәсіпкерлердің несие алу мүмкіндігін арттырып, қаржылық тәуекелдерді азайтады. Банктер үшін мұндай кепілдік сенімділікті қамтамасыз етеді, – дейді Т.Смағұлов.
Одан кейін жеңілдетілген несиелеу бағдарламаларының да маңызы зор. «Даму» қоры 2025 жылы шағын және орта бизнеске жылдық 12,6% мөлшерлемемен жеңілдетілген несие беру бағдарламасын іске қосуды жоспарлап отыр. Бағдарлама екінші деңгейлі банктермен әріптестік негізінде жүзеге асады, 40% – қордың қаржысы, 60% – банктердің қаржысы. Негізгі салалар: өңдеу өнеркәсібі (өндіріс), ауыл шаруашылығын өңдеу (өнімдерді қайта өңдеу), көлік және логистика, медицина, білім беру және туризм.
– Субсидиялауды да ұмытпау керек. Жақында оның механизмі іске қосылады. Субсидиялау – кәсіпкерлердің алған несиелері бойынша пайыздық мөлшерлеменің бір бөлігін мемлекет өтейді. Бұл кәсіпкерлер үшін қаржылық жүктемені азайтады. Шағын кәсіпкерлік субъектілері үшін несие сомасы 200 млн теңгеге дейін субсидияланады. Бұл шара кәсіпкерлерге қаржылық шығындарды азайтып, пайда табуға мүмкіндік береді. Әсіресе экономикалық тұрғыдан әлсіз өңірлерде бизнеске қолдау көрсету маңызды. Осы шаралар шағын және орта бизнестің қаржылық тұрақтылығын нығайтып, олардың бәсекеге қабілеттілігін арттырады және жаңа жұмыс орындарын құруға ықпал етеді. Нәтижесінде, елімізде тұрақты экономикалық өсім қамтамасыз етіледі, – дейді Т.Смағұлов.