Спорт • 14 Мамыр, 2025

Жарыс жолында – велошабандоздар

90 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

«Шымкент–Ташкент» веломарафонына жүздеген спортшы қатысты. Қаланың Әл-Фараби алаңынан жарыс жолын бастаған велошабандоздар Қазақстан–Өзбекстан шекарасындағы «Жібек жолы» кеден бекетінде мәре сызығын кесті. Марафонның арақашықтығы 125 шақырым жолды құрады.

Жарыс жолында – велошабандоздар

Велосипедшілерді жол по­­лициясы бас­тап жүрді. Соны­мен бір­ге жедел жәрдем қыз­меті спортшылардың денсау­лы­ғын бақылап отырды. Велома­рафонның ашылуына арнайы қатысқан «Атамекен» ұлттық кәсіп­керлер палатасының төрал­қа төрағасы, еліміздің велоспорт федерациясының президенті Райымбек Баталов келесі жылдан бастап жарыс халықаралық деңгейде өтетінін мәлімдеді.

«Шымкент–Ташкент веломарафоны мегаполистің жыл сайын өтетін дәстүрлі спорттық іс-шарасына айналды. Жарысты ұйымдастыруға қолдау көрсеткен қала әкімдігіне, велоспорт федерациясына, демеушілерге айтар алғысым шексіз. Веложарыс тек спорт емес, спорттық мәдениет, саламатты өмір салты. Осы спорт түрін өркендетіп, насихаттау ар­қылы халықтың денсаулығын нығайтамыз, жастардың вело- с­портқа қызығушылығын артты­ра­мыз. Бүгінгі жарыстан түс­кен қаражаттың бір бөлігі қайы­рымдылық ретінде балалар үйіне аударылады», деді Р.Баталов.

Қала әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек те бүгінде мемлекет тарапынан спортты дамытуға барынша қолдау көрсетіліп жатқанын атап өтті.

«Соның нәтижесінде халық­аралық деңгейдегі түрлі жарыс­тарда шымкенттік өрендер жүл­делі орындардан көрініп жүр. Олимпия ойындарына қатысатын ұлттық құрама сапында да мегаполис спортшылары жетерлік. Жалпы, Шымкентте әртүрлі дәрежедегі спорттық бәйгелер жүйелі түрде ұйымдастырылып тұрады. Шаһарда көптеген спорттық үйірме ашылған. Онда жүздеген бала сабақтан тыс уақытта спортпен шұғылданып, болашақ чемпион болуға талпынады. Мұның бәрі мегаполистің спорттық әлеуетінің жоғары екенін байқатады», деді С.Құ­ранбек.

Іссапар барысында Р.Бата­лов еліміздің жеңіл атлетика федерациясының вице-президенті Ольга Рыпаковамен бірге қала әкімі Ғабит Сыздық­бековпен кездесіп, мегаполисте велоспорт пен жеңіл атлетика спортын дамыту жөнінде кеңесті. Сондай-ақ әлемдік «Gran Fondo» шосселік велосайысын Шымкент қаласында өткізу мүмкіндігін саралады. Бұл жарысқа шаһардың инфрақұрылымы толық сәйкес келеді. Шымкент – халықаралық сайыстарды ұйымдастыруда тәжірибесі бар қала. Соның бір айғағы – былтыр өткен әлемдік шахмат сайысы. Сол секілді халықаралық марафон мен вело­жарыстарды Шымкентте ұй­ым­дастыруға да толық мүм­кіндік бар.

 

ШЫМКЕНТ