Айтыс • 14 Мамыр, 2025

Париж. ЮНЕСКО. Айтыс

450 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Күні кеше ғана жақсы бір жаңалық естідік. Париждегі Білім, ғылым және мәдениет мәселелері жөніндегі Біріккен Ұлттар Ұйымының (ЮНЕСКО) және басқа да халықаралық ұйымдардың жанындағы Қазақстан Республикасының Тұрақты өкілі Асқар Әбдірахманов әлеуметтік желілердің біріндегі парақшасында Франция астанасында қазақ және қырғыз ақындарының қатысуымен айтыс өткелі жатқанын хабарлап, Еуропадағы ағайындарымызды төл өнерімізді тамашалауға шақырыпты. Көңіл қуантар хабарды ести сала Парижге телефон шалдық. Алдағы мәдени оқиғаның мән-маңызы мен сипаты жөнінде сұрап білдік.

Париж. ЮНЕСКО. Айтыс

Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

– Асқар Сауытбекұлы, жа­ғымды жаңалықты естіп жатырмыз. Айтысты Париж төріне шығарғалы жатыр екен­сіз­дер. Құтты болсын! Бұл Фран­ция жерінде алғаш ұйымдас­тырылып жатқан айтыс па?

– Рахмет. Әуелі мына жайдың басын ашып айтып алайын, бұл айтыстың Париж төріне алғаш көтерілуі емес. Франция астанасында 2008 жылы Жүрсін Ерман ағаның бастамашылығымен, Өмірзақ Сәрсенов, Амангелді Ермегияев сияқты ірі меценаттардың қол­дауымен дүбірлі айтыс өткен. Оған атақты әншілеріміз, күй­шілеріміз, термешілеріміз де қа­тысып, өнер көрсеткен. Интер­нетте сол айтыстың есебін «Еге­мен Қазақстанның» бетінде жарқыратып жазған Қорғанбек Аманжолдың мақаласы бар екен. Сізбен сұхбатқа дайындалғанда сол мақаланы бас­тырып та алдым. Міне, оқып та берейін: «Бірден айтайық, наурыздың бірінші жұлдызында өткен ақындар ай­тысы өскен елдің өркенді өнерін, кемел өресін қалтқысыз танытып, ұлттық мәдениетімізге үлкен олжа салды деуіміз керек. Топ­тан суы­рылып озған ең үздік айтыс ақындарымен қатар әншілер, термешілер, күйшілер, қобызшылар Еуропа елдеріндегі қандас­тарымызды атамекен, туған жердегі қара орман қазағының дәстүрлі өнерімен қауыштырып, қуанышқа бөледі. Тарихта тұңғыш рет осындай үлкен деңгейде кең ауқыммен өткен бұл думан халқымыздың фольклорлық музыка концерті ретінде де осында жиналған талғампаз әрі бекзат қауымның көңілінен шығып, ұлттық рухты ұлықтаған шынайы өнер мерекесіне айналды», деп жазылыпты. Бұған қосымша түсіндірме жасап жату артық та болар. Біздің мақсат – сол игі істі жалғастыру, халқымыздың өзіндік ерекшелігін айшықтап көрсететін айтыс сынды ұлы өнерімізді әлемнің мәдени астанасы деп дәріптелетін Парижде тағы да таныта түсу.

Оның үстіне мұны дәл биыл өткізудің себебі де бар. Бұл достық кездесу бауырлас екі халыққа – қазақ пен қырғызға ортақ бірегей өнердің 2015 жылы ЮНЕСКО-ның Адамзаттың материалдық емес мәдени мұрасының репрезентативтік тізіміне енуінің 10 жылдығына орай ұйымдастырылып жатыр.

Орайы келіп тұрғанда Париждегі айтыстың идеясын Қырғыз Республика­сының Франциядағы елшісі, ЮНЕСКО жанындағы Тұрақты өкілі Садық Шер-Нияз ұсынғанын айтып өту парыз. Бұл азамат кезінде Қырғызстанның мәде­ниет және ақпарат министрі, Кине­матографистер одағының төрағасы болған, «Айтыш» қоғамдық қорының негізін қалаған танымал кинорежиссер. Біздің көрермендердің талайы оның «Құрманжан датқа» фильмін қызыға тамашалаған. Бауырлас екі халықты жақындастыруға қосқан үлесі үшін 2021 жылы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен еліміздің ІІ дәрежелі «Достық» орденімен марапатталған. Біз, әрине, бұл игі бастаманы қуана қолдадық.

– Дұрыс екен. Мұндай шаруа оңай­лықпен өткізілмейді ғой. Айтыстың ұйымдастырылуы жөнінде не айтар едіңіз?

– Алдымен бұл айтыстың өзіндік сипатына аздап тоқтала кетейін. Әрине, 2008 жылы өткен айтыстың ауқымы үлкен болған. Мемлекет және қоғам қайраткерлері, Парламент депутаттары, айтыскерлер, өнерпаздар, жанкүйерлер Қазақстаннан Францияға тікелей чартерлік рейспен келген екен.

Биылғы айтысқа қатысушылардың саны шектеулі. Концерт қойып та жатпадық. Қазіргі күннің талабына, бүгінгі өмір сипатымызға осы көлем жарасады деп ойлаймыз. Бұл айтыстың ерекшелігі – бөлекше мәртебесінде. Осы жолы қазақ пен қырғыздың қасиетті өнері саналатын айтыс тұңғыш рет ЮНЕСКО төріне көтеріліп, бұл атақты ұйымның бас пәтеріндегі сахнада өтейін деп тұр.

ЮНЕСКО-дағы тұңғыш айтысты ұйымдастыруға біздің тараптан «Amanat» партиясы, Айтыс ақындары мен жыр­шы-термешілер халықаралық одағы қолдау көрсетті. Сөздің орайын пай­даланып, «Amanat» партиясының төр­­ағасы Ерлан Қошановқа айрықша алғысымызды жеткізгіміз келеді. Айтыс­тың ұйымдастырылуына ерекше қолдау көрсеткен Мәжілістің Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің төрағасы, руханият жанашыры, меценат Нұртай Сабильяновқа арнайы разылығымызды білдіреміз. Сонымен қатар Шымкент қаласының, Қарағанды, Қостанай, Қызылорда, Маңғыстау облыс­тарының әкімдіктері ақындар қосынын қалыптастыруға өздерінің септігін тигізді. Парижге Парламент Мәжілісінің депутаттары – Айтыс ақындары мен жыр­шы-термешілер халықаралық ода­ғының төрағасы Аманжол Әлтай, танымал қаламгер Жанарбек Әшімжан қазылар алқасының мүшелері ретінде келуі де бізді қуантады. Жюри құрамында қырғыз жағынан Жогоргу Кенеш депутаттары Мирлан Самыйқожоның, Шайыр­бек Ташиевтің болатыны бауырлас ел парла­ментінің де бұл халықаралық іс-шараға тиісінше көңіл бөліп отырғанын көрсетеді.

– Айтысқа кімдер қаты­сады? Қашан, қалай өтеді?

– Қазақ айтыскерлерінен Айбек Қа­лиев, Абай Жолмағамбетов, Мейірбек Сұлтанхан, Дидар Қамиев, Бөрібай Оразымбет келгелі отыр. Олармен сөз сайысына қырғыздың суырыпсалма ақындары Амантай Құтманалиев, Азамат Болғонбаев, Ақматбек Сұлтанұлы, Мақсат Құлуев шықпақшы.

Әрине, айтыста ел мен ел емес, ақын мен ақын айтысатыны түсінікті. Ақындар жеребе бойынша айтысады. Ең көп ұпай жинаған екі ақын финалға шығады.

Айтыс осы сенбіде, 17 мамыр күні, ЮНЕСКО бас пәтерінің II залында өтеді. Мекенжайы: 125 avenue de Suffren, 75015 Paris. Бұл мәліметті интернетке де салдық, Франция мен Еуропадағы отандас­тарымыз бен қандастарымызға да интернет арқылы жеткіздік.

Негізгі мақсатымыз – ортақ өнеріміз арқылы тарих, тағдыр табыстырған туыс­тас халықтар екенімізді таныта отырып, айтыстың ғажайып қасиеттерін насихаттау. Елдігімізді көрсету.

– Қысқа да болса толымды әңгіме­ңіз­ге рахмет. Айтыс сәтті өтіп, төл өне­рі­міз әлем төріне көтеріле берсін деп тілей­міз.

 

Әңгімелескен –

Маржан ӘБІШ,

«Egemen Qazaqstan»