
Құны 26,2 млрд теңге болатын жобаны екі кезеңде жүзеге асыру жоспарланып, былтыр бастамасы ретінде 187 көпқабатты тұрғын үйге ыстық су жеткізу қолға алынды. Бұған Үкімет резервінен 11 млрд теңгеден астам қаржы қаралды. Әуелгіде сол жақ жағалаудағы 5 көпқабатты үй мен «Астана-1» шағын ауданындағы 13 көпқабатты үйге, С.Бейбарыс көшесінің бойындағы 9 және Тасбөгет кентіндегі 5 үйге ыстық су берілді. Сондай-ақ Одежда, Автовокзал, Универсам, Шұғыла, Сырдария шағын ауданы тұрғындарының баспаналарына да ыстық су жетті. Отыз жылдан бері су жылытқыш пайдаланып отырған үйлерге құбыр тартылып, пәтерлерге есептегіш құралдары орнатылды. Наурыз айының басында ыстық суға қол жеткізген көпқабатты үй саны 104-ке жетті.
Мамандар есебінше, су ысытқыш қондырғы арқылы 50 литр суды ысытуға орта есеппен күніне 2 кВт кетеді екен. Сонда бір айда электрлі ысытқышқа шамамен 1 565,6 теңге төлейді. Жылу энергиясы арқылы келетін ыстық судың 1 текше метрі – 172,03 теңге. Жалпы орталықтандырылған ыстық судың тиімділігі 66,2% болып отыр. Оның сыртында, көпқабатты үйлерде электр немесе газбен жылыту құрылғыларын пайдаланудың ақыры төтенше жағдайларға да әкелуі мүмкін.
Ыстық су желісіне сапасы жоғары материалдар, танымал еуропалық өндірушілердің жабдықтары қолданылады. «Бұл ыстық су жүйесінің сенімді, үздіксіз жұмысын қамтамасыз етеді», дейді «Байқоңыр» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы басқарма төрағасының кеңесшісі Мұхитжан Кәрімбаев.
Жалпы, қалада ыстық су жүйесі 1986–1987 жылдары жұмысын тоқтатыпты. Содан бергі уақыт ішінде әркім пәтеріне жылытқыш орнатып, амалдап келді. Бұл мәселені шешу мақсатында біраз жыл бұрын қанатқақты жоба да қолға алынған болатын. Бірақ ондаған жыл пайдаланылмағандықтан әбден тозған инженерлік желілерді жаңартудың жолы табылмай, ол да аяқсыз қалып еді. Сондықтан да Мемлекет басшысының қолдауымен былтырдан басталып, жұрт нәтижесін көре бастаған бұл бастаманы ел ұзақ жыл күткен игілік десек, артық болмас.
Қазір берілген тапсырмалардың орындалуы қатаң бақылауға алынып, жауапты басшыларға мердігер мекемелермен күнделікті байланыста болу міндеттелді. Биыл жоспар бойынша 236 тұрғын үй су жүйесіне қосылуы керек. Бірінші кезекте атқарылатын жұмыстарға жақында облыс бюджетіне Үкімет резервінен 5 млрд теңге бөлінді. Осылайша, Қызылорда қаласындағы 423 көпқабатты тұрғын үйі орталықтандырылған ыстық сумен жабдықтау жүйесіне қосылатын күн жақындап келеді.
ҚЫЗЫЛОРДА