
Бұл жөнінде ұлттық комиссия мүшесі, қала әкімінің гендерлік мәселелер жөніндегі кеңесшісі Баян Жандосова: «Апталық аясында денсаулық сақтау, білім басқармаларымен бірлесіп түрлі іс-шаралар өтетін болады. Олардың барысында әйелдермен, ер азаматтармен, жастармен кездесулер ұйымдастырылып, отбасын жоспарлау, ерте жүктіліктің, жыныстық жолмен жұғатын инфекциялардың алдын алу тақырыптары қозғалады. Апталықтың бір бағыты ретінде мектеп директорлары мен медицина қызметкерлеріне жасөспірім қыздар арасындағы ерте жүктілік мәселесіне арналған семинар ұйымдастырылады. Президент бастамасымен «Аңсаған сәби» бағдарламасы жүзеге асып жатқанына 4 жыл болды. Осы аралықта қаншама әйелге бағдарламаның шарапаты тиіп, ана болу бақыты бұйырды. Бағдарлама шеңберінде биыл Шымкентке 400-ден астам квота бөлініп отыр. Осы квотаның арқасында бала сүюді аңсап жүрген әйелдер сәбилі болып, еліміздің демографиясының артуына үлес қосып жатыр», деп атап өтті.
Қалалық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Сәуле Дүйсенбаеваның айтуынша, Шымкентте туу жасындағы 311 мың әйел, 493 мың бала бар. Ұрпақ сүйгісі келетін отбасы мәселесі қашан да қоғамның өзекті проблемасы екенін айтқан маман болашақ әке мен ананың денсаулығын ойлау мақсатында қалада 9 Жастар денсаулығы орталығы құрылғанын тілге тиек етті. Биыл І тоқсанда осы орталықтарға 18 мыңнан аса жас жүгінген.
Апталық аясында емхана, жастар денсалығы орталықтарында флешмобтар, «ашық есік күндері» өткізіледі. Медицина қызметкерлері жыныстық жолмен жұғатын инфекциялық аурулар, қатерлі жатыр ісігіне алып келетін адам вирусы папилломасы туралы қажетті мағлұматтар береді. Осы орайда денсаулық сақтау басқармасы тұрғындарды апталық кезінде барынша белсенді болуға шақырады.
Қалалық денсаулық сақтау басқармасының штаттан тыс бас акушер-гинекологі Гүлбану Жұмағалиқызы апталық шеңберінде айту ұят болып саналатын тақырыптар ашық түсіндірілетінін баяндады. Маманның мәлімдеуінше, бүгінде әйелдер арасындағы обырда адам вирусы папилломасы бірінші орында тұр. Соның салдарынан жыл сайын 2 мыңға жуық әйел қатерлі ісікпен ауырып, оның 500-ге жуығы көз жұмады екен. Сондықтан бүгінгі таңда мектептерде жасөспірім қыздарға адам вирусы папилломасына қарсы вакцина салынып жатыр. Бірақ оған қарсы шығып жатқан ата-аналар да бар. Маманның пікірінше, бұл мәселенің жалғыз шешімі – халықты дұрыс ақпараттандырып, обырмен күресудің ең тиімді әдісі вакцина екенін жан-жақты түсіндіру. Бас акушер-гинеколог мәлімдегендей, қалаға бөлінген 440 квота арқылы былтыр 228 әйел экстракорпоральді жолмен жүкті болған. Қолдан ұрықтандырылғандар ішінде өлі бала туғандар тіркелмеген. Сондай-ақ алдыңғы жылдармен салыстырғанда 14 жастағы жасөспірім қыздар арасындағы ерте жүктілік оқиғалары азайған. Дегенмен 16-17 жастағы қыздар ішінде ерте жүкті болып қалып жатқандар көрсеткіші әлі де жоғары болып тұр. Қалалық медицина басқармасы алдағы уақытта осы статистиканы азайту бағытында жұмысты жандандыратын болады. Апталық кезінде жасөспірімдер, ата-аналар қалалық бас репродуктолог пен бас педиатрдан тегін кеңес ала алады.
ШЫМКЕНТ