Денсаулық • 14 Мамыр, 2025

Дені сау ұрпақ – ұлт болашағы

90 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Репродуктивті денсаулық, жыныстық сауат тақырыбы қоғамда ашық айтылып, көп талқыға түсе бермейді. Отбасын жоспарлау мәселесі де көптің назарынан жиі тыс қалады. Осының салдары ерте жүктілікке, одан да қатерлісі – жыныстық жолмен берілетін инфекцияға ұрындырады. Сол тұрғыда дені сау ұрпақ қалыптастыруға бағытталған іс-шаралардың мән-маңызы ерекше. Қазірде ел көлемінде Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия ұйытқы болып, репродуктивті денсаулық апталығы жүріп жатыр.

Дені сау ұрпақ – ұлт болашағы

Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Кейінгі бес жылда елімізде кәмелет жасы­на толмаған қыздар арасында жүктіліктің шамамен 12 мың жағдайы тіркелген. 15 пен 19 жас аралығындағы жас пен жасөспірімдердің үштен бірінің жыныстық тәжірибесі бар. Қиыны, ЮНФПА зерттеулерінің мәліметі бо­йынша, олардың көбі АИТВ, ЖИТС-тен қорғану туралы ақпараттардан хабарсыз.

Денсаулық сақтау министрлігінің зерттеу­леріне сәйкес, инфекция белгі­лері бар жастар­дың 60%-дан астамы медициналық көмекке жүгінбейді. Бүгінде елдегі әрбір алтыншы отбасы бе­деулікке тап болады. Бұл тек әйел­дер­ге ғана емес, ерлерге де қатысы бар дерек. Дүниежүзілік денсаулық сақ­тау ұйымы маман­дарының пікірінше, мұндай көрсеткіш ұлттық қауіпсіздікке қауіп төндіреді.

Апталық аясында жас­тар ден­сау­лық орталықтары мен алғаш­қы ме­ди­циналық-санитарлық көмек ұйым­дарында «Ашық есік күні», та­қы­рып­тық дәрістер, тренинг, интерак­тивті сессия, мамандардың қатысуымен онлайн-вебинарлар өтеді. Бұл жөнінде арнайы ұйымдастырылған баспасөз мәслихатында Ұлттық комиссия төр­аға­сының орынбасары, Парламент Сенаты төрағасының кеңесшісі Жұлды­зай Ысқақова тарқатып айтып берген еді.

– 2021 жылдан бастап Президент тапсырмасымен «Аңсаған сәби» арнайы бағдарламасы жұмыс істеп келеді. Жыл сайын ЭКҰ бағдарламаларына мыңдаған квота бөлінеді. Бұл дегеніңіз ашық, ғылыми негізделген диалогті қажет ете­тін репродуктивті денсаулық саласында үлкен мәселелер бар екенін көрсетеді. Сондықтан акцияның мақсат-мұраты – азаматтарды маңызды бағыттар туралы көбірек ақпараттандыру. Сондай-ақ жастардың, ересектердің өз денсаулығына саналы көзқараспен қарауға ынталандыру, – дейді Ж.Ысқақова.

Ел көлемінде жасөспірім, жастар арасында отбасының маңызын ұқтырып, репродуктивті денсаулыққа қатысты сауа­тын арттыруды мақсат еткен 103 Жастар денсаулық орталығы (ЖДО) жұмыс істейді. Мұнда мамандар 10–18 жас аралығындағы кәмелетке толмағандар­­ға, 18–29 жас аралығындағы жастарға меди­ци­налық, емдеу-профилактикалық көмек көрсетеді. Былтырғы жылдың есебі бойынша ЖДО-ға 780 мыңнан астам жас көмекке жүгінген. Олардың 84%-ы – қала жастары. Сондықтан қазір облыс пен аудан деңгейінде де осындай орталықтар ашылып жатыр.

Кешенді іс-шаралар нәтижесінде ке­йінгі 5 жылда жасөспірімдер арасын­дағы жүктілік 43%-ға төмендеп, 1 мың жасөспірім қызға шаққандағы көрсет­кіш 4,25 болды. Сондай-ақ осы жастағы жасөспірімдер арасында туу, жасанды түсік жасау көрсеткіші айтарлықтай төмен­деген. Осы бағытта іске асып жат­қан жұмыстың бір тармағын Денсау­лық сақтау министрлігі Ана мен бала ден­саулығын сақтау департаменті Аналар денсаулығын сақтау басқармасының басшысы Шакизат Халықова айтып берді.

– Денсаулық сақтау министрлігі ел азаматтарының, оның ішінде жас­өспі­рімдердің репродуктивті денсаулығын нығайту мақсатында бірталай іс-шара­ны үйлестіріп отыр. Атап айтқанда, қызда­рдың гинеко­логиялық патоло­гия жағдайларын дер ке­зінде анық­тау үшін ауылдық жерлер­де балалар гинекологінің болуын қамтамасыз етеді. Егер патология анықталса, қыз балалардың репродуктивті денсаулығын қалыптастыру, сауықтыру мақсатында облыстық, республикалық медициналық мекемелерге жолдау маршруты бекі­тіл­ді. Осы іс-шаралар негізінде 2026 жылға дейінгі балалар гинекологиясын жетілдірудің Жол картасы әзірленді, – деді Ш.Халықова.

Жасөспірімдерге, олардың ата-анала­рына қолдау көрсететін іс-шаралар­дан Оқу-ағарту министрлігі де қалыс қалмады. Министрліктің бастамасымен әр өңірдегі білім беру ұйымдарында ата-аналар, мектеп, колледж оқушылары жүгіне алатын психологиялық қолдау орта­лықтары ашылған. Былтырдың өзінде осындай орталықтарға 600 мың өтініш түскен. Әр мектепте бала мен ата-ана арасындағы байланысты қолдау мақсатындағы психологиялық, педаго­гикалық қолдау көрсету орталықтары жұмыс істейді. Жыл басынан бері, 4 ай­дың ішінде балалардан 70 мыңға ­жуық өтініш келген. Оның ішінде отбасын­­дағы, көшедегі зорлық-зомбылық туралы ­300-ге жуық қоңырау түсіпті.

Оқу-ағарту министрлігі Балалар­дың құқықтарын қорғау комитетінің төраға­сы Насымжан Оспанованың айтуынша, отбасында ата-ана жауап­кершілігі төмендегеннен балалар осындай ауыр жағдайға тап болып жатады.

– 15-17 жас аралығындағы балалар туыс­тарымен ашық сөйлесуден қорқа­ды. Сондықтан мектепте балаларды қолдайтын іс-шаралар өткізген тиімді. Былтыр біз ЮНИСЕФ-пен бірлесіп, балалардың интернет кеңістіктегі қауіп­сіздігіне қатысты «Kazakhstan Kids Online» зерттеуін жүргіздік. 1 200 бала зерттелді. Оның ішінде әрбір оныншы бала белгісіз адамның өтінішімен өз суреттерін өзгеге жолдаған. Әрбір он бірінші қыз бейтаныс адамдармен кездесуге барған. Балалардың 3%-ы белгісіз адамдармен қарым-қатынаста болды. Бұл ата-аналарға, тәрбиешілерге балалармен байланыс орнату, сенім арту, анамен, әкемен жылы қарым-қатынаста болудың маңызды екенін көрсетеді, – дейді Н.Оспанова.

Осы орайда «Қазақстанның жыныс­тық және репродуктивті денсау­лық жөніндегі қауымдастығы» қоғам­дық бірлестігі туралы айта кеткен жөн. Педа­гогтер мен медицина маман­дарының басын қосып жүрген ұйым үкіметтік емес секторда 25 жылдан астам уақыт жұмыс істейді. Халықтың репродуктивті денсаулығын нығайтуға лайықты үлес қосып жүр. Ұйым отбасын жоспарлау, жүктілікке дайындық, жасөспірім, жастардың денсаулығы, АИТВ, ерте жүк­тілікпен қоса, жыныстық жолмен тара­латын инфекциялардың алдын алу, сапалы медициналық көмекке қол жеткі­зу сынды мәселелерге ерекше назар ауда­рады. Бірлестіктің  вице-президенті, акушер-гинеколог дәрігер, қоғамдық денсаулық магистрі, ЮНФПА сарапшысы Мира Сауранбаева өмірлік дағдылар­ға негізделген кешенді білім беруді енгі­зуге күш салып жатқанын атап айтты. Өйт­кені бұл тек ақпараттандыруға бағытталған тәсіл емес, жасөспірімдер мен жастардың дағдыларын қалыптастыруға мүмкіндік беретін әдіс.

– Әлеуметтік желідегі, интернет кеңістігіндегі ақпарат әрқашан сенімді бола бермейді. Біздің міндетіміз – жасөс­пірімдерге денсаулық туралы ғана емес, өзімізді қалай қорғайтынымыз жайлы сенімді, ғылыми негізделген ақпарат беру. Қауымдастық сарапшылары педагогтер мен жасөспірімдер­ге арналған әдістемелік нұсқаулық, сон­дай-ақ үлестірме материалды қамтитын оқу-әдістемелік кешен әзірледі»,– дейді М.Сауранбаева.

Жастардың репродуктивті сауатты­лы­ғын арттыру, ерте жүктіліктің, түсік­тердің, жыныстық жолмен бері­ле­тін инфекциялардың алдын алу мақсатында қолға алынған баста­малардың бірі – «Saulyq Life» жобасы. Республикалық қозғалыс Мәде­ниет ж­әне ақпарат минис­трлігінің қол­дауымен, Азаматтық бас­тамаларды қол­дау орталығының мем­лекеттік гран­ты аясында іске асып келеді. Жоба еліміздің барлық 17 облысын, 3 респуб­ликалық маңызы бар қаласын қамтиды. Екі жылда 200-ден астам іс-шара өткізіліп, оған 40 000-нан астам жас қатысады деп мақсат қойған. Бүгінде жастарға медиа бағытта қолдау көрсететін Saulyq.kz онлайн платформасы іске қосылған. Қазірдің өзінде платформа арқылы 95 мыңнан астам пайдаланушы көмекке жүгінген. Сонымен қатар 3 800 жастан анонимді өтініш келіп түсті. Платформа арқы­лы 3 мыңнан астам жас гинеколог, андролог, психологтің консультациясын алған.

Қорыта айтқанда, бір емес бірнеше министрліктің, қоғамдық бірлестіктердің, ұлт саулығына алаңдайтын белсенді азаматтардың репродуктивті денсаулық тақырыбын күн тәртібіне шығаруы ұтымды шешім болды. Әрі олар өз құзыреті шеңберінде жасөспірімдерге, жастарға қорған болатын, саулығына қарасатын жобаларды жүйелі іске асырып келеді. Дегенмен бала әке-шешеге қарап бой түзейтінін ескерсек, репродуктивті денсаулық, жыныстық тәрбие тақырыбы әуелі үйде айтылғаны дұрыс.