
Үш жарым жылда келген кезек
Көп сұрақтың жауабын табу үшін әлбетте тақырыпқа тереңнен үңілген абзал. Сондықтан сөз басындағы кейіпкерімізге қайта оралғанды жөн көрдік. Айтұмар туғаннан омырау еме алмай, ұйықтамай тек жылай берген. Дәрігерлер оның анасы Гүлбану Әниятқызына баласының үш айында миы баяу өсіп жатқанын, жасына сай еместігін, өмірі бұрынғыдай болмайтынын айтыпты. Содан бері дәрігер жағалаумен жүр. Осы күнге дейін үздіксіз ем қабылдап келеді. Талмай жүгірген еңбектің, жұмсаған уақыт пен ақылы орталықтарға тасығанның, қыруар қаржының көмегімен қызы қазір бәрін түсінеді, ұғады, сөйлейді, ән айтады, жүреді, жүгіреді, өзі тамақ жейді. Әрине, тегін мемлекеттік ұйымдар бар, бірақ қызмет алу оңай емес. Мысалы, Айтұмар Астанадағы балаларды ұлттық оңалту орталығына тіркелген, үш жарым жыл дегенде кезекке қол жеткізіп, қазір сол жерде ем алып жүр. Енді анасы оның ел қатарлы мектепке барғанын қалайды. Алайда тағы кедергі.
«Астанада ерекше білім беруді қажет ететін балаларға арналған үш мектеп бар екен. Үшеуіне де кезек көп. Даярлық сыныбы тек біреуінде ашылады, тамызда белгілі болады. Бұл – бір Астанадағы жағдай, аймақтардың халі түсінікті. Агрессиясы бар кішкентайларға психиатр үйде оқытуға қорытынды жазып береді. Ал менің қызым сияқты балалар коррекциялық түзету кабинеттеріне барып оқуға тиіс. Мәселе осы жерден басталады. Түзету кабинеттеріне де кезек сұмдық. Былтыр жазда алған кезегіміз тура бір жылдан кейін, мамырда келуі керек. Оның өзінде күнде емес, аптасына 2-3 рет қана.
Былтыр ПМПК-дан (психологиялық-медициналық-педагогикалық консультация) жолдама алған 200 мың баланың қазір тек 8 мыңы осындай орталыққа барып жүр екен. Сонда қалған 192 мың бала қайда? Шамасы жеткендер ақылы орталықтарға апарады. Онда бір маманның жарты сағаты 7 мың теңгеден жоғары, баланы жарты күнге берсе, кемі 200 мың теңгеден жоғары. Ақшасы жоқ ата-ана баласын үйде ұстап отыр деген сөз. Мұны шешпесе болмайды. Жыл сайын көбейіп жатқан психологиялық, тіл дамуында кешеуілдеуі бар, аутист балаларды қоғамға бейімдеп, қазірден айналыспасақ, он жылдан кейін психикалық орталықтар салуға тура келеді. Ащы шындық осы. Бұл – елдік мәселе, ұлттық трагедия», дейді Г.Әниятқызы.
160 мыңдай бала біліммен қамтылмай отыр
Біз осы мәселемен Оқу-ағарту министрлігіне хабарластық. Аталған министрлікке қарасты Арнайы және инклюзивті білім департаментінің директоры Лаура Асқарқызының атынан келген жауапта елімізде ПМПК есебінде 235 мыңнан аса бала тұрғаны айтылған. Бұл балалар – арнайы психологиялық-педогогикалық көмекке мұқтаж, мүмкіндігі шектеулі жандар. Министрліктің ресми сайтында республикада 492 арнайы білім беру ұйымының, оның ішінде 104 ПМПК, 218 психологиялық-педагогикалық түзету кабинеті, 99 арнайы мектеп, 48 арнайы мектепке дейінгі ұйым, 13 оңалту орталығы, 10 аутизм орталығының жұмыс істейтіні жазылған. Инклюзивті білім беру жағдайында мектепке дейінгі, орта және техникалық-кәсіптік білім ұйымдарында ерекше білім беру қажеттілігі бар 77 мыңнан аса бала оқиды. Сонда әлі 160 мыңның жобасындағы ерекше білім беруді қажет ететін бала балабақша, мектеп, колледжбен қамтылмай отыр.
«Білім саласындағы қолжетімділік пен теңдікті қамтамасыз ету Қазақстанның 2025 жылға дейінгі Ұлттық даму жоспарындағы «Сапалы білім беру» жалпыұлттық басымдығының бірінші кезектегі міндеті ретінде айқындалған. Осыған орай 2021 жылы балабақша, мектеп, колледждерге педагог-ассистент қызметіне арнайы штат енгізілді. Педагог-ассистент ПМПК ұсынымдары немесе білім беру ұйымының психологиялық-педагогикалық сүйемелдеу қызметінің шешімі негізінде баланың сыныпта (топта) өз бетінше оқу қабілетін қалыптастырғанға дейін жеке сүйемелдеу бойынша қызметтер көрсетеді. 2022 жылы ерекше білім беру қажеттілігін бағалау ережесі, психологиялық-педагогикалық сүйемелдеу ережесі бекітілді. Елімізде мектепке дейінгі, орта, техникалық-кәсіптік білім беруді дамытудың 2023–2029 жылдарға арналған тұжырымдамасында даму мүмкіндіктері шектеулі балаларды арнайы психологиялық-педагогикалық қолдаумен қамту нысаналы индикаторы көзделген. 2024 жылдың қорытындысы бойынша қамту 85% құрады», деді Л.Асқарқызы.
Осы жерде мына нәрсені еске сала кеткіміз келеді. Білім және ғылымды дамытудың 2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында (қазір күшін жойған) инклюзивті білім беру үшін жағдай жасаған мемлекеттік мектепке дейінгі, орта білім ұйымдарының үлесін 100 пайызға, техникалық-кәсіптік білім ұйымдарының үлесін 70 пайызға жеткізу жоспарланған еді. Саннан сапа шығады, бұл күнде сол санға қол жеткізудің өзі күрделі мәселеге айналған.
Л.Асқарқызы баяндағандай, жергілікті атқарушы органдар жоспарлы көрсеткіштерге қол жеткізу үшін арнайы психологиялық-педагогикалық қолдаумен қамтитын бірнеше тетікті – арнайы білім беру ұйымдарының желісін кеңейтуді, жалпы білім беретін мектептер мен балабақшаларда арнайы сыныптар (топтар) ашуды, сондай-ақ мемлекеттік білім беру тапсырысын орналастырудың қосымша тетігі ретінде пайдаланады. Жергілікті атқарушы органдар мемлекеттік психологиялық-педагогикалық түзету кабинеттеріне кезек көбейгенде қосымша шара ретінде мемлекеттік білім беру тапсырысын жеке ұйымдарда орналастырады.
Осындай тетік бұған дейін жоғары білім саласында тиімділігін көрсеткен. Грант бұрынғыдай университетке емес, студентке беріледі. Сол сияқты мүмкіндігі шектеулі балаға да мемлекеттік тапсырыс есебінен орын табылған жеке ұйымға баруына да жағдай жасалса, құба-құп. Алайда қазіргі таңда мемлекеттік білім беру тапсырысы тек 5 өңірде (Алматы және Шымкент қалаларында, Солтүстік Қазақстан, Қарағанды және Жетісу облыстарында) іске асырылып жатыр, қызметті 49 жеке ұйым көрсетеді. Барлығы 4 мың мүмкіндігі шектеулі бала қамтылып отыр. Елорданың өзінде мұндай мүмкіндік қарастырылмаған.
Шетелдерде орын мәселесі ваучер арқылы шешіледі. Бірақ Мәжіліс мінберінде мүмкіндігі шектеулі жандардың мұң-мұқтажын ұдайы көтеріп, жеткізіп отыратын депутат Таңсәуле Серіков ваучер жүйесі бұл салаға келмейтінін айтады. «Ваучер жүйесінде баланы дамытатын, оқытатын, оңалтатын орынды ата-ана өзі таңдауына тура келеді. Ал бізде ерекше балаларды дамыту, оқыту жағдайындағы басты түйткілдердің бірі ана мен перзентін қиын жағдайда жеке қалдыратынымызда, негізгі шешімді ата-ананың мойнына артып қоюда болып тұр. Абдырап қалған ананың қолына бір парақ қағазды ұстатып қоя береді. Ол қайда барарын, не істерін, неден бастарын да білмейді. Ал ерекше балалар кезек күтпей, уақыт оздырмай қажет қызметті, білімді алуы үшін оңалту орталықтарын заң аясында жеткілікті жағдайға дейін көбейтуіміз керек. Оңалту орталықтарының да қызмет алушының ерекшелігіне қарай түр-түрі болуы қажет, мысалы, бір балаға тілін дамыту жағынан, екінші біріне физиологиялық тұрғыда, енді біреуіне психологиялық оңалту керек шығар, оңалтудың дәл қай түріне жолданатыны нақтыланбай жатса, ғылыми оңалту орталығына жіберілетіндей жүйе қалыптастыруға тиіспіз», деді ол.
Педагог-ассистент бала күтуші ме?
Ал ата-ана Г.Әниятқызы министрлік жауабында жазылған педагог-ассистент қызметіне қатысты: «Иә, кәдімгі мектептерде инклюзия сыныптары ашылған, бір сыныпта 30 оқушы болса, соның 1-2-уі диагнозы бар бала болады. Баланың жанына бір педагог-ассистентті қосып береді, ол репетитордың қызметін атқармайды, былайша айтқанда, бала күтуші сияқты. Бала артық қимыл, оғаш мінез көрсетсе, өзгелерге бөгет жасаса, дереу сыныптан алып шығады, үзіліс кезінде басқа балаларға буллинг жасамауын қадағалайды. Яғни мұндай маман баланы оқытпайды, меніңше, бұл – жай көзбояушылық. Өйткені осындай сыныпқа баласын апарып, қайтадан шығарып алған ата-аналардың көбін білемін. Ерекше баланың қасына берілген маман әдетте колледжді жаңа бітірген адам болып келеді, олардың өзі ерекше баладан қорқып тұрады. Оның үстіне сол ассистенттің де айлығы 80-100 мың теңге көлемінде. Осыған қоса дені сау 25-30 баланың ата-анасынан кем дегенде 20-сы диагнозы бар баланың бір сыныпта оқуына қарсы болады, ұдайы шағымданады, арызданады. Баласына қоғамда сондай ерекше қатарластарының болатынын, оларды сол күйінде қабылдауымыз керек екенін, мазақтап, кемсітуге болмайтынын, керісінше қолдау көрсеткеннің дұрыстығын айтып түсіндірмейді, яғни біздің қоғам да, мемлекет те дайын емес. Ата-аналар арыздана берген соң, мұғалімдер де ерекше баланың әке-шешесіне перзентінің қалып келе жатқанын айтып үйде оқытуға кеңес береді. Негізі заң бойынша мектеп директорының да, сынып жетекшісінің де диагнозы бар баланы мектептен шығарып жіберуге құқы жоқ, бірақ қайта-қайта шақырта берген соң, «өз еркімен» баласын алып кетеді», деді.
Осындайдан да ата-ана амал жоқ баласын жеке орталықтарға тасиды. Оның үстіне Г.Әниятқызы айтқандай, тегін орталыққа кезегі келіп барғанның өзінде мұнда баланы күн сайын қабылдамайды, аптасына 2-3 рет келетіндей кесте қойып береді. Сол уақытта 2-3 маман ғана айналысады, бұл балаға жеткіліксіз. Одан кейін тегін орталықтардың сапасы өте нашар, мамандар ақылы орталықтардағы әріптестеріндей айналыспайды. Себебі Астанада тәжірибелі мамандардың өзі 250 мың теңге, енді жұмыс істеп бастағандары 150–180 мың теңге айлық алады. Бұл мәселені Оқу-ағарту, Ғылым және жоғары білім министрлігі бірлесіп шешуі керек. Әйтпесе мықты мамандардың бәрі ақылы орталықтарға кете береді. Өйткені онда түске дейін-ақ 20-30 мың теңге табады.
Рас, маман мәселесі өте өткір тұр. Министрліктің дерегіне сүйенсек, ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалармен жұмыс істейтін 13 мыңнан аса педагог біліктілікті арттыру курстарынан өткен. Бірақ мәселе мұнымен шешіле қоя ма?
Адамды қатарға қосу орта білім берумен шектелмесе керек. Мүмкіндігі шектеулі жандар да қоғамға пайдалы бола алады, бұл үшін әлбетте оларға ең аз дегенде өз нанын өзі тауып жей алайтындай бір кәсіпті меңгертіп, жұмыспен қамту қажет. Ал мұндай балалардың кәсіптік-техникалық білім ұйымында, университетте оқуына жол ашық па? Министрліктің жауабында жазылғандай, I, II топтағы мүгедектерге, бала кезінен мүгедектерге, мүгедек балаларға арналған техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарына оқуға түсу кезінде қабылдау квотасы 1-ден 10%-ға дейін ұлғайтылды. Алайда квотаға дейін жету бар ғой.
Бұл туралы ата-ана Г.Әниятқызы: «Арнайы мектепте ерекше бала 11-сыныпты, ал орта мектепте 9-сыныпты ғана оқи алады, осыны да заң тұрғысынан қайта қарау керек. Арнайы мектепте оқыған баланың мамандық алып шығуына мүмкіндік бар, кәдімгі орта мектепте оқыса, ондай мүмкіндік жоқ. Мектеп бітірген соң бала қайда барады? Бұл да – үлкен мәселе. Психиатрлар мектепте оқуға болмайды деп қорытынды шығарған, үйде оқитын балалар бар. Олардың ата-анасы да жұмыс істеп ақша табуға тиіс, бұл үшін оларды қалдыратын арнайы орталықтар қажет. Өткенде лифтіде 5 жасар баланы пышақтап тастаған – анасы жұмысқа кеткен үйдегі ауытқуы бар жасөспірім. Мен алдағы 10-15 жылды ойласам, қорқамын, бұлар ертең-ақ кәмелетке толады. Оларды қазір қатарға қоспасақ, 18 жаста ата-анасына 2 диагноздың бірін таңдатады, не ақыл-есі ауытқыған, не шизофрения. Мұндай диагнозбен жұмысқа тұра алмайды, баратын жері – психдиспансерлер», деді.
Президент тапсырмасы қалай орындалады?
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Бурабайдағы Ұлттық құрылтайда әрбір облыс орталығында ерекше қажеттілігі бар, соның ішінде аутизмге шалдыққан балаларды оңалту және дамыту орталықтарын құруды, елімізде ерекше қажеттілігі бар әрбір баланың толыққанды білім алуына мүмкіндік жасауды, жыл соңына дейін осындай балаларға жан-жақты қолдау көрсету ісін реттейтін жаңа заң әзірлеуді тапсырған еді. Қазір Президенттің осы тапсырмасын орындау үшін Парламентте «Мүмкіндігі шектеулі балалардың білім алуы туралы» заң жобасы дайындалып жатыр. Біз сол жұмыстың басы-қасында жүрген депутат Т.Серіковпен заң жобасы жөнінде де тілдескен едік. Оның айтуынша, бұл құжаттың атауында да мән бар.
«Заң жобасы неге мүгедек балалардың емес, дәл мүмкіндігі шектеулі балалардың білім алуы туралы болып отыр? Себебі бізде ақыл-ойының ауытқуына, тілінің кешеуілдеуіне байланысты ақаулары болғанымен, «мүгедектік» берілмейтін топтар бар, аутизмді де соған жатқызуға болады. Ауытқу белгілері байқалған балаларды ПМПК-ға жібереді. Бірақ бұған болмашы бөлігі барады. Кейбірі салғырттықтан, енді біреулері кезектің көптігінен, тағы бір топ ата-ана не істерін білмегеннен дамытудан, уақытында оңалтудан қалыс қалып қояды. Сондықтан біз заң жобасында ерекше баланың анасы сан-саққа жүгірмейтіндей қажет шараның бәрін бір жерге тоғыстыруды ұсындық. Мысалы, психолог маман еңбек қорғау саласында да, денсаулық сақтауда да, білім беруде де бар. Бір қызмет үш жерде қайталанбас үшін бұл бір мекемеде болуы керек. Олар балаға қатысты ұйғарымды бірігіп шығарады, соған сай емдік, дамыту, оңалту қызметтерін алады. Содан соң сондағы нәтижемен, шешіммен бала мектепке барады. Оңалту, дамыту орталықтары мен білім ұйымына кезек мәселесі де заң шеңберінде шешілуге тиіс. Бұл ретте оңалту орталықтарын құрудың, ашудың, қызметі мен міндетінің нақты жолы заңда жазылғаны жөн. Сонда бұл ауқымды іске кәсіпкерлер де келеді, тіпті ерекше баласы бар ата-аналардың өзі орталық ашуға бет бұруы мүмкін. Ал мектепте ерекше баланың әрқайсысына өз мүмкіндігі мен жағдайына қарай оқу бағдарламасы жасалады. Кейін мүгедектерге арналған грантпен колледж я университетке түсіп, бітіріп, Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігінің қадағалауымен міндетті түрде мемлекеттік, квазимемлекеттік мекемелерге жұмысқа тұрғызылады. Мемлекеттің қолдауы осы циклмен аяқталады. Сондай жүйелі, бірізді қолдау тәртібін заң жобасына енгіздік», дейді депутат.
Т.Серіков жоғарыдағы ата-ананың сынын расқа шығарып отыр. Оның сөзіне қарағанда, инклюзивті сыныптардағы ассистент-педагогтер баланы дәретханаға апарып келу сияқты міндеттерді орындап жүреді. Ал оның негізгі қызметі – мұғалімнің айтқанын, бергенін оқушыға түсіндіру. Бірақ бұл орындалмайды, себебі маманның жалақысы төмен, тиісті портфолиосы, механизмі жоқ. Заң жобасында педагог-ассистенттің қызметінің басты міндеттері айқындалып, толықтырылады.
«Сонымен қатар әлеуметтік қызметкер, педагог-ассистент мамандығына қалауына қарай ерекше перзенті бар, яғни мұндай балаларды тәрбиелеуде, дамытуда өмірлік тәжірибесі мол ата-аналарды қайта даярлап оқытуға заңды түрде жағдай жасаған жөн. Бүгінде мұндай мамандардың көбі колледжді жаңа бітіргендер болып келеді. Ол дамуында ақауы бар баладан қорықпай қайтеді! Бұл жерде үлкен рөл ойнайтыны – тәжірибе.
Г.Әниятқызы айтқан кәдімгі мектепте ерекше балалардың 10-11-сыныптарда оқи алмайтыны рас, мұның себебі – оқулықтың, әдістеме, әдебиеттің жоқтығында. Ал оқулықтың жоқтығы Брайль немесе Доктиль әліпбиінің қазақ тілінде ресми әліпби ретінде қабылданбауынан болып отыр. Содан соң неге арнайы мектепті бітіргендер жоғары оқу орнына түсе алады? Өйткені арнайы мектепте әр баланы арнайы жеке бағдарламамен, жалпы білім беретін мектепте жалпы бағдарламамен оқытады. Мысалы, ым-жым тілі көбіне британ, беларусь тілінде, қазақша баламасы бар, бірақ ресми қабылданбаған. Осы әліпбидің де қазақ тіліндегі нұсқасы ресми бекітілсе, колледж, жоғары оқу орны, қоғамдық жерлерде осы әліпбимен ақпарат, білім алады», дейді Т.Серіков.
Депутаттың пікірінше, ерекше балаларға онлайн сабақтар да өткізіледі. Мұны мүлдем тиімсіз әдіс деуге болмайды, десе де видеоны қосып қойып, өз жайымен кететіндер көп. Сол себепті заң жобасына балаға өз ерекшелігі мен қабілетіне қарай жасалған жеке бағдарламаны меңгерген-меңгермегенін ешбір күйзеліссіз анықтайтын емтихан секілді бір нұсқа енгізу ұсынылды. Соған сай шешім қабылданады, бағдарламаны игере алмаған болса, себебі мұғалімде ме, әлде оқушыда ма, сол анықталып, оқушының қабілеті жетпей жатса, қайтадан ПМПК-ға баратындай жүйе жасау заң жобасына енгізілді. Түптің түбінде бала мүмкіндігі қаншалықты шектеулі болса да мамандық алып шығуы керек, сонда ол қоғамға пайдалы адам болып қалыптасады.
P.S. Қолданыстағы «Білім туралы» заңының 3-бабында еліміздегі әр бала өзінің қандайда бір ерекшелігіне қарамастан сапалы білім алуға құқылы екені көрсетілген. Спикерлер көтерген, шешілмеген, шешілуге тиіс осыншама қордаланған мәселеден кейін біз ерекше балалардың білім алу құқы тапталмай отыр деп айта аламыз ба? Тағы да басы ашық сұрақ. Жауап есеппен, жоспармен емес, іспен, әрекетпен, нәтижемен берілсе, қане...