Орталық Азия елдері мен Қытай білім саласындағы байланысты бекемдеуге ниетті. Үрімжі қаласында ұйымдастырылған кеңеске Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Түрікменстан елдерінің білім және ғылым саласына жауапты министрлері мен дипломатиялық өкілдері қатысты.
Еліміздің делегациясын бастап барған Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек кеңесті маңызды диалог алаңы ретінде бағалап, Қытай тарапына ұйымдастыру жұмысына ризашылығын білдірді. Министр білім саласындағы өңірлік әріптестіктің тұрақты жүйеге айналуын қолдайтынын айтып, мұндай кездесулерді дәстүрлі форматқа көшіру қажеттігін атап өтті.
Министр сөзінде еліміздің Орталық Азия мен Қытай елдері арасындағы академиялық байланысты нығайтуға мүдделі екенін білдіріп, білім интеграциясын тереңдету, академиялық ұтқырлықты кеңейту мен цифрландыру бағытын қолдайтынын жеткізді. Сонымен қатар, ол білім беру сапасын арттыру, бірлескен ғылыми жобаларды жүзеге асыру, кадр даярлауда ортақ тәсілдерді қалыптастыру қажеттігін атап өтті.
Кеңес барысында қатысушылар бірлескен жұмыстың қағидаттарын айқындайтын арнайы Жарғыны қабылдады. Сонымен қатар білім мен ғылым саласындағы өзара ықпалдастыққа ортақ ниетті білдіретін Үрімжі декларациясына қол қойылды.
Ротация тәртібі бойынша келесі кеңесті ұйымдастыру мен төрағалық ету міндеті Қазақстан Республикасына тапсырылды.
Бұл кеңес Орталық Азия мен Қытай арасындағы білім қатынастарын жаңа мазмұнмен толықтырып, аймақтағы маман даярлау, академиялық сапа және технологиялық даму салаларындағы ықпалдастықты тереңдетуге жол ашады. Ұзақмерзімді әріптестікке негізделген диалог алаңы – болашақта ұлттық білім жүйелерінің орнықты дамуына серпін беретін қадам.